Куәгерлер Боқаев ісіндегі келісімшарттардың жалған сипатын растады

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевтың ісі бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр.

images.jpg

(Сурет: advokatoleshko.ru сайтынан алынды)

Жаңа айғақтар бір ғана автошеруді ұйымдастыру үшін екі түрлі келісімшарт жасау схемасының іс жүзінде қалай жұмыс істегенін айқын көрсетеді.

 

2018 жылы «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-нің корпоративтік даму және активтерді басқару департаментінің директоры қызметін атқарған Талғат Арыстанбаев іс-шараны шын мәнінде «We Can» компаниясы, оның директоры Жұлдыз Артықбаева арқылы ұйымдастырғанын растады. Куәгерді онымен Боқаевтың өзі таныстырған.

 

Арыстанбаевтың айғақтарынан шығатын негізгі қорытынды: ол «We Can» компаниясымен жұмыс істеген, ал екінші «BM Trust» фирмасын мүлде білмейді. Сондай-ақ, куәгер Боқаевтың жиені, «BM Trust» атынан өкілдік еткен Мадияр Қалменовтің автошеруге қатысты жұмыс кеңестеріне қатысқанын есіне түсіре алмады. Бұл айғақтар мемлекеттік айыптаушының нұсқасын толық растайды: барлық нақты жұмысты бір мердігер атқарған, ал екінші компания іске тек формалды түрде тартылған.

 

Кәсіподақтың «BM Trust» шоттарына аударған ақшасының нақты қайда жұмсалғанын тағы бір куәгер – Аида Нарышкина түсіндірді. Ол сотта осы компанияға «Stalex» маркалы қолмен басқарылатын вальцовка станогын 500 мың теңгеге сатқанын растады.

 

Әлбетте, мұндай жабдықты сатып алу автошерудің жобалық-сметалық құжаттамасына еш қатысы жоқ. Бұл жайт прокурордың бұған дейін айтқан ұстанымымен толық сәйкес келеді: тергеу нұсқасы бойынша, «BM Trust» арқылы шығарылған кәсіподақ қаражатын заңдастыру дәл осы станоктар мен Санжар Боқаевтың жеке жиһаз бизнесіне арналған техниканы сатып алу арқылы жүзеге асырылған.


Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар