Қ. Ибрайымжанов. "Көкбөрі"

 3.jpg


ҚАЗАҚ   ТАРИХЫНДАҒЫ – ҚАСИЕТТІ  КӨКБӨРІ

Әдетте, әлемдегі халықтар мен ұлыстар, мемлекеттер өздерінің өткеніне көз жүгіртіп ата тарихын бағамдауда, мәдени өркендеуін келешек ұрпағы үшін зерделеп, зерттегенде – негізінен діни және рухани үрдістерге иек артады. Ал, осынау алып қоғамның қожасы Адам ата ұрпағының осы саладағы ең  дара қасиеттерінің бірі – сенім! Сенім арқылы кейбір отбасылық,  мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар мықты рухани құндылықтармен қамтылып,   ақыл  иесі адамның дүниетаным көкжиегін арттырумен  қатар, сеніммен қоса танымдық қасиеттерінің  де  дамуына    ықпал етіп  отырған. 

Мәселен, адам  ой – санасының  және мәдениетінің  өркендеуінің дәуірлер бойғы өсуі барысында, дүниедегі барша халықтар басынан өткерген – қауымдық, рулық, тайпалық,  әлемдік, т. б. аталмыш діни және рухани дамудың сатылары көптеп саналады. Бүгінгі  біздің  тоқталып  отырған  тақырыбымыздың  негізгі  өзегі  солардың бірі, дәлірек айтсақ адамзат санасында бірқұдайылық (монотеистік) дін қалыптасқанға дейінгі кезеңде болған, дәстүрлі сенімнің бірі – тотемизм. Яғни,  бұл дегеніңіз жер  шарын  мекен  еткен  сан алуан халықтар мен ұлттардың өздерінің  шығу тегін белгілі бір жануар немесе өсімдіктермен байланыстырғаны жайлы алғашқы қауымдық түсінік. Бұл сөз Солтүстік  Америка үндістерінің  тілінен аударғанда – «ототеман» - (оның туысы, тегі) деген ұғымды білдіреді. Сондай – ақ, тотемизмде – сол бір қасиетті  аң болмаса өсімдік өзі киесі саналатын рудың, тайпаның географиялық  орналасуына, шаруашылығы  мен тұрмыс – тіршілігіне тікелей қатысты болған. Және де сол ортада уақыт талабына  сай  «тотем» туралы аңыз – әпсәнәлар шығарылып, оның ерекшелігі мен құдіреттілігі  дәріптелумен  қатар, ұдайы ұрпақтан – ұрпаққа  таратылып,  әспеттелген. Тотемизм – жеке  тұлғаның      қай  руға, тайпаға жататынын, олардың   өзара  құрған  одақтарын  ажырата  білуде  және  некелік  қатынастарды реттеуде    т. б. әлеуметтік функциялармен қатар, аумақтық   шекара мәселесінде, жерлерді бөлу мен шаруашылықты жүргізу сияқты экономикалық та  қызметтерді  атқаруда үлкен рөл атқарған. Заман ағымына бейімделіп       уақыт  сынынан өткен әр халықтардың өзіндік ерекшеліктері  мен таным – түсініктеріне  сәйкес өз  тотемдері бейнеленіп  күнделікті  өмір  мен  ой – санасында  мықтап   қалыптасты. Мысалға  алсақ: гректерде –кентавр, ежелгі Мысырда – адам  ж\е  жартылай  хайуан, славяндарда –аю, т. б. Ал, Түркі  халықтарында  оның ішінде біздердің, яғни,  қазақтардың Ата  тарихындағы тотемі – Көкбөрі болған. Көкбөрі – қайсар,  күшке бағынбайтын  өр мінезді, байтақ  даланың   түз  тағысы -  бірақ  ақылдылығы  мен  мейрімділігі  бар,  өте   сақ   қимылдайтын   азулы  жыртқыш  екендігі  бәрімізге  мәлім.  Көкбөрімен байланыстырылған этникалық  атаулар, бейне – белгілер мен  аңыздар , жырлар, генеалогиялық әпсаналар өте көп. Мәселен,   біздің   шығу тегіміз  жайлы  мына  бір аңыз – шежіреде : «... жауларының қырғынына ұшыраған бір түркі тайпасынан жалғыз тірі қалған, өзі өлімші жаралы, кескіленген он жасар балаға Көк Тәңірі, бөлтіріктері өлген Көкбөріні жолықтырады. Көкбөрі баланың жарасын тілімен емдеп жазып, асырап, ержеткізеді. Ол кейін Көкбөрі атанып, елін  бір  шаңырақ  астына  жинап,  өзі қаған болады. Қағанның  туында  Бөрінің  алтыннан  жасалған  басы бейнеленген екен,  бұл байрақ бүкіл әскердің, мемлекеттің қасиетті рәмізі саналған.  Онда әскердің киесі, күші бар деп түсінгендіктен,  ұрыс даласындағы соғыс  қимылдары  байрақтың көтеріліп немесе  түсірілуімен  байланысты болған, оның үнемі желбіреп  тұруы  күллі әскерді  ерлікке,  жеңіске  жігерлендіріп  отырған. Және  бұл рәміз арқылы  Түркілер  өздерінің ата – тегінің  «қасқырдан» таралғандығын әйгілеп  және  оны  мәңгі  есте сақтау үшін  де  осындай дәстүрге  айналдырғаны  айтылған. Міне, сонау көне  тарих қойнауынан  ұрпақтарына    шындық бейнесінде  жеткен, қасиетті  Көкбөрі сол уақыттағы  замана  көшіне  үлкен   бетбұрыс  әкелген ұлттық  тұтастық пен жаңарудың,  қайта  түлеудің    аса  күшті жаршысы,  дауылпазы  болған  еді. Себебі,  тарихтың  осы кезеңінен  бастап «Түркі» халқы  жайындағы  мәліметтер мен  деректер қағаз бетіне  түсе  бастаған   екен. Оған    ежелгі  Үйсін аңызы мен  Қытай  жылнамалары дәлел. Одан таралған әулет    Ашина  деп  аталған. «Ашын» - қасқыр, бөрі – деген мағына берсе, «А» әрпі – қытайша «құрметтеу, ұлықтау» белгісін білдіретін  таңба.

4.jpg

Демек, VІ ғасырдағы Ұлы Далада Түрік қағанатын құрған «Ашина әулеті» жайлы осынау аңыз көрші қытай жылнамалары арқылы, көптеген ғасырларды артқа тастап, ХХІ ғасырдағы  сол  Көктүріктің  бір  ұрпағы бізге  де жетіп    отыр.    Иә, тарих толқынының  жалына  жармасып, көшіне ілескен бұл игі дәстүр, қазақтың Ата тарихының бір парасы болған  – дүниені тітіретіп Еуразиядағы мемлекеттер шежіресінде өзінің      өшпес таңбасын қалдырған, түркі тілін халықаралық деңгейге көтерген «Қыпшақ дәуірінде» де өзінің жалғасын тауып кең етек жайғаны ғылыми зерттеулер арқылы  анықталып  отыр. Оған  дәлел,  ХІ – ХІІІ ғасырдың   бас  кезеңінде  өмір сүріп, шығыста  Алтай  мен Ертістен басталып, батысында Днестрге дейінгі  аймақты, оңтүстіктігінде Сырдың орта және төменгі ағысы  мен  бірге, Арал  және Каспий өңірі кірген  ұлан – байтақ өлкенің иесі Қыпшақ тайпаларының  ең беделдісі бөрілер (елбөрілер) болып, Қыпшақ  хандарының  тек  қана  осы тайпадан сайланып отырғандығы. Бұл кезеңде «қыпшақ» сөзі – «түркі» сөзінің баламасы ретінде қолданылды. Қыпшақтардың  да діни  сеніміндегі тотемі  киелі «қасқыр» болғандығына  мына     бір дәйекті келтіре   кетсек ;  Ол, «Қыпшақтардың  Бөрі  иесі құтты болсын!» - деген, сынтастағы түркі  жазуын 1982 жылы Монғолиядағы  қазақ  ғалымы Қ. Сартқожаұлы  мен  С.Г. Кляшторныйдың   МХР – ның  Далан ұла тауының шығысынан тапқандығын   қуана  айтуға  болады.  Яғни, қыпшақ тарихы – бұл түркі  тарихы деген сөз. Ал, батыстағы Дунай бойына жайғасқан қыпшақтарды венгрлер «кундар»  немесе  «командар» деп атаса, Дон (Дөң) мен Кубань (Қобан) даласын мекендеген  қыпшақтарды славяндар «половецтер» деп  атаған. Олар Русь       пен  Византияның  ішкі – сыртқы саясатында адал  одақтас ретінде үлкен рөл атқарған. Бірақ, өкінішке орай бір ғана Русь князьі В. Мономахтың өзі – батыл, екіжүзділікке қаны қас, еркіндікке, тектілікке құмар Қыпшақтармен 19 рет бітімдесіп, 19 рет аярлықпен сатқындық жасаған, оның соңы әлбетте қанды қырғындарға  ұласқандығы  даусыз. Кезекті осындай бітімнен кейін мадиярларға (венгр корольі Қаламанға) қарсы соғысқан  қыпшақ – орыс одағының Сан өзені бойындағы шайқас алдындағы мына бір көрініске тоқтала кетсек, бұл сәт Қазақтың қыпшақ кезеңіндегі киелі  Көкбөріге деген сенімін бейнелейді: 

« ...шайқас басталардан бір күн бұрын Көк Тәңіріге, рухқа табынушы  қыпшақтың  Бунақ ханы әскерінен бөлініп айдалаға барып Бөрі болып ұлиды, сол мезетте оған қасқырлар да ұлып жауап береді. Іле – шала бүкіл Бөрілер ұлиды. Бунақ хан  қосынына қайтіп келіп – «Ертеңгі шайқаста біз жеңеміз!» - деді. Айтқаны дәл келіп, олар венгрлерді тас – талқан етіп жеңеді. (Алтын Орданың тарихына қатысты деректер жинағы. 1 –т, 279бет.)  Сол  мезетте,  Қыпшақтың  жаужүрек  Бунақ  ханының қасиетті  Көкбөріге;

Бөрі бөрі – Бөрі ием, 

Бөрілі – менің төр ием.

Бөрі емген, Бөрі атам,

Бөлтірігіңді көр, ием.

Ұмай Ана, жебей көр,

Жас Бөріні демей көр! – деп, сиынып аруақ шақыруы, Көк  Тәңіріге, ата – баба дәстүріне беріктігінің, оның  өн  бойындағы  тектіліктің  айнымас  белгісі еді. Одан  бергі  тарихта  Парсы  басқыншылығынан қорғап,  бүкіл  Түркінің  басын  біріктіріп  алып  империя  құрған  әлемге  аты  мәшһүр  Шыңғыс  қаған  да  исі  Түркінің  Қият  тайпасының,  Бөржеген  руынан.  Бөржеген – «Бөрі  жеген»  немесе  «Бөріжігіт»  атауы,  қалай  десеңіз  де  «қасқырмен»  байланысып  тұр  емес  пе?  Қазақ  арасында  көнеден  келе  жатқан  «Қият – Қыпшақ  бір  туған» - деген,  ұғым  бар.  Ал,  енді  мына  бір  жағдайға  зер  салып  көріңіз : Жоғарыда  айтылған  «Қыпшақтың   Бөрі  иесінің...» -  Қияттың  «Бөріжігіт»  руымен  сәйкес  келіп,  олардың  рухани  байланысты  болуы  Түркілік  рәміз – киелі   Көкбөрінің  асқақ құдіреті  мен    ұлылығының ғасырлар  бойғы  тарихи  сабақтастығының  нақты белгісі  болып  тұр  ғой.   Иә, ешкімге, ештеңеге  бас  имейтін  «Уақыт» - деген  Ұлы  Әміршінің дәргейіне  бас  ұрған замана керуенінде  тербелген  күн - аптаға,  апта – жылға, жыл – ғасырға  ұласты.  Осы  ғасырлар  көшіндегі  қасиетті  Көкбөрі  мен Қазақ  тарихы бір – бірінен  бір сәт  алыстамай, біте  қайнасып  қабысқаны  сонша , енді олар  бөлінбес  біртұтас  дүниеге  айналды. Мысалы, Қазақтың  Ұлы жүзіне  жататын  Шапырашты  елінің жауға  аттанғанда айтатын  «Бөрілі  менің  байрағым»; (Бөрілі байрақ – қасқырдың  бас  суреті  салынған  шапыраштылардың  жебелі  туы мен  найзасы)

“Бөрілі байрақ астында,

Бөгеліп көрген жан емен.2.jpg

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен.

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен,

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен...

Бөрі басы — ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым”  -  атты  ұран өлеңі  ғасырлар  жаңғырығын  қайталап, бабалар  рухының  өрлігін,  жасампаздығын   кейінгі  ұрпаққа  жеткізіп  тұрған,  Қазақ  елі   тарихының  мәңгілік  өмір  әуенінің  жанды  жадыратар   киелі  күмбірі секілді. ХІХ ғасырдағы  айтыс  өнерінің жарық  жұлдызы, даңқты, рухты      ақын   С. Аронұлы  бұл  өлең  арқылы  қазақ  халқының  қайсарлық  пен  қаһармандық  бейнесін,  өткен  тарихтағы   елдік  пен  ерлікті,   сайын  даладағы  асқақ  еркіндікті   асқан  шеберлікпен  сомдап  көрсеткен.  Арғы – бергі  қазақ   тарихнамасында  -  өздерінің  жаужүректігімен,  қайтпас  қайсарлығымен,  алғырлығымен  дараланған  жеке  тұлғаларды  Көкжал  қасқырға   теңеп  отырған.  Мысалы :  Көкжарлы  Көкжал  Барақ,  «Даланың  Көкжал  Бөрісі» аталған  Сыздық  Кенесарыұлы  (Ресей  бодандығына  қарсы  күрескен),  Алтайдың  Көкбөрісі – Оспан  батыр  Исламұлы  (Шығыс  Түркістанның  тәуелсіздігі  үшін  күрескен  ұлы  тұлға)  т.  б.  Жыл санауымыздың  VІ ғасырынан  бастау  алған  осынау  рухани  өсиет  уақыт  тезінен  қаймықпай  өтіп,  ХХ ғасырдың  алғашқы  ширегінде  (1917ж.) өзінің  түпкі  тегіне  тартып – «Түркістан!»,  «Алашорда!»,  - болып  қайта  түледі. 

5.jpg

Ата тарихты  қастерлеп,  тектілікті  пір  тұтқан  қасиетті  Көкбөрінің   ұрпақтары,   Алашорданың  арыстары  -  Ә. Бөкейханов,  А. Байтұрсынов, Т. Рысқұлов, З.В. Тоған, С. Қожанов  т. б. өздерінің  келелі  бір  кеңестерінде, ата -  баба  дәстүрін  жаңғыртып  жаңа  құрылып  жатқан Түркістан  мемлекетінің  болашақ  туына елдіктің, өрліктің белгісі  ретінде  киелі  Көкбөрінің  басын  бейнелеуді  бірауыздан  бекітіп,  шешкен еді. Амал  қанша, бірақ,  өкінішке  орай  «Күн  көсемнің» (В.И. Ленин) басшылығымен билікке  келген  Қызыл       империя (Кеңес  үкіметі)  жас  Түркістан  мемлекетіне  өз     бесігінде аяусыз,   асқан  қатыгездік  көрсетіп,  жауыздықпен    тұншықтырып  тарих  сахнасынан  біржолата  жойып  жіберді.  Арада бірнеше   жыл  өткен  соң «большевиктердің» солақай  саясатының  құрығынан  шыға  алмаған  Алашорда үкіметі  де  осындай  қасіреттің  құрбанына  айналды... Қорыта  айтқанда, құдіретті  Көкбөрі (Ашина) бабамыз  басын  құраған, бір  ту  астына  жиып, бір  ұранға  бас  идірген  киелі  Түркі  жұртының  тікелей  ұрпағының   бірі,  біздер – Қазақтармыз! Ғасырдан – ғасырға  жалғасқан замана шеруінде  Түркі – Қыпшақ – Алаш -  Қазақ   мемлекеті  аталып,  ХІХ  ғасырдың  20 – 30 жылдары  хандықтан,  елдіктен  айырылған  зар  заманға  тап  болдық.  Одан  Ресей  империясының ,  кейін  КСРО  - ның  бодандығын басынан   өткеріп,  ХХ ғасыр  аяғында     жүздеген  жылдар  бойғы  Елі  мен  Атамекен  жерінің  бостандығы  үшін  жанын  қиып,  қанын  төккен  Ерлеріміздің,  Батырларымыздың,  қыршын  кеткен   боздақтарымыздың  тоқтаусыз жүргізген  азаттық   үшін  күрестерінің  нәтижесінде  аңсаған     бабалар  мұраты  орындалып  -  тәуелсіз,  азат  Ел  болдық.  ХХІ  ғасырда  әлем  жұртшылығы  мойындаған,  өзіндік   ішкі – сыртқы  саясаты  дербес, қуатты  экономикасы  бар,  дамушы,   іргелі – Қазақ елі,  Мәңгілік  Ел  атандық.  Біздер  енді  мұқым  Түркі  тарихының  алтын  өзегі       болған  ата - баба  дәстүрін  қастерлеп, ұлықтап, жас  ұрпақ  санасына  ұялатып  әр  кез  мақтан  тұтуымыз қажет – ақ!  Себебі,  осыдан  тұп – тура он  бес  ғасыр  бұрын  біздің  арғы  аталарымыздың  ой - санасында  Көкті  тілген  жасындай  «Жарқ!» етіп  пайда  болған «...Көк Тәңірдің  құдіретімен  Бөрі  ананың    адам  баласын бауырына  басып  өсіруі,  қамқор болуы, содан  ұлан – байтақ  дархан даланың  иесі,   рухы  мықты, «...бастыны  идірген,  тізеліні  бүктірген»  ержүрек,  сайыпқыран  Түркілер деген  елдің таралғаны жайлы » осы бір  тамаша  аңыз – шежіре өзінің  асқақ  рухтылығымен,  өшпес,  өлмес  өміршеңдігімен - оқыған,  естіп  білген, алыс – жақындағы  көзі  ашық оқымыстылардың  баршасын   таңдандыруда. Міне,  жер  шарының  әр  текті  нәсілдерінің  тарихы  сынды, көлемі  мен  таралуы  жағынан  Еуразия  құрлығының  үлкен  аумағын  иеленген, шыққан  тегі  мен  тілі бір,  исі  Түркі  жылнамасындағы  рухани  өсиеті, күллі  Түркінің   киесі  болған – текті ,  қасиетті  Көкбөрі  шежіресі әзірге  осылай  тәмәмдалады...    

6.jpg

                                                              Қали  Тұрдығазыұлы  Ибрайымжанов

                                                               Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі



Ұқсас тақырыптар