Жаңа Конституция мен сот реформалары Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудағы маңызды кезеңге айналды. Бұл өзгерістер сот тәуелсіздігін нығайтуға, сот төрелігінің қолжетімділігін арттыруға және азаматтар мен инвесторлар үшін құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай бағаны Италия халықаралық зерттеулер институтының (ISIA) бас хатшысы, Қазақстан мен Орталық Азия бойынша сарапшы Доменико Пальмиери берді.

(Сурет:ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінен)
Оның пікірінше, сот жүйесіндегі құрылымдық өзгерістер мен сотқа дейінгі рәсімдерді жетілдіру азаматтар мен халықаралық инвесторлардың тәуелсіз сот органдарына тікелей жүгіну мүмкіндігін кеңейтеді.
Пальмиери бұл өзгерістерді Еуропаның құқықтық дәстүріне жақын қағидаттар аясында қарастырады. Олардың қатарында сот төрелігіне уақтылы қол жеткізу, әкімшілік шешімдер қабылдау кезінде мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің заңмен шектелуі және заңның біркелкі қолданылуы бар. Сарапшының пайымдауынша, құқықтық жүйенің адамды қаншалықты тиімді қорғайтыны және мемлекеттік шешімдердің болжамдылығын қамтамасыз етуі осы қағидаттарға байланысты.
Сонымен қатар сарапшы жаңа институттарды құрумен ғана шектелмей, олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. Реформалардың нәтижесі кадр саясатына, азаматтық қоғамның қатысуына және билік тармақтарының бөліну қағидатын сақтауға байланысты.
«Институционалдық трансформация – бір реттік қадам емес, ұзақ мерзімді үдеріс. Сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрақты күш-жігерді және билік тармақтарының бөліну қағидатына берік ұстанымды талап етеді», – деді Доменико Пальмиери.
Құқықтық өзгерістер Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы үшін де маңызды. Пальмиеридің бағалауынша, тұрақтылық, ашықтық және заң үстемдігі қағидатына адалдық Қазақстанның Италия мен Еуропалық одақ үшін сенімді серіктес ретіндегі мүмкіндіктерін арттырады. Ал тәуелсіз сот жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғауға және ұзақ мерзімді инвестициялық шешімдер қабылдауға қажетті негіз қалыптастырады.
«Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ғана емес, ұзақ мерзімді инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауға, құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге және демократиялық дамудың тұрақтылығына да ықпал етеді», – деп түйіндеді Доменико Пальмиери.
Mezgil.kz