Олжас Бектенов еліміздің электр энергетикасы саласын дамыту бойынша кеңес өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов электр энергетикасы саласының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Онда «Самұрық-Қазына» қорының жобалары және елдің энергетикалық егемендігін нығайту жөніндегі шаралар қаралды.


45345354354354.jpg

 (Сурет primeminister.kz сайтынан алынды)


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Экономиканың өсуі, жаңа өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру және цифрлық инфрақұрылымды жедел дамыту аясында энергия жүйесіне жүктеме айтарлықтай арта түседі. Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге қол жеткізу міндеті үш бағыттың, атап айтқанда генерация қуаттарын арттыру мен электр желілерін дамыту және тұтыну көлемінің өсуін толық үйлеструді талап етеді», — деп атап өтті Үкімет жетекшісі.

 

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың ағымдағы мәртебесі туралы баяндады. Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағының электр желісін күшейту жобасы Алматы – Жамбыл – Шымкент транзитінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттырады. Оны пайдалануға беру мерзімі 2027 жылдың шілдесіне жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру оңтүстік аймақты электрмен жабдықтау сенімділігін нығайтады, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау үшін қосымша жағдайлар жасайды.

 

Батыс Қазақстанның энергожүйесін Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жөніндегі жоба өңірдің энергияға тәуелсіздігін күшейтуге және өткізу қабілетін 500 МВт-қа дейін ұлғайтуға бағытталған. Оны жүзеге асыру батыс аймақты электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырады, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы электр стансаларының өндіру қуатын еселеп, Ақтөбе энергия торабына түсетін жүктемені жеңілдетеді. Жобаны аяқтау келесі жылдың желтоқсанына жоспарланып отыр. Одан бөлек, батыс аймақты Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобасының екінші кезеңі 2035 жылы жүзеге асырылмақ. Осылайша жоғары вольтты энергия желісін бір-бірімен айналдыра байланыстыру жұмыстары аяқталмақ.

 

Сондай-ақ Алматы облысы мен Жетісу облысының электр желілерін дамыту жоспарлары ұсынылды. Бұл гидроэнергетиканы дамыту және жаңа ЖЭК нысандарын қосуға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.

 

Жоғарыда аталған жобалар Оңтүстік пен Батысты сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету, еліміздің энергетикалық жүйесі тұтастығын нығайту және Қазақстанның энергетикалық дербестігін арттыру сияқты негізгі міндеттерді шешуге бағытталған.

 

Кеңесте «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Аңсар Айдаров Мемлекет басшысының сын-ескертпелеріне орай жұмысты күшейту жоспарлары туралы баяндады. Жұмыстың сапасын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларға, сондай-ақ жаңа генерациялаушы қуаттарды салу және пайдалануға беру мерзімдерін қатаң сақтауға ерекше назар аударылды.

 

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту, Алматы ЖЭО-3-ті реконструкциялау, Көкшетау мен Семей қалаларында жылу электр орталықтарын салу, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту, Қызылорда, Түркістан облыстарында бу-газ қондырғыларын салу, сондай-ақ энергия жинақтау жүйелері бар ЖЭК-ті дамыту және гидрогенерация жобаларын жүзеге асыру барысы баяндалды.

 

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр Ұлттық электр желісін дамыту жұмыстары тұтыну көлемінің артуына сәйкес озық қарқынмен жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, келесі жылдың қыркүйегіне дейін елдің энергетикалық теңгерімін өзектендіру жұмыстарын аяқтауды қамтамасыз ету тапсырылды. Электр энергетикасы саласындағы инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды күшейту бойынша бірқатар тапсырма берілді.

 

KEGOC алаңында Премьер-министр Ұлттық электр желісін күзгі-қысқы кезеңге дайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты және елдің энергетикалық егемендігін одан әрі нығайту мәселесі бойынша кеңес өткізді. KEGOC мәліметтері бойынша, цифрлық технологиялар мен ЖИ енгізу электр энергиясының ағынын оңтайландыру және шығындарды азайту есебінен 5,5 млрд теңге немесе EBITDA-ның шамамен 3% мөлшерінде жыл сайынғы қаржылық әсерді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар электр стансаларын жиілікті және белсенді қуатты автоматты реттеуге қосу жыл сайын шамамен 4 млрд теңгені қосымша үнемдеуді қамтамасыз етеді.

 

Ұлттық диспетчерлік орталықта энергожүйені басқару бойынша жұмыс таныстырылды және саланы басқару тиімділігін арттыру мен желілердегі шығындарды азайту үшін жаңа цифрлық шешімдерді енгізу жоспарлары ұсынылды. Цифрлық технологияларға және жасанды интеллектті енгізуге, сондай-ақ KEGOC базасында диспетчерлік басқару жүйесін жаңартуға назар аударылды. Орталық базасында электр энергиясын өндіру және тұтыну теңгерімі бақыланады, сондай-ақ барлық KEGOC-тың 83 қосалқы стансаларының жабдықтарын басқару жүзеге асырылады. 50 мыңнан астам көрсеткішті жаңарту төтенше жағдайларды жедел жоюға мүмкіндік береді. Мәселен, жыл басынан бері «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік желісінде жүктеменің күрт артуына байланысты шамамен 70-тен астам жағдай тіркелген. Оның 95%-ы тұрғындарды электр энергиясынан ажыратпай-ақ реттелген. AI-KEGOC интеллектуалды платформасы 21 энергия торабы мен жаңартылатын энергия көздерінің 169 нысаны бойынша электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемін бір тәулік бұрын болжайды. Синхрофазорлық өлшеулер негізінде жүйені мониторингілеу мен басқарудың цифрлық жүйелері «Солтүстік – Оңтүстік» негізгі энергия көпірінің өткізу қабілетін 250 МВт-қа арттыруға мүмкіндік берді, Бұл көрсеткіш тұтас бір қаланың электр энергиясын тұтыну көлемімен шамалас. Бұған жаңа нысандар салуға қосымша шығын жұмсамай қол жеткізіліп, электр энергиясының шығындары да азайтылды.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар