Шұғыла Дуанаева: Біз психологиялық адаптация кезеңінен өттік

b959c314-0208-45f1-8baa-abe5dde68173.jpg

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, психолог-эксперт Шұғыла Дуанаевамен коронавирус жағдайындағы адам психологиясы туралы сұхбаттастық.

– Коронавирус жағдайында адамдар жауапкершілікті сезінуде ме?

– Коронавирус жағдайында қоғамда үлкен психологиялық мазасыздық белең алды. Оған қосымша проблемма - қоғамның жарты бөлігі белгілі бір жауапкершілікті алғысы келмейтін тенденция жүріп жатыр. Жалпы бұл вирусқа қатысты ғана емес, бұл жағдайға дейін де адамдар бір-біріне қарым-қатынаста жауапкершілікті ала алмайтындығының көрінісі дер едім.

– Төтенше жағдай кезінде Нұр-Мүбарак университетінде қандай іс-шаралар жасалуда?

– Біздің университет төтенше жағдайда мемлекеттің қойған талаптарына сай іс-шараларды жасап жатқаны белгілі. Атап айтсақ, Нұр-Мүбарак университетінің қызметкерлері мен оқытушылар құрамы дәл қазір студенттермен онлайн қашықтықтан оқыту режимінде. Студенттермен  кері байланыс орнатуда. Бірінші апта баршамыз үшін бейімделу кезеңі болды. Одан кейін толығымен жағымды, сенімді қарым-қатынас орната алдық деп айта аламын. Онлайн формат яғни қашықтықтан оқыту студенттер мен оқытушылар үшін де жаңа тәжірибе болды. Үнемі тікелей танымдық қарым-қатынаста білім алған студенттер үшін алғашқы күндері адаптация яғни бейімділік стадиясы болды, ол заңды құбылыс. Бұрынғы үйреншікті форматтан шығып, жаңа процессті игеруде адам психикасында психологиялық қарсыласу (сопротивление) болады. «Мен бұлай ақпаратты қабылдай алмаймын», «Бұл мүмкін емес», «Ақпаратты жеткізу қиын» - деген тәрізді тұжырымдарды алға тартады. Бірақ, бұл өтпелі аралық кезең, одан кейін болған ситуацияға адам психикасы барынша бейімделе бастайды. Дәл осылайша біздердің де «онлайн» жұмыстарымызда бірнеше кезеңдер орын алды. Бүгінгі күні біздің студенттеріміз бұл әдіс туралы жақсы пікірлерін айтты. Яғни, жоғарыда айтылған стадиялардың барлығынан өтіп, психологиялық стабильді күйде. Оны әр бір оқытушы өз онлайн сабақтарында кері байланыс арқылы біліп отырды.  

Қазіргі таңда ақпарат толығымен оқу бағдарламасына сай берілуде.  Әрбір студентпен кері байланыс жасаудамыз. Оған қосымша, студенттерге сабақтан тыс, психологиялық қолдау және жауапкершілікті сезінуге қатысты ақпараттар да беріліп жатыр.

Әлемнің үлкен университеттерінде де, үлкен оқу курстарында да қашықтықтан оқыту бұрыннан келе жатқан тәжірибе. Бұл тәжірибе де бізге де келді. Студенттеріміз ақпаратты толық алып отыр. Яғни біз психологиялық адаптация кезеңінен өтіп, толығымен бұл форматқа үйрендік.

– Адамдардың эмоциялық массалық зақымдануы туралы не айтар едіңіз?

a6b91dc7-ea0e-49e0-924e-6c96600017ff.jpg

– Дәл қазіргі қоғамдағы қиын жағдай көпшіліктің психикасына, психологиялық саулығына әсер етіп жатыр. Шын мәнісінде бізде эмоциялық массалық зақымдану жағдайы болып отыр. Сіз 100%  сабырлымын десеңіз де, сіздің жаныңыздағы 15-20 адам қорқыныш пен үрейге берілген сәтте, бейсаналық тұрғыда бұл эмоцияның етегіне ілесіп кетесіз. Осы тұрғыда біздің психологиялық тұрақтылығымыз дәл қазір оңай болып тұрған жоқ. Сондықтан да бір-бірімізге қолдау көрсетіп, сүйіспеншілігімізді білдіріп, психологиялық жағынан негативті ақпараттарды емес, позитивті ақпараттарды көбірек оқыған дұрыс.

Маман ретінде айтар едім, болып жатқан жағдай біздер үшін үлкен бір сынақ ретінде келді.  Яғни, біздің психологиялық тұрақтылығымызды тексеретін бір сәт болғандықтан, жақындар бір-біріне үлкен қолдау көрсетсе деймін. Жауапкершілікті бір адам емес, барша қоғам, отбасы болып, сезінсек екен деген ұсынысым бар.

– Әлеуметтік желілердегі негативті ақпараттар адам санасына қаншалықты әсер ету де?

– Әлеуметтік желілердегі күн артып көбейіп жатқан негативті ақпараттар адамның жүйке жүйесіне, психологиялық саулығына әлбетте әсер етеді. Адамның нейродинамикалық жүйесі, миының белсенділігі стресс жағдайында толық қанды дұрыс жұмыс істей алмайды. Яғни, біз стресс болған кезде иммунитетімізді жоғалта бастаймыз. Өйткені, біздің ағзамызда кортизол гормоны жоғарылайды. Кортизол гормоны  – стресс гормоны деп айтылады. Қоғамызда вирустан бұрын  жан-жақтан тарап жатқан негативті ақпаратардың көптігі бізді стреске ұшыратып жатыр. Кортизол гормоны біздің иммунитетімізді төмендетіп, психикалық процестердің жұмыс жасауын тежейді, яғни, баяулатады.  Осыған сәйкес, әр біріміздің ішкі психологиялық күйіміз стреске қатысты өте қауіпті жағдайда тұр. Сондықтан да  көп жағдайда мұндай ақпараттарды оқып-бөліспей, керсінше халықты жұмылдыратын, бұл жағдайдың өтпелі кезең екенін, біз үшін мұның бәрі жаңа тәжірбие, жаңа жауапкершілік екеніндігі көбірек айтылса деген ұсынысым бар. Мен де студенттеріммен осы бағытта жұмыс жасаудамын. Қазіргі уақытта  бір-бірімізге зиянымызды емес, психологиялық қолдауымызды, пайдамызды тигізу керекпіз.

– Карантинде уақытты тиімді пайдалану туралы айтсаңыз?

– Уақытты дұрыс пайдалану, ұйымдастыру, тайм менеджмент деген ұғымдар бар екенін бәріміз білеміз. Осы білімдерді іс жүзінде қолданатын ең тиімді сәт осы кез болар...  Психологияда  өзіндік дисциплина деген түсінік  бар. Бұл біздің қоғамдағы ересек адамдарға жетпейтін негізгі қасиеттердің бірі еді. Біздер уақытымызды тиімді өткізе алмаймыз. Осы уақытқа дейін бізде сабақ кестесі, жұмыс уақыты болды. Яғни бізге қойылған уақыт, шектеулер, талаптармен өмір сүрдік. Ал енді осы жауапкершілікті өзімізге алып, өзіміздің өмірімізді, уақытымызды, бір күнімізді тәртіпке келтіру әр бірімізге жүктелді. Осы жауапкершілікті өз деңгейінде атқару үшін әр адам өзіне күн тәртібін құру керек болады. Біз үшін  өте маңызды дағды. Себебі, бос кеңістікті толтыру біздің нейропсихологиялық қажеттілігіміз. Яғни, адам өзі үшін маңызды, қызықты процесспен айналысып жүруі керек. Олай болмаған жағдайда адам психикасында депрессия, апатия басталып кету қаупі бар. Себебі, біз бүгінгі күнге дейін белгілі бір нәрсемен айналысып, бос уақытымыз болмады. Өзіміз бен өзіміз оңаша қалған сәтте іштей бос вакуум пайда болып, адам өмірі мәнсіз өтіп жатқандай сезіледі. Одан алдын алу үшін күніңізді жоспарлаңыз. Бұл уақытты бізге берілген мүмкіндік деп түсінуіміз керек. Өмірімізді рухани, материалдық өмір және өзіндік дамыту, физикалық сфера деп бөліп сол бағытта жұмыс жасау керекпіз. Өз-өзімізді, уақытымызды тәртіпке келтіретін уақыт дәл осы сәт. Сіздің  қызығушылығыңызды арттыратын және мотивация беретін ақпараттарды көбірек алып, барлық жағымсыз нәрселерден өзіңізді дистанцияда ұстаңыз.

Сұхбаттасқан: Ақтолқын ТАЖИКОВА

Mezgil.kz

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар