Қазақстандықтар мемлекеттік жәрдемақылардан өз еркімен бас тартуда

Қазақстанда материалдық жағдайы тұрақты азаматтар мемлекеттік жәрдемақылардан өз еркімен бас тарту туралы шешімдерін әлеуметтік желілерде жариялауда.

1791817241356897.jpg

(Сурет: Спикердің жеке мұрағатынан алынды)

Олар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыс білдіріп, әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағытталуы маңызды екенін атап өтуде.

Көпбалалы ана Жанат әлеуметтік желідегі жазбасында мемлекеттен берілетін жәрдемақының отбасы үшін, әсіресе балалары кішкентай кезінде, үлкен көмек болғанын жеткізген. Қазіргі уақытта балалары өсіп, отбасының жағдайы жақсарғанын айтқан ол кейбір төлемдердің тоқтауына қарсылық білдірмейтінін атап өткен. Оның пікірінше, баланы дүниеге әкелудегі басты мақсат жәрдемақы алу емес, ұрпақ жалғастырып, балаларды аман-есен өсіріп, жақсы азамат етіп тәрбиелеу.

Сондай-ақ Лесхан Шаймерженов Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында қазіргі жағдайының жақсы екенін айтып, алып жүрген жекелеген мемлекеттік жәрдемақылардан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Ол осы уақытқа дейін көрсетілген көмек үшін алғыс білдіріп, «Әр нәрсенің өз реті бар. Еліміз аман болсын!» деп жазған.

Аталған азаматтардың жазбалары қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен өзара қолдау мәселесін күн тәртібіне шығаруда. Олардың ұстанымы бойынша, отбасының материалдық жағдайы өз қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, мемлекеттік қолдаудан бас тарту арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға басымдық беруге болады.

Сонымен қатар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтардың мемлекеттік қолдауды пайдалануы заңды екенін атап өткен жөн. Ал төлемдерден өз еркімен бас тарту – әр азаматтың жеке шешімі. Мұндай бастамалар қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын көрсетеді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар