Назарбаевтың ең ұлы саясаты не?

Осы сұрақты маған қояр болса, мен ойланбастан шетелдегі қандастарды елге шақыруы дер едім. Әлемде өз қандасын шақырған Германия, Израильден кейінгі үшінші мемлекет Қазақстан екен. ТМД елдерінің ішінде Ресей отандастарын өзіне шақырғанымен, біздегідей жүйелі саясат жасап отырған жоқ. Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдер тіпті бұл туралы жақ ашқан емес...

1498444637_article_b_1500_.jpeg

Мен Назарбаевтың көші-қон туралы саясатын талай жылдан бері бақылап келе жатқан адаммын. Себебі, өзім де шетелден – Қытайдан 2002 жылы Алматы облысына көшіп келдім. Ол жақта ауылдық, аудандық деңгейде әкімшілік қызмет атқарғам. Жұмысымды тастадым да, бала-шағамды ертіп біржола көшіп келдім. Бұл жаққа келген соң қарапайым ғұмыр кештім. Таныстарым әжептәуір қызметіңізді тастап неге ерте келдіңіз дейді. Мен оларға: «Ұрпақ үшін!» деп нық сеніммен жауап беремін. Қазір мен зейнеткер жасындамын. Бала-шағамның үлкені осында келіп университет, магистратура, алды докторантура бітірді. Арты мектепті осы жақтан аяқтады. Олар менің белді бекем буып ерте келгеніме разы. «Біз осы жақтың қоғамымн бітеқайнастық. Сіздің батылдығыңыздың жемісін бір көріп отырмыз» дейді. Қазір он немерем бар. Бәрі осы жерде дүние есігін ашты.

Мен батылдық, ерлік жасадым дей алмаймын. Ең бастысы, Тәуелсіз Қазақстанның болашағына сендім. Тәуелсіздік ала салып шетелдегі қандастарын іздеген ел басшысының халықты жарқын болашаққа жетелейтінін білдім. Маған Президент Назарбаевтың алыстағы ағайындарға қарата: «Отандарыңа қайтыңдар. Біз құшақ жая қарсы аламыз» деген бір ауыз сөзі қанат бітірді. Біз Қазақстанға көшкенде ол жақта не бар деп қарсы болған бауыр-туыс, құда-жұраттың көбі қазір елге кеп алды. Бізді қара тартып келгендері анық.

27 жыл ішінде отанымызға алыс-жақын шетелден 1 миллионнан артық қандас уық қадапты. Олардың өсімін есептесеңіз, тағы бірер жүз мың қазақ қосылар еді. Бұл үлкен күш, ең өнімді инвестиция дер едім. Елбасы Назарбаев болмағанда, онда сырттағы қазақ көші бұлай жалғаспас еді. Қытайдағы қазақтар қысымға ұшырап жатқан бүгінгі күнге қарап отырып, біз – шетелдегі қазақтар Назарбаев идеясын толық түсіне алмадық-ау деген ой туады. Қаншама бауыр-туысқа елге келіңдер деп сауын айттық. Жайбасарлықтың кесірі тиіп жатыр.

Қытайдағы қазақтарды елге әкелу, оларға жасалған қысымды тоқтату ісінде біз тек Президент Назарбавқа арқа сүйеуіміз керек. Қазір орынсыз айғай, ұрда жық ұран көбейіп кетті. Халықаралық саясатта айғаймен шешілген ештеңе жоқ. Назарбаев Қытайға әр барған сайын экономикалық байланысты нығайту жолында қыруар келісімге келеді. Биыл жазда барғанда да солай жасады. Бірақ мен Қытай Төрағасымен жеке кездесуінде Қытайдағы қазақтар мәселесін талқылағанына сенімдімін. Қытайдан осыған дейін елге келген 150 мың қазақ екен. Бұл аз сан емес. Осы көш Назарбаевтың әр жылдары Қытай басшыларымен кездесулерінде ымырасыз түсінісулері арқылы жүзеге асқаны шындық. Бұл түйткілді, ауыр мәселе көп өтпей шешіледі. Президент тек Қазақстан халқын ғана емс, барша шетелдегі қандастарын да ұмыт қалдырмақ емес.

Біз өссек, санымыз көбейсе, күшіміз нығайса – мәңгілік ел болып қалмақпыз. Назарбаевтың көші-қон саясаты осы мақсатты көздеген.

Мүбарак Қасым, 

зейнеткер.  




Ұқсас тақырыптар