Бішкекте Тоқаев атындағы мектеп жаңартылуда

Бішкекте Қазақстанның қолдауымен Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияны ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда.

1793267062584416.jpg

(Сурет: el.kz сайтынан алынды)

Бұл білім беру мекемесінің екі ел үшін де айрықша маңызы бар. Бүгінде бұл тарихи ғимаратқа жаңа тыныс берілуде: инфрақұрылымы жаңартылып, білім алуға заманауи жағдайлар жасалып жатыр, сондай-ақ озық технологиялармен жабдықталған кабинеттер ашылуда.

Қазақстаннан жеткізілген жабдықтармен робототехника және химия кабинеттері ашылды. №33 мектеп компьютерлер, 3D-сканерлер және тәжірибелік сабақтарға арналған зертханалық жабдықтар алды.

Оқу бөлмелері Қазақстан тарапы ұсынған заманауи жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілді.

Информатика және жасанды интеллект технологияларына арналған кабинетке 25 компьютер, прототиптер жасауға арналған үш принтер, төрт 3D-сканер және диагоналі 75 дюйм болатын интерактивті монитор берілді. Сонымен қатар мектеп пернетақталар, тінтуірлер, құлаққаптар және қажетті оқу жиһаздарын алды.

Информатика пәнінің мұғалімі Аскат Борукуловтың айтуынша, жаңа компьютерлер қуатты аналық тақшалармен, заманауи бейнекарталармен және көлемі ұлғайтылған жедел жадпен жабдықталған. Мұндай техника оқушыларға 3D-графикамен, модельдеумен және заманауи бағдарламалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Химия кабинетінде тәжірибелік және зерттеу сабақтарын өткізуге қажетті жағдай жасалды. Қазақстан тарапы колбалар, сынауықтар, химиялық реактивтер, оларды сақтауға арналған жабдықтар және тәжірибелер жүргізуге арналған арнайы жиһаздар ұсынды.

Химия пәнінің мұғалімі Альбина Усанова жаңа жабдықтар зерттеу жобаларын көбірек жүргізуге, байқаулар мен олимпиадаларға қатысуға, сондай-ақ химиялық реакцияларды көрнекі түрде зерттеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жабдықтардың бір бөлігі әлі толық ашылып, орналастырылмағанына қарамастан, жаңа кабинеттерде сабақтар басталып кетті. Информатика сабақтарында оқушылар цифрлық дағдыларды меңгеріп, робототехниканың қолданылу жолдарын зерттейді. Ал химия сабақтарында заттардың реакцияларын тәжірибе жүзінде бақылайды.

Мектеп директоры Таалайкүл Ашимова Қазақстанға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.

«Жаңадан жабдықталған кабинеттердің арқасында біз балаларымызға сапалы білім беруге мүмкіндік алдық. Дос мемлекетіміз Қазақстанның қолдау көрсетіп жатқанына шексіз қуаныштымыз. Бірлескен білім беру жобаларымыздың жалғасын асыға күтеміз», – деп атап өтті ол.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар