Ішкі көші-қонды қалай реттейміз?

2015 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулермен алғаш рет азаматтардың қоныс аударуын реттеудің толыққанды жүйесі бекітілген. Халықтың еңбек күші аз өңірлерден еңбек нарығының даму әлеуеті жоғары өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуын экономикалық ынталандыру арқылы халықтың қоныстануындағы диспропорцияны түзету саясатына бастама жасалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында белгіленген.  

 pxW0OXyN.jpg

Ішкі көші-қонның жобасы

Тұжырымдамаға зер салсақ, 2016 жылы қабылданған тқжырымдама мынадай статистикалық мәліметтерді ұсынады. Ішкі көші-қонның кешенді жүйесінің жұмыс істеуі нәжижесінде республикада соңғы 5 жылда (2011-2016) ішкі көшіп-қонушылардың саны 337,8 мың адамнан (2012) 2016 жылы 610,7 мың адамға дейін артқаны, оның ішінде, өңіраралық көші-қонда (бір өңірден басқа өңірге) – 294,0 мың адам; өңірлік көші-қонда (бір өңір ішінде) – 316,7 мың адам қатысқаны айтылады. Осы цифрлардан аңғаратынымыз, елімізде ішкі көші-қонның тоқтаусыз жүріп жатқандығы.

Ішкі көші-қон ағынының негізгі орталығы – Алматы, Астана қалалары мен ШҚО, Түркістан, Қарағанды облыстарына тиесілі. Осы тұжырымдамада солтүстік өңірлеердің халық саны оңтүстіктен әлдеқайда аз екені нақтыланған.

Айталық, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында 6,5 миллион адам бар болса, ал солтүстіктегі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола облыстарында 2,9 миллион адам бар. Бұл үрдіс тағы да жалғасатын болса, 2050 жылға қарай солтүстіктегі осы төрт облыста бар болғаны 900 мың адам ұалуы мүмкін. Керісінше оңтүстіктегі төрт облыста халық саны 5,2 миллионға артады.  Бұл солтүстік өңірлері адамсыз бос қалу қаупі барын аңғартады.  Мұнан сырт, солтүстікте егде жастағы азаматтардың үлес-салмағы көп (қартаю индексі мөлшермен 49,1), оңтүстік тұрғындарында жас адамдардың үлесі мол.

Осы жерде жоғарыдағы статистика ішінде 2050 жылдары солтүстік халқы 900 мыңға дейін азаюы ықтимал екендігіне ерекше назар аударған дұрыс.

Мемлекет бұл олқылықтың орнын толтырудың бірнеше жоспарын қарастырып отыр.

Оңтүстің халқын солтүстікке көшіру бағдарламасы; «Серпін – 2050» бағдарламасы және шетелден келетін этникалық қазақтарды солтүстікке орналастыру жоспары.

Бұл үш жоспарлы істің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Шетелдік тәжірибе

АҚШ-та көшетін жұмыскер (ңбек күші) мен жұмыс берушіні салықтық стимулдар арқылы ынталандырады. Яғни, көшетін еңбек күшінің жол шығынын, тұрмыстық қаражатын, көшу барысындағы нақты ақпараттарды растай отырып, оларға салықтың түрлі жеңілдіктерін береді. Тиісінше, жұмыс беруші тараптың қоныс аударушылар есебінен жылына салықтың іртүрлң деңгейі бойынша жеңілдіктер ұсынылады. Бұдан жұмысұа тұраушы мен оны қабылдаушы да өзара үйлесімді шарт-жағдайға қол жеткізеді.  Аустралияда 2015 жылы «JOBACTIVE» бағдарламасы жаңартылды, оның мақсаты – ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейін бұрынғы тұрғылықты жерінен кемінде 90 минуттық жерде орналасқан өзге өңірге қоныс аударып жатқандарға қаржылай көмек көрсету арқылы төмендету. Адам ауылдық жерге қоныс аударған жағдайда бір жолы $6,000 (алдында $4,500) алады, егер астанаға көшетін болса, небәрі $3,000 алады, бұл ретте қатысушы кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда қосымша $3,000 (бұның алдында $2,000) ала алады. Қаражатты жалдау, коммуналдық және көлік қызметтері үшін төлеуге жұмсауға болады.

Осы жерде біздің солтүстік өңірлерге көшкісі келетін отбасыларға бөлген қаражатымыз мардымсыз екені еске түседі. Отбасының әр мүшесіне берілетін бір жолғы жол және көшу қаражаты 80 мың теңге. Мұны Аустралиямен салыстырсаңыз, тым мардымсыз ақша. Бізге осы бағдарламаны қайта қарау маңыздылығы туып отыр. 2018-2022 жылдары аралығында 59 мың отбасыны солтүстікке көшіру жоспары бар болғанымен, дәл бүгінгі жобамен оны жүзеге асыру мүмкін емес.  

Канада болса салықтың түрлі түрінене қоныс аударушыны арылтып, жұмыс күші қажет әрі адам саны аз аймақтарға өз тұрғындарын шақырудың жолын тапқан. Канадада ел өңірлерінен білімдарлардың кетуін болдырмау бойынша бағдарламалар бар. Мысалы, Саскачеван провинциясында оқуды енді бітірген түлектерге өңір аумағында жеті жыл бойы тұру және жұмыс істеу шартымен $20,000 ұсынылады. Бұл біздегі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын еске түсіреді. Сол секілді Тайвань, Оңтүстік Коря, Малайзия, Германия, Ресей елдері де ішкі көші-қоны шешу жолында әртүрлі бағдарлама жасаған. Олар қоныс аударышулардың баспаналы болуы, жұмысқа тұруы, салықтан босауы, балаларының білім алуына тиімді жағдай жасау, шетелде тұратын білімді мамандардың отанына оралуын қамтамасыз ету үшін арнайы оқу курстарын, келісімшарт аясында еңбек ету жоспарларын ұсынып келеді.

«Батысты ашу» қандай жоба?

Қарап отырсақ, біздің Үкіметтік тұжырымдаманың шетелдік тәжірибені ойдағыдай зерттегені байқалады. Бізде де шетелден этникалық қазақтардың жастарын шақыру, тегін оқыту, оларға грант бөлу ісі жолға қойылған.

Бірақ Үкімет Қытайдың тәжірибесін толық зерттемеген секілді. Оларда соңғы 30 жыл бойы «Батыс өлкені ашу» мемлекеттік бағдарламасы («Тың игеру» ұранын еске түсіреді) бар. Бұл бағдарлама адам тығыз орналасқан ішкі Қытайдың еңбек мигранттарын Шыңжаңға тартуды, оларды орналастыруды көздейді. 30 жыл ішінде кемі 20 миллионнан артық азаматтар легі Шыңжаңға келген. «Шыңжаңды гүлдендіру» ұраны аясында оларға өсімсіз несие, тегін үй, егіндік жер беріп, аймақтың ауыл-аудандарына орналастырып келеді.

Шыңжаң экономикалық тұрғыдан ішкі Қытаймен салыстырған артта қалған. Мұндағы инфрақұрылым соңғы 10 шақты жылдың ішінде адам нанғысыз өзгерді. Мұның бәрін Қытай үкіметі «еңбек күшін» желеу ете отырып, Қытайдың байларын Шыңжаңға инвестиция құюға үгіттеу арқылы жүзеге асырды. Қытай байлары Шыңжаң экономикасына қаржы құяр болса, оларды субсидиялар арқылы жебеп, салықтан босатып, тау-кен, түсті металл, шикізатқа бай өлкенің толайым иігілігін көруге барынша мүмкіндік туғызды. Шыңжаң – қазір Қытай байларының қаржылық табыс табатын көзіне айналып отыр.

Сондай-ақ, бұл өлкеде мыңдаған зауыттар ашылып, құрылыс қарқынды дамып, инфрақұрылым жаңаруда. Мұның бәрін Қытайдың алып компаниялары мен мемлекет бірлесіп іске асырып отыр.

Қытай ішкі Қытайдағы дамыған өлкелерге Шыңжаңның бір-бір ауданын «меншікке» берген. Олар сол ауданға инвестиция құяды, ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға, зауыт-фабрикалар салуға, білікті мамандар даярлауға, мал және егін түрлерін сапаландыруға қаражат бөледі. Өлкенің бизнесмендерін аудандардан әртүрлі сала бойынша қосымша сауда нүктелерін ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға күш салады. Бұл жоспарды біз үшін де пайдалануға болады. Әдетте, еліміздегі әр аймақ басшылары өзара ықпалдастықты, әріптестікті нығайту мақсатында ортақ меморандумға қол қоятыны бар. Оңтүстік аймақ әкімдіктері солтүстіктің шекараға жақын, халқы 12-15 мыңнан аспайтын аудандарын дамытуға Қытайдағыдай жоба жасап іске кіріссе, бұл қадамның әлдеқайда тиімді болары сөзсіз.

Біз не істейміз?

Ішкі көші-қон тұжырымдамасын әлі де жетілдіру керек. Жоғарыда сөз болға тұжырымдама да әлемдік тәжірибені ескере отырып, мынадай тетіктерді жетілдіруге болатыны ашып жазылған.

1) демографиялық қажеттілік пен еңбек нарығындағы сұранысқа, әлемдік озық тәжірибеге сәйкес көші-қон саясатын жетілдіру;

2) теңгерімді көші-қон саясатын квоталаудың шектеулі тетіктерімен және жоғары білікті жұмыс күшін тартудың селективті әдістерімен үйлесімділікке әзірлеу;

3) еңбек нарығының қажеттілігін, оның ішінде төмен және жоғары білікті кадрларға қажеттілігін мониторингілеу мен бағалау жүйесін құру және елге қажет мамандықтардың тізбесін дайындау;

4) жұмыс күшін қоныстандыру және жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге, ауыл – ірі қала және агломерация бағыттары бойынша қайта бөлудің икемді саясатын әзірлеу;

5) еңбек ресурстарының ерікті түрде қоныс аударуына қатысушы жұмыс берушілерді ынталандыру;

6) белгіленген қоныстандыру өңірлеріне білікті жұмыс күшінің белсенді түрде қоныс аударуы үшін преференциялар тізбесін қалыптастыру;

7) жоғары білікті кадрларды ұстап қалу үшін тұрақты тұруға ыхтиярхат және азаматтық алуды қоса алғанда, арналарды кеңейту;

8) білікті кадрлардың кетуін болдырмау бойынша шаралар әзірлеу;

9) шет елде тұратын этникалық репатрианттардың тұрақты тұруға қоныс аударуына жәрдемдесу.

Бізге осы бағыттардың әрбіріне нақты жоспар құру маңызды екені анық. Біз солтүстікке көшті бағыттау үшін мемлекеттік жоспардан бөлек, халықтық жоспарды қолға алуымыз керек. Еліміздегі ірі компанияларды солтүстікке тартып, олардың капиталының еселенуіне түрлі жеңілдіктер қарастырып, еңбек күшінің еркін қозғалысын жасар болсақ, ішкі көші-қоннан тууы мүмкін болашақтық қиыншылықтарына ерте құтыламыз. 2050 жылы солтүстік облыстарда 1 миллион емес, кемі 5 миллион халық болса ғана еліміздің келешегі кемел болмақ.

Түйін: Ішкі көші-қон елдің ұзақ болашақта дамуының негізгі тетігі. Сондықтан әлемдік тәжірибені ескере отырып, жоғарыдағы 9 бағыт бойынша жүйелі жұмыс атқару Үкіметтің ғана емес, барша ел азаматтарының әрі тиісті облыс, аудан басшыларының міндеті.

Н.ӘЛИАСҚАР


 



Ұқсас тақырыптар