Соңғы жеті жылда Қазақстанның индустриялық келбеті айтарлықтай өзгерді. Елдің әр өңірінде жаңа зауыттар мен өндірістік алаңдар іске қосылып, машина жасау, мұнай-газ химиясы, металлургия, тамақ және химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларда жаңа қуаттар пайда болды. Бұл өзгерістер жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

(Сурет:https://qazaly.kz/)
2019–2026 жылдары Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 8,7 трлн теңгені құрайтын 1 226 өнеркәсіптік жоба іске асырылды. Нәтижесінде 106,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Елде автомобильдер мен автокомпоненттер, полипропилен, автомобиль шиналары, табақ шыны, ферроқорытпалар мен тұрмыстық техника өндірісі жолға қойылды.
Индустриялық инфрақұрылымның жаңаруы әсіресе машина жасау саласында анық байқалады. Соңғы жеті жылда бұл бағытта 187 жаңа жоба жүзеге асырылып, 25 603 тұрақты жұмыс орны ашылды. Өңірлерде күштік трансформаторлар, тракторлар, автобустар, карьерлік және жол-құрылыс техникасын өндіретін жаңа қуаттар іске қосылды. Сонымен бірге автомобиль жасау мен автокомпоненттер өндірісі жеке бағыт ретінде дамып келеді.
Автомобиль өнеркәсібіндегі жаңа өндірістер де елдің индустриялық инфрақұрылымын кеңейтті. 2025 жылы Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында Chery, Changan және Haval автомобильдерін шығару жобасы іске қосылды. Жобаға 182 млрд теңге инвестиция салынып, 3,6 мың жұмыс орны құрылды. Кәсіпорынның қуаты жылына 120 мың автомобиль шығаруға мүмкіндік береді.
Қостанай облысында KIA Qazaqstan зауыты пайдалануға берілді. Жобаға 131,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. Зауыт жылына 70 мың автомобиль шығаруға есептелген. Екі жобаның жиынтық инвестиция көлемі 313,5 млрд теңгені құрайды, ал олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 190 мың автомобильге дейін жетеді.
Жаңа индустриялық нысандардың географиясын кеңейтуде арнайы экономикалық аймақтардың да рөлі артып келеді. Бүгінде Қазақстанда 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, оның төртеуі 2025–2026 жылдары құрылған.
Осы аумақтарда 561 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11,5 трлн теңге инвестиция тартылды. 38 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жалпы құны 15,9 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Оның 1,1 трлн теңгесі экспортқа шығарылған өнімге тиесілі.
Арнайы экономикалық аймақтарда іске асқан жобалар әр өңірдің өндірістік мамандануын күшейтіп отыр. Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында елдегі алғашқы газ-химия кешені іске қосылды. Kazakhstan Petrochemical Industries кәсіпорнының жобалық қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге мүмкіндік береді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорында 366,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Астанадағы «Тау-Кен Алтын» кәсіпорны бағалы металдарды ел ішінде толық өңдеу циклін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Зауыт жылына 25 тонна аффинирленген алтын және 50 тонна күміс өндіруге қауқарлы. Бүгінге дейін мұнда 8,8 трлн теңгеден астам өнім шығарылған.
Түркістан облысында «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақта-тоқыма кешені дамытылып жатыр. 2025 жылғы желтоқсанда өндірістің бірінші кезеңі іске қосылып, 430 жұмыс орны құрылды. Кешен толық қуатына шыққаннан кейін жыл сайын 11,4 мың тонна иірімжіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жиынтығы және 4 млн көрпе шығару жоспарланған. Бұл отандық мақтаны терең өңдеп, дайын өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында жүгеріні терең өңдейтін Shengtai Biotech зауытының алғашқы кезеңі іске қосылды. Бірінші кезектің қуаты жылына 500 мың тонна жүгеріні өңдеуге есептелген. Кәсіпорында крахмал, аминқышқылдары және жемшөп қоспаларын өндіру көзделген. Жобаның барлық кезеңдерін іске асыру шамамен 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптік инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы Қазақстанда жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың аясында шамамен 17,3 мың тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Анықтамаға сәйкес, осы жылдың өзінде 100 өнеркәсіптік жоба іске қосылып, 7 029 жұмыс орны ашылған.
Осылайша, жаңа өндірістік инфрақұрылым Қазақстан өңірлерінің экономикалық келбетін өзгертетін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Жаңа зауыттар мен арнайы экономикалық аймақтар тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, технологияларды енгізуге, ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етуде.
Жеті жыл ішінде іске қосылған 1 226 өнеркәсіптік жоба елдегі индустриялық жаңғырудың ауқымын көрсетеді. Өндірістік қуаттардың әр өңірде пайда болуы Қазақстанның экономикалық картасын біртіндеп өзгертіп, жаңа индустриялық орталықтардың қалыптасуына негіз қалап отыр.
Mezgil.kz