Ескерусіз жатқан ежелгі ескерткіштер

немесе кейбір атауларды жаңаша пайымдау

2.jpg

Қазақ даласындағы жер – су, өзен – көл, тау, сай-сала елді мекендердің атауларынан қазақтың тарихи тұлғаларының есімдері мен сол жерлерде өткен оқиғаларға қатысты атауларды кездестіреміз. Бертініректерде уақыт тезіне түсіп айтылуында немесе жазылуында өзгерістерге ұшыраса да байыптап бақылап, тереңдеп, ой жіберіп байқасаңыз ондай  атауларды анық көруге   болады. Б.д.д. ІІІ ғасыр мен б.д. Х ғасырына дейін қазақ даласын мекендеген көптеген тайпаларға тарихтың аумалы – төкпелі кезеңдері тұспа – тұс келіп, бірін-біріне қосып, бірі билік сахнасына  шығып, енді бірі өзгелерден теперіш көріп өзге өлкеге қоныс аударуға  мәжбүр болса, қайсы бірі ірі тайпаларға сіңіп кетіп тарих беттерінен мүлдем  түсіп  қалды. Ұланғайыр даланы мекендеушілердің өзіндік тарихы болғандығы сол, халықтың, тайпалардың, тұрмыс-салтынан, тіршілігінен, этнографиясынан, іс-әрекетінен, шаруашылығынан хабар беретін әр түрлі аңыздардан, шежірелерден  әңгімелерден тұратын әр түрлі деректер    мәліметтер жеткілікті.

Бабаларымыздың ықылым замандарда жүріп өткен жерлерінің бәрінде мінген тұлпарының тұяғының таңбасы мен өздерінің басқан табанының табы қалған ел қорғауда  көрсеткен  ерлік іс-әрекетінің деректерге арқау болып қалғанының  куәгері осы қазақ даласында сакталып қалған сансыз атаулар  болып қалып отыр. Мысалы «Аңырақай», «Орбұлақ», «Үш қалмақ», «Қалмақ қырылған» XVII – XVIII ғасырлардағы жоңғар – қазақ   қырқысуларынан хабар берсе, «Шонжы», «Шолақай», «Түркістан», «Түрген», «Басғұншы» атаулары арғы заманнан дерек көзін іздеуге жетелейді, түп негізді анықтауға ой туғызады.

 «Мәдени мұра» бағдарламасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әзірленіп, іске асырылып жатқан үлкен шараның бірі. Маңызы зор бағдарлама бойынша жүргізіліп  жатқан жұмыстар ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына, оларды кейінгі ұрпағымыз өткен  тарихты тереңдете зерттеу үшін өз мақсаттарына пайдаланып, келешек ұрпақтардың бұл істі одан әрі ұластыруына  ықпал етуде. Қазақ жеріндегі  орасан зор көне мұралар туралы мол мәліметтер кездесетін Қытай, Еуропа елдерінің  мұражайларында жазылып, сақталып қалған көне  жәдігерлерді, жазбаларды тірнектеп жинап, құрастырып, әдеби – тарихи сараптама жүргізіп, ел – жұртқа ұсынып жатқан ғалымдардың еңбегі ересен. Соның ішінде көне құндылықтарды жарыққа шығарып, оларды адам тәрбиесіне пайдалануға қажетті құралдарға айналдыру  келешек ұрпақтың игілігіне  жарату  мәселесі  тарихи ескерткіштерге де тән. «Жеті  атасын білмейтін ер жетесіз, жеті  ғасыр тарихын  білмейтін  ел жетесіз» деген ұлағатқа  құлақ  аса отырып, елімізге, жерімізге қатысты  жаңа  деректер табу, тарихтың қойнауын ақтару, саралау оны халық зердесіне келешек үшін сақтау, жеткізу біздің  міндетіміз деп білемін.

Алматы облысының Панфилов ауданы ежелгі сақ, үйсін обаларына бай болса да, әлі де қаймағы бұзылмай өзінің ашылу, зерттелу,  жазылу кезегін күтіп жатқан археологиялық тұрғыдан әлі толық зерттелінбеген аймақ. Бұл обалар шығысында Қорғас елді  мекенінен басталып, батысында Алтынемел асуына дейінгі Аламан тауының баурайындағы Қоңырөлең аулына дейін созылып жатқан Жаркент аймағындағы  Алмалы, Басқұншы ауылдарының аумағындағы Ақбұрқан, Көкағаш атауларымен аталатын үстіртте (Қорғас өзенімен салыстырғанда террас тектес текшелерде) орналасқан.

Қазақстанның мемлекеттік территориясын Қытай Халық республикасынан шекара ретінде бөліп тұрған Қорғас өзенінің күнбатыс жағы яғни, оң жағалауы үш текше болып келеді. Өзеннің биіктеу  көтеріңкі келген бірінші текшесінде Басқұншы ауылы Қорғас өзені бойымен солтүстіктен оңтүстікке қарай құлдилай  орналасқан, екінші текшесінде  Басқұншы әскери заставасы мен аумағы 25 гектарға жуық жерді алып жатқан алма ағашы егілген бақ болса, үшінші текшесі Ақбұрқан деп аталатын Алмалы ауылының тау жағындағы кемерден басталып солтүстікке қарай Жетісу Алатауының қойнауындағы Алмалысу жайлауының етегіне дейін созылатын «Көкағаш» алқабы. Көкағаш жазығының шығысында «Ноғай бейіт» аталып кеткен мұсылман бейітінің солтүстік шығысында  аумағы шамамен  10-15 гектар жерді алып, 37 – ден астам үйсін обалары жатыр. Басқұншы мен Алмалы ауылы маңындағы үйсін обалары мен балбал бастар, тастағы таңбалар, жергілікті мектеп мұражайындағы ағаштан, тастан, қоладан, темірден жасалған бұйымдар мен заттар сол кездегі түркілердің  ұрпақтары  ғұндар мен  үйсіндердің  мемлекетінің  б.д.д. мың жылдықтың ІІІ ғасыры басталған кезінде  күшті мемлекет  ретінде  өмір сүргендігінің айғағы. Үйсіндер қайтыс болған  адамдарын әрдайым өзендердің су жетпейтін биіктеріне жерлеуіне тән деп келетін болсақ Басғұнша ауылы мен Көкағаш  жазығындағы  обаларды  дәлел ретінде  келтіруге болады. Обалар  солтүстіктен оңтүстікке қарай  Қорғас  өзенімен  үш қатар болып тізбектеле созылып орналасқан. Көлденеңінен есептегенде шығыс  жағындағы қорғандармен  батысындағы  ең соңғы  қорғанға дейінгі жердің арасы шамамен 500 – 600 метрдей. Обалардың ортасындағы шартты түрде  7 – ші  деп белгілеп алған обаны  өлшегенімізде радиусы 26 метр болды. Биіктігі алғашқы  үйілген  кезінде  он шақты  метрдей болған болуы мүмкін.  Обалардың  көбінің  ортасы  төмен шөгіп кеткен адам  мәйіті жерленген құдықтың төбесі опырылып ішіне түсіп кеткен деуге негіз бар. Бұл қорымдағы обалардың барлығы тас аралас топырақ үйінділерінен тұрады. Кейбіреулеріне  тас үйіліп,  үстіңгі  беті топырақпен жабылған. Көкағаш жазығындағы обалар орналасқан жер Басқұншы  ауылынан солтүстікке қарай Қорғас өзені аңғарындағы үстіртте 12 шақырымдай жерде жатыр. Мұндай қорғандар Басқұншы  ауылының ішінде  жергілікті  халықтық  бау-бақшаларының ортасында да көптеп кездеседі. Қорғандарда Қорғас өзенінің бойымен солтүстіктен оңтүстікке  қарай  тізбектеле  ара қашықтығы  шамамен  100 – 150 метрдей  болып үйілген  және Қорғас өзенінің  құлама  жарлауыт жағалауына жақын  4-5 бүтін обалар тұр. Олардың  әлі  бұзылмағандығы  байқалады. Бұл обалардың сақталғандығының себебі екі ел шекарасын бөліп тұрған тікенекті  сымтемір қоршаудың ішінде  тұрғандығы. Жоспар бойынша алдағы  уақытта біздің елдің  Қорғас өзеніне  салынатын  су электр станциясы, іске қосылса обаларды шайып, аса құнды  ескерткіштер құпиясын алып, су астына кете ме деген қауіп бар. Бұл ескерткіштер  өзім күнделікті  көріп жүргендерім. Ақбұрқан жазығындағы көптеген осындай обаларды  1970 – 1980  жылдары Панфилов  ауданында  жүгері  науқаны  қызып тұрған  шақта  колхоз басшылары  жоспар қуып, сақ, үйсін обаларының ежелгі  ескерткіштері  екендігін  білместіктің салдарынан  арнайы  бульдозер  жіберіп,  түзеткізіп, жермен-жексен етіп, орнына  жүгері өсірген. Әсіре «экономикалық сауаттылық» тарихи сауатсыздықты  тудырған. Ақбұрқан  жазығындағы  қатарласа  орналасқан бірнеше обаларды  түзеткеннен кейін егілген жүгеріні суғару  кезіндегі болған  оқиғаны  көзімен  көрген,  су ұстаған  сушылар  маған айтып берді. Теп – тегіс етіп түзетілген қорғанның  орнына егілген  жүгеріні суғару  кезінде  үлкен апан пайда болып, су толмай ұзақ  уақытқа дейін  су құйылып тұрған. Сушылар бұл су қайда барады екен деп күтіп отырған кездерінде 3-4 сағаттан кейін су толған апанның аузынан ұзындығы  10- 15 сантиметрдей  бірнеше бөрененің  опырылған  жаңқа  сынықтары  шыққан. Бұған сушылар  айран – асыр болып  таң қалған. Көпке дейін айтылып  жүріп  біраз уақыттан соң бұл оқиға  ұмытылған. Бұл обаның  астындағы адам жерленген құдықтың қабырғалары  құлап, опырылудан  ұстап тұратын  тау қарағайынан жасалынған  ағаш қима  болуы мүмкін. Не болмаса қабірдің  бетін жабуға пайдаланылған бөренелер. Мұндай  тәсілмен  жерлеу обаларға  атақты адамдарды, тайпаның  билеушісін, не болмаса  ақсүйектер отбасынан шыққандарды жерленгендігін білдіреді.  

Үйсін елінің бір ғасырдан астам тарихында үйсін патшаларының  ұрпақтары  билік  басында  болса, елдің астанасы  болған  Қызылаңғар  қаласында  отырып, билік айтқан  болып шығады. Олай дейтін себебіміз, Қорғас бойындағы үстіртте жатқан отыздан  астам  обаларда  небір атақты патшалардың  мүрделері бүтін сақталмаса да сүйегі жатқан шығар. Сипатталған  обалардың  жоғарыдағыдай  белгілері  Есік қаласы  маңындағы алтын киімді адам табылған обаның құдығына құрылып, шегенделген қима  ағашты  пайдаланған сақтардың  жерлеу рәсіміне  ұқсастығын көрсетеді. Осы алқаптағы  археологиялық  ескерткіштерге, обаларға зерттеу жұмыстары, яғни өлшеу, картаға түсіру, сызбасын жасау, есепке алу жүргізілмеген. Олай деуіме толық себеп бар. 2010 жылдың 17 маусымында  облыстық «Жетісу»  газетінде «Алматы  облысының  жергілікті маңызы бар  тарих және  мәдениет ескерткіштерінің  мемлекеттік  тізімін бекіту  туралы» Алматы  облысы  әкімінің  қаулысындағы  тізбеде   бұл археологиялық  обалар  көрсетілмеген, яғни кезінде  зертелінбеген, сондықтан да тізімге енгізілмеген. Қазақ ССР Ғылым академиясының 1960 жылы  шығарған «Қазақстанның археологиялық картасы» деген кітапқа енгізілді ме, жоқ па, егерде  айтылған кітапқа  енгізілсе  жоғарыдағы  тарих және  мәдениет ескерткіштерінің  мемлекеттік тізімінде болар еді. Мемлекеттік тізбеге  түспегендігі де ғалымдарымызды ойландыруы  сөзсіз. Мұндағы тағы бір археологиялық тұрғыдан толық  зерттеулер жүргізілсе, көптеген қазіргі  ғалымдар орнын  анықтап бере  алмай  жүрген үйсіндер патшалығының  орталығы болған Шығу (Қызылаңғар) қаласының да құпиясы  ашылар еді. Атақты Бесшатыр обалары  сияқты бұл айтылған  обалар да Іле  өзенінің  оң жағалауына  орналастырылған. Бұл да  ой жіберіп неліктен екендігін  зерттей  түсетін нәрсе. Мұндай ежелгі археологиялық  обалар осы аудандағы  Шежін  ауылының  баурайында да бар. Тарихымыздың  бастауы болып саналатын  халықтың біртектілігі, тұрмысын, жалпы этнографиясын тіпті антропологиялық бітімін анықтауға негіз болатын археологиялық  ескерткіштермен жұмыс істеуге қызығушылығым  университет қабырғасынан басталды. Бұл жұмыстарымды Алматы облысы Кеген аудандық мәдениет бөлімінің  меңгерушісі қызметін  атқарып жүрген  кезімде  жалғастырдым. 1990 – 1991 жылдары Алматы облыстық археологиялық және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамынан (мекемесі Алматы қаласында  орналасқан) Кеген ауданының аумағында  орналасқан  60 – қа  жуық сақ,  үйсін  обаларының  құжаттарын  алып келгенмін. Айтулы қоғамды халқымыздың  аяулы ұлы, қоғам қайраткері  1937-1938 жылғы қызыл репрессияға ұшыраған халком Н.Сырғабековтың қызы Роза Нығметқызы Сырғабекова басқаратын. Қазақ мәдениетінің  жанашыры Роза апайымыздың қоңырауы түсе салынысымен Алматы қаласына  барып, жолығып, әңгімелесе жүріп, топтап хаттап дайындалған археологиялық және  тарихи  ескерткіштердің  құжаттарын буып – түйіп салып алдым. Құжаттар Кеген ауданының түкпір – түкпіріндегі әрбір сақ, үйсін обаларына жеке – жеке номерленіп жасалған. Тиісті құжаттардың   ішінде обалардың және қандай нәрседен үйілгендігі түсірілген суреттері, аумағы, биіктігі, қалай орналасқандығы және қай жерде орналасқандығы  бәрі  соңына жазылған. Бұл орасан жұмысты атқарған атақты археолог  республикалық Есік музей қорығының  жетекші -  ғылыми  қызметкері  Бекмұхамбет Нұрмұхамбетов ақсақал. Кеген ауылына іссапармен келіп, айлап жатып, жердің топографиялық сызбасын түсіріп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, суреттерін арнайы  фотограф алдырып түсіріп отырған. Зерттеу жұмыстарының дұрыс жүргізілуіне сол кездегі аудандық  партия комитеті тарапынан қолдау көрсетіліп, арнайы қызметкер бөлініп, археологтың жұмысты  қиындықсыз жүргізуіне  көмек  көрсетіп отырған. Осы қорғандарға жасалған құжаттарды кегенге алып келісімен археологиялық  ескерткіштердің  дұрыс сақталуы үшін мен бұл мәселені аудандық атқару комитетінің күн тәртібіне енгізіп, арнайы шешім шығартып, қорғандардың сақталуына, бұзылмауына ауылдық кеңестер жауапты екендігі туралы  қаулы  алдырттым. Шешімді  ауылдық кеңестерге  таратып бердік. Бұл шешімді  сол кездегі  Қазақ ССР-нің «Мәдени және тарихи археологиялық  ескерткіштерді қорғау туралы» заңына сүйене отырып  жасадық. Мұндағы шегініс жасап отырған  себебім Жаркент аймағында мұндай ежелгі ескерткіштерді есепке алу жұмыстары  жүргізілмеген деп отырмын. 

Жоғарыда жазып отырған Қорғас өзенінің оң жағалауындағы Басқұншы ауылының ішіндегі  Алмалы  ауылының  маңындағы  обалар және осы аймақтан  табылған  көптеген  археологиялық заттар (балбал тастар, көне  құмыралар, қайрақ тастар, дән үккіш, жебенің ұшы т.б.) осы өңірдің ежелгі үйсін, ғұн мемлекетінің орталығы  болғандығын  меңзейді.

Қазақ тарихында Жетісу жері кейінгі  мыңжылдықтың б.д.д. ІІ ғасырынан бастап үйсін патшалығының  мекендеген аймағы ретінде белгілі. Қазақ халқының қалыптасуына үйсіндердің қосқан үлесіне кеңестік дәуірде жазған тарихшыларымыз бен егемендік алғаннан кейінгі кезде де зерттеу жүргізіп жатқан ғалымдарымыз көптеп саналады.

Көршілес Қытай Халық Республикасында тұратын тарихшы Нығмет Мыңжани (Қазақтың қысқаша  тарихы Елім-ай. 1991 ж), С.Г.Кляшторный. Т.И.Сұлтанов (Казахстан летопись трех тысячелетий Алма – Ата. Рауан 1992 г) түркітану мен монғолтанудың көрнекті  өкілі Ислам Қабышұлы (Тұран әлемі түркі – монғол халықтарының тарихы Алматы – 2007 ж) Қойшығара Салғараұлы. (Сиуңну. Хан кітабынан. Алматы 1998 ж.), үйсін қалалары туралы Карл Байпақов (Қазақтың ежелгі қалалары.Алматы 2005 жыл). Бексұлтан Нұржекеев (Өзендер өрнектеген өлке Алматы 1984 жыл) сияқты зерттеуші, ғалым, жазушылардың Үйсін тарихы салалары бойынша зерттеу еңбектері баршылық.

Үйсіндер туралы алғашқы  деректер б.з.д. ІІ ғасырдан бастап қытай жылнамаларында  жазылғандығы  белгілі. Үйсіндердің  қуатты да әрі бай мемлекет  болғандығы туралы  алғашқы деректер б.д.д. ІІ ғасырдың  соңғы кезінде  көптеп  шыға  бастағандығы, бұл елдің  басқа мемлекеттер үшін әсіресе хан патшалығына  қатысты өзіндік тарихы бар екендігін көрсетеді. Нығмет Мыңжанидың (Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы баспасы. Жалын – 1991 ж. 63 – 34 бет) қытайдың хан патшалығы  кезінде жазылған үйсіндер туралы жазған «Хан патшалығы тарихы», «Батыс өңір шежіресі» деректеріне сүйене отырып жазған еңбегіне  қарасақ «Үйсіндер Іле  алқабына қоныс аударудан бұрын Дунхуан мен Чилан тауы  аралығын  мекен еткен, көшпелі  өмір өткізген. Нәнді би атты  көсемі болған. Осы Нәнді  би ел билеген  заманда  үйсін ұлысы өз маңындағы күшті  көршілерінің шапқыншылығына  тап болады. Нәнді би жау қолынан  қаза табады. «Ері өліп Ертіс бұзылып, құтты мекен   қонысын жау басып алған үйсін елі телім – телім болып, тентіреп, ауыр апатқа ұшырайды» - делінген. Қатарлас жатқан елдің басына іс түскенде түбі бір түркілердің сол кезеңдегі дәуірлеп тұрған күшті тайпаларының бірі ғұндар үйсіндерге көмек қолын созды. Ғұн  тәңірқұтының қолдауымен әке тағына  отырған  Елжау би тұрақты мықты  әскер жасақтап айналасындағы кішігірім, әлсіз тайпаларды шауып, өзін оларға  мойындатып өзіне күштеп бағындыра бастайды. Біздің заманымыздан бұрынғы 177 – 176 жылдары керегесін кеңейтуді ұйғарған ғұн  тәңірқұтының әскерлері өздерінің батысында  жатқан  ұлы  иозылардың елін шабады. Күшейіп келе жатқан  ғұндардан қашқан ұлы иозылар  Іле алқабын мекендеп отырған сақтарды  ығыстырып, оларды Тянь – шань тауының батысымен  оңтүстікке  Памирге қарай қашуға  мәжбүр етеді. Кезінде үйсін тайпасын талқандаған ұлы  иозылардан кек алмақ болған Елжау би күшейіп алған соң, ғұн тәңірқұтының  көмегімен көп қолмен келіп, ұлы иозылардың әскерін талқандап Іле алқабын басып алады. 

Батысында  қатарлас аққан Шу, Талас өзендеріне шығыста Тянь – Шань  тауларының шығыс оңтүстік баурайларына, солтүстікте Балқаш көлінен оңтүстікте Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейінгі созылып жатқан ұланғайыр өлкеге  билік айтқан  үйсіндердің мемлкеті құрылады. Тарихшылардың  әртүрлі деректерге сүйене отырып  жазғандарына сілтеме жасасақ «Үйсіндерде мемлекеттік биліктің көшпелі халықтарға тән кемелді жүйесі қалыптасқанын мемлекеттіліктің барлық нышандарының  болғанын атап көрсеткен» (Әдеби жәдігерлер. 1 – том. 437 - бет) Мемлекеттіліктің барлық нышандары кездесетін мұндай елдің  басқару  аппараты да, жақсы қалыптасуы үшін, құрылымы берік иерархиялық билік сатысын отырықшы елдер тарихынан көруге болады. Басқару құрылымына қарап үйсіндер көшпелі болса да отырықшылдығы басым көрінетін мемлекет болғандығы бағамдалынады. Қарауындағы елдердің тұрмысын бір орталықтан бақылап  отыруға  тұрақты үкіметтік ұйым құру қажеттілігі  үйсіндерге астана етіп алатын жерді  таңдауға тура келді. «Үйсін елінің  саяси орталығы – астанасы Чигу» қаласы дейді. Н.Мыңжани. (Қазақтың қысқаша тарихы61 – бет). «Чекук - ежелгі үйсін елінің астанасы». (Әдеби жәдігерлер 1 том, 437 бет). «Үйсіндердің астанасы - Чигучинь», яғни «Қызыл алқап» алқабы (Қазақстанның ежелгі қалалары . 23 - бет). «Қаңлылар үйсіндердің  астанасы – Қызыл аңғар қаласын басып алды» (С.Г.Кляшторный,  Т.И.Сұлтанов  70 - бет). Сол кездердегі патшалықтардың арасындағы  күшті  болған Үйсін патшалығын  Хан империясы үнемі еріксіз қолдап отырғандықтан Қытайға тәуелді болудан  бас тартқан  ғұндар мен қаңлылардың   біріккен күштері  б.д.д. 42 жылы үйсіндердің  астанасы  (Ыстықкөл жағасындағы «Қызылаңғар қаласын») талқандайды. (Қаз. тарихы 51 - бет.) Осында айтылатын «Чигу», «Чекук», «Чигучень», «Қызылаңғар» бәрі де сол кезеңдерде дәуірлеп тұрған үйсін мемлекеті  орталығының бір ғана атауы. Атауы  қаншама көптеген  өзгерістерге ұшырап айтылса да  қаланың орны туралы айтушы, жазушы ғалымдардың, тарихшылардың болжамдары әртүрлі. Бірі Алматы облысы, Кеген ауданындағы Құмтекей атты құм басқан қала орнын (төбені), бірі Қытай жерінде орналасқан қазірге  дейін Шиху деп аталатын  елді мекеннің маңын, кейбір тарихшылар Райымбек ауданындағы Текес, Нарын  өзені  алқабын меңзейді. Бұл жерде мына мәселені  назарда ұстау керек сияқты. Б.д.д. ІІ ғасырдың орта кезінде  Жетісуға  қоныс аударған  үйсіндер Іле өзені  алқабында  орналасты делінсе, онда Ыстықкөл маңында «Қызылаңғар» қаласының болуы ойға қонымды емес. Ыстықкөл маңына бару, орналасу деген сөз әйгілі  шығыс пен батысты жалғап жатқан «Ұлы Жібек жолы» сияқты сауда  жолынан  тысқары қалу, бұл өз кезегінде халыққа  қажетті тұтыну  бұйымдарынан қол үзу, климаттық жағынан да қарым – қатынасқа да  қолайсыз таулы аймақ. Б.д.д. І ғасырда Үйсін халқының саны 630 мың адамнан асқан делінеді. Үйсін күнбилері қарауындағы елден соғыс жағдайында осы елден 180 мыңнан астам жасақ шығара алған. Көп зерттеушілер мына мәселені  назардан тыс қалдырады. Сол кездердегі мемлекеттермен салыстырғанда  халқының саны  жарты миллионнан асатын және халқының үштен біріндей болатын әскерді басқару үшін тұрақты мемлекеттік құрылым жұмыс істеуге  тиіс. Халықтың санын, жан басын, мал басын есептеу және  жоғарыдағы  мәселелерге  байланысты  салық жинау орасан ұйымдастыру  жұмыстарын қажеттейді. Тұрақты әскерді  азық – түлікпен, қару – жарақпен, киім – кешекпен, ат  әбзелдерімен қамтамасыз ету үшін мемлекеттің қол астында елді мекендер саны көп және өнделетін егістік жерлер, мал шаруашылығы жоғары дамыған болуға тиіс.  Ал айналасын қатпар – қатпар тау – тас қоршап тұрған Ыстықкөл маңынан жиналған әскерлерді  жаттықтыру ойындарын өткізу алаңдарын табу, егіншілікпен, мал шаруашылығымен  айналысуын  олардан алынған  өнімді халыққа жеткізу  мүмкіндігі аз. Бұл жерде 180 мыңнан астам қарулы әскерді  қатарластырып, тізіп қою мәселесін емес оны жоғарыда  айтылған соғысқа қажетті керек – жарақтармен қамтамасыз ету туралы сөз болып отыр. Қиыр шығыстағы өмір сүріп отырған көшпелі  елдің  аумалы – төкпелі  ұрыстар, шайқастар барысында қоныс аударып,  жылжып   келе  салысымен аз жылдың ішінде   Қытай  жылнамасына  түсетіндей  қала салып жіберулері  де ойға сиымсыз. Меніңше, Үйсіндердің  «Қызылаңғар» қаласы, ел – жұрт  ежелден – ақ,  мыңдаған жылдардан бері  мекендеп  келе жатқан көне қоныстың орнында бой көтерген қала. Жинақталған материалдарға  сүйенсек «Чигу», «Чигучен», «Чекук», «Қызылаңғар» т.б атаумен қала аталатын орны Жаркент аймағындағы  Қорғас өзенінің  тау аңғарынан жазыққа шығып ағатын орта тұсындағы Басғұншы ауылының маңайы. Мұндай тұжырымға келуімнің  көптеген  дәлелді себептері бар. Деректерде қазақ тілінде «аңғар» деген сөз, өзен аңғары мен жақын жатқан  таулардың арасын бөліп жатқан алқап ұғымын айтады. Қазіргі кездегі картаға  көз салсаңыз солтүстігіндегі Жетісу Алатауының Тоқсанбай жотасы тұсынан оңтүстіктегі Іле өзенінің аңғарының Іле  Алатауын  бөліп жатқан ең қысаң жер екендігі  байқалып тұр. Қытайдың Хуанхэсінен  шыққан  керуендерді  Орта Азия мен алдыңғы Азияға одан әрі Еуропаға апаратын дүние жүзіне әйгілі болған «Ұлы Жібек жолы» осы аңғар  арқылы жүреді. Жүк артқан жүздеген керуендер шөбі шүйгін, сулы, көп табиғи кедергісі жоқ  Қызыл тауды  бөктерлей келіп Қорғас  өзенінің аңғарында  орналасқан  үйсіндердің Қызыл аңғар қаласына  соғып, одан әрі  өтеді. Іле  өзені бойы құмдауыт келеді. Әрі жаз айларында  маса – сона, құрт – құмырсқа, жылан т.б.  жәндіктер керуендегі  күш – көлікке зиянды. Тоғайындағы  ит – құспен, ұры – қарысының көптігінен жасқанған керуеншілер  солтүстігіндегі  тау  бөктерімен, шалғынмен көмкерілген бұлақ - өзендерді көлденеңдей кесіп өтіп, қауіпсіз,  ашық жермен діттеген  жерлеріне  жететін болған.

Әрі Қызыл аңғар  қаласына  келіп,  сауда – саттығын жасап, күш – көлігін тынықтырып алып, ары қарай сапарлайтын. Қызыл аңғар қаласы атауындағы «қызыл» сөзіне  ешқандай анықтаманың, дәлелдің қажеттілігі жоқ. Бұл атаудың өзі жер қыртысымен байланысты.   Қорғас өзенінің  сол жағалауынан, тау сағасынан   басталатын  «Шатыр қолтық» деп аталатын  аласа тау қызыл  топырақты, қып – қызыл жосалы тау. Күндік жерден көзге ұрып, мен мұндалап қызарып көрініп тұрады. Қызыл аңғар қаласының  осы Қорғас өзенінің Жетісу Алатауына сұғына еніп жатқан жерде орналасқандығының енді бір белгісі «Шатыр қолтық» тауының Қорғас өзенінің  батысында орналасқан қаладан биік болып, мен мұндалап тұрғандығында. Тау басынан қарағанда  айналасы алақандағыдай  көрінедіәрі жау келе жатқандығын бақылап отыратын биіктіктің  қолайлығында. Қазіргі кезде де Шатыр қолтықта (биік тау үстірті) Қытай мемлекетінің  шекара  қызметінің бақылау мұнаралары  орналастырылған. Мұндай бақылаушылар  мұнарасы  біздің Қазақстан жағында да биік текшеде тұр.. Тау баурайындағы сандаған  сайлардан ағып  шығып жатқан  тұнық бұлақ  суларымен  молыққан Қорғас өзенінің суы  Іле алқабын  мекендеген  шаруалардыңегін мен мал шаруашылығын  біршама тұрақты жүргізуіне  толығымен жеткен. Егістік жерден  алынған өнімді сақтау әдісі де жетілгендігін қала орнынан  табылған заттар айғақтайды. Көкағаш пен Қайырма, Қарабастау алқаптарын суландыру  жұмыстарын  жүргізу үшін Алмалысу жайлауынан  бөктерлей  тоған қазып, 10-15 шақырым жерге су жеткізген. Бұған қарап, үйсіндер темір қорыту ісін де меңгергендігінен  хабар аламыз. Жер қазатын күрек, кетпен, тесе, шот, қайла т.б. құралдар болмаса мұндай құралмен адам күшін ұстайтын жұмыс атқарылмас еді.Мәселен жер өңдеумен айналысқандығын  білдіретін үлкен дән  сақтайтын  құмыралардың табылуы. 1965 – 1966 жылдары Басғұнша  ауылында  үй салмақ  болған жергілікті  тұрғындар іргетас  қазу барысында бір жарым метрдей қазылған  шұңқырдан  3-4 құмыра қазып алған. Құмыралардың  биіктігі  70 см және 1 метрден  астам, 1 метрге  жуық. Олардың арасында бүйірлері  шығыңқы, ауыздары  орташа, шеңберде  қыштан  жасалынған бірнеше  құмыра болған. Ерекше  көңіл аударатын  нәрсе  биіктігі 25 см-дей, диаметрі 18 – 20 сантиметрлік  қыштан жасалған  тұтқалы  құманның табылуы. Құмыраны  тапқан  ағайынды кісілер оларды өзара бөліп  алып, үйлеріне  апарып жуып тазалап, көп жылдарға  дейін  көже, айран, сусын құйып, пайдаланып келген.Қыштан жасалынған құмыраның  сынықтарының көптеп табылуы оған қажетті материалдың  осы Басғұншы  ауылының  солтүстік  беткейінен алынатындығында. Жергілікті халық   осы күнге  дейін тандыр жасауға қажетті топырақты сол жерлерден  қазып алады. Сарғыш түсті топырақ отқа  қыздырылған соң кез – келген температураға төзімді келеді.   Алмалы  ауылынан табылған   шыңылтыр құмыра Елтінді батыр атындағы орта мектепте сақтаулы тұр. Тарихшылар ежелгі Қытай  деректеріне  сүйене отырып, «Үйсіндер ағаш еккен», деген  дерек  жеткізеді. Қызыл аңғар қаласы Ыстықкөл маңайында орналасса тау арасындағы қолаттарға ағаш отырғыза қойды дегенге нану қиындау. Отырықшы  елді мекені бар жұрт  ағыл – тегіл тау суымен суғарылатын  далалық аймақтарға  қаптатып ағаш еккенде  оны үй салу материалдарына пайдалану, үй – тұрмысына  қажетті құрал – жабдықтар, аяқ – табақ т.б нәрселер жасау, қора – қопсы салуға отын ретінде, әрі  аптап  ыстықта демалатын саялы  көлеңкесі үшін отырғызған.   Бұл жағынан алғанда  Қорғас  өзенінің   батысындағы аңғардың бойындағы  самсаған сансыз тал – терек, қарағаштардың үйсін елінің  нулы жерде  отырғандығы осыны көрсетеді. Ендігі  бір маңызды  көкейге жағымды көңіл аударатын деректердің бірі Қытайдың саяхатшы – шежірешісінің  көрсеткендері. «Солтүстік жолмен жүріп отырып (Іледен) Қызыл аңғарға (Чигуге) кіріп, Усуннен өттік.  Канцзюй (кньяздік) шекарасынан өтіп, батыста Толған көлден (Ыстық көлден) шықтық». (Қазақ ССР тарихы І – том. 300 - бет) Іле өзені аңғарының шығысынан батысқа қарай жүріп өткен саяхатшының жолжазбасында Қызыл аңғарға соғып үйсін жерінен өтіп содан кейін батыстағы Ыстықкөлге (Толған көлге) Іледен өтіп  барғандығын баяндайды. Егер Қызылаңғар  қаласы Ыстықкөл маңында орналасқан  болса саяхатшының жазба мәтіні  мүлдем басқаша болар еді. Саяхатшы Іле  өзенінің бастауынан шығып сол жағалауымен өзен  ағысын құлдилай  келіп Іленің оң жағалауына орналасқан үйсін елінің орталығы Қызыл аңғарға келген. Тек содан кейін Іле өзенінің сол жағалауындағы яғни батыстағы Толыкөлге (Ыстық  көлге) барған. Саяхатшының жазбасындағы айтылған сөздер қазіргі Басғұншы ауылының маңындағы  үйсіндердің бұрынғы  орталығы  Қызыл аңғар қаласына  нақты сілтеме жасап  тұр.  Қытай саяхатшысының  жазған көзбен көрген жерлерін ойға  салып, безбендеп көрсеңіз  Қызыл аңғардың  мен айтып отырған тұста   екендігіне  көзіңіз жетеді. Қазақ даласындағы жер, су, өзен, көл, тау атаулары тегін қойылмаған деген пікірімізге  сүйене отырып, Қызылаңғар қаласының орны Басғұншы ауылының маңы деуімнің тағы бір дәлелі Шежін атауымен байланыстылығында.  Жетісу Алатауының Тоқсанбай жотасының бауырындағы Бестөбе қыраттарынан басталатын жеріндегі Шежін мен созыла келіп аяқталатын жеріндегі Басқұншы ауылдарының арасы 20 шақырымдай. Шежін аймағы Жаркент шұратындағы  үлкен шатқалды, арынды өзені бар, көрікті, әсем жерлердің бірі. Қазақ сурет өнерінің негізін салушы әлем көркем  өнеріне  өзіндік үлес қосқан халық суретшісі жерлесіміз өнердің алғашқы әліппесін тастан оқыған, Әбілхан Қастеевтің кір жуып, кіндік кескен туған мекені. Шежіннің көне  қоныстардың бірі  болғандығы  сол  аймақтағы  қойтастардағы  салынған суреттерінен,  алғашқы адамзат тарихынан  хабар беретін сан – қилы салынған суреттерінен,  таңбаларынан білінеді. Қытай  деректері  мен бізге  жеткен  шежіреден ұққанымыз Шежін аймағының атауы қытайдың Шижұң (Сюньзюнь) ханшайымының атымен түбірлес, мағынасы бір, айтылуы ғана бөлек ұғым.

Қытайдың жазбаларынан алынған деректерден белгілі болғандай Хан әулеті үйсін елінің күнбиі Елжау биге қол астындағы туысқаны Жанду Уаңның қызы Шижұң  ханшаны үлдемен – бұлдеге орап  ұзатқан. Осы әрекеті  арқылы құдандалық жолмен қарсыластары ғұндарға қарсы одақтас ұстау ойында  болған. Атақты  Шижұң (Қытайшасы Синьзюнь) ханшаның айтулы ұзатылуы б.д.д. 108 жылы (Кей деректерде 110 жылы деп көрсетіледі) жүрген.  Хан патшалығымен солтүстік – батыстағы көшпелі тайпалар арасында оның ішінде дәуірлеп тұрған үйсін мемлекетімен арадағы қыз алысуы екі ел  арасындағы бейбіт қарым – қатынас ортатуды көздей отырып одақтас болу арқылы қытайларға қырын қарайтын ғұндарға қыр көрсету мақсатында  жүргізілген. Бұл патшалығының бұрыннан маңсұқ еткен батысты бағындыру  саясатының жалғасы еді. Үйсін елінің басын біріктірген, ит басына іркіт төгілген заманға қолын жеткізген Елжау биге қатын таң ба. Ел – жұрттың  тыныштығын жеке басынан тыныштығынан  жоғары қойған көреген үйсін елінің  басшысы Хан  патшалығының да, Ғұн тәңірқұтының да ханшаларымен қатар отасады. «Ғұн ханшасы үйсін ордасында  абырой – атақ, мәртебе жағынан  үстем  орынға шықты... Жанду (Шижұң) ханшасы өзінің төркінінен ертіп келген нөкер, қорғаушы, кәнизәк, әтек сынды  жүздеген адамның күтуімен орда да тірі жесір болып отыра берді. Тек құрғақ атағы болмаса, бір жылдан астам мезгіл ішінде кунмудың (Елжау бидің) дидарын бір – ақ рет көрген еді» - дейді Нығмет Мыңжан. (77 бетте) Жан Шиманның  үйсін қазақтары туралы зерттеу деген кітабынан үзінді келтіріп. Қазіргі  қазақ жұртының арасындағы  әмеңгерлік жолына қараңыз. «Аға өлсе, іні мұра» деп жат – жұртқа жібермей, балаларын қаңғытпай, көрінгенге көз түрткі жасатпау үшін жесір қалған әйелді өлген адамныі інісіне немесе жақын ағайындарының біріне  қосады.Елжау би өзінің көзі тірісінде – ақ Шижұң ханшайымды немересі Жөншіге некелестіреді де оларды жаңа қонысқа үйсін патшалығының ішкі жағына қарай қазіргі кезде  Шежін деп аталатын елді мекенннің жанына көшіріп қоныстандырады.  Інісінің бір сөзге келмей келісіу  ағасының (Елжау бидің) Шижұң ханшайымымен төсектес болмағандығын білетіндіктен болып отыр. Елжау бидің Шижұң ханшайымды некелеп алды деген аты болмаса, ханшайымды Қызылаңғардағы орданың ішінде ұстамағандығына қарағанда оны бұл әрекеті ақылды саясаткер екендігін көрсетеді. Жүздеген  қытай көмекшілерімен сапырылысып тұратын ханшайымның үйсін ордасына  келіп – кетіп жатқан қытай елшілерімен жүздестірмеудің  бір амалы және отаулап тау бөктеріне  бөлектеп отырғызуы қытайлықтардың тыңшылық әрекеттерінің де алдын – алу мақсатында болған сияқты. Елжау би отырған ел астанасына жіберілмей, туыстарымен жүздесе алмай ішқұса болған соң ғой Шижұң патшайымның зар жылап, запыран құсып өлеңдетіп

Мені ұзатты  әлемнің бір жағына,

Алыстағы жат елге – үйсін ханына.

Дөңгелек үй, туырлық там орнына,

Ет жеп, айран ішеді ас суына.

Туған жерді сағынып сарғаямын,

Аққу құс болып қайтсам деп  ауылыма -  деп, еліне хат жазғаны ал,

екінші бір аудармасын да бұл өлең жолдары  былай деп  аударылып берілген:  

Алыс елге ұзатылған мен бір пенде,

Бұл жалғанда  мен секілді бейбақ кем бе ?

Үйсіндер билеушісі әйелімін.

Үйім – қос, шүкір еттім етпен сүтке,

Зарыға жүрмін солай өмір сүріп,

Кетер ем аққу болып еліме ұшып.

Қазіргі  әдебиеттерде  Қытайдың Шижұң сұлуы шығарып еліне жазып жіберіпті делінетін өлең жолдары осылайша аударылып беріліп жүр.  Шулы да, дулы сарай  ішінде  жүрсе  зерікпес еді, әрі еркінен тыс саясатқа да араласып  кетер ме еді, қайтер еді. Жоғарыда келтірілген  деректер нағыз шындыққа  жатады. Елжау би Шижұң ханшайымға үйленсе де оның мағына бармаған, әйелім деп те санамаған. Оған дәлелді себептер хан патшасының ханшайымы Шижұңды өзінің немересі Жөнші биге  («Чынжу» би деп те аталады, дұрысы қазір жер атауын алып тұрған «Шонжы» - шығар Себебі «шонжы» атаулары бұрынғы үйсін иелігіндегі жерлерде кездеседі. Қытай Халық Республикасындағы Шонжы елді мекені. Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы  Шонжы ауылы бұның бәрінің  шығу төркініне қарасаңыз Іле алқабында  билік құрған Жөнші биге қатысты болуынан дерек береді») қосады. Елжау бидің Шижұң ханшайымды ордадан бөлек ұстау кезеңі аяқталады. Осы оқиғаларға сәйкес оқшауланған Шижұң жайлаған, Шижұң  қоныстанған жер бірте – бірте тұрғылықты халықтың арасында Шежін атауын  қалыптастырған. Сондықтан да қазіргі Жаркент аймағындағы  Шежін ауылы  Чижұң ханшайымның қонысы болған жер. (Мысалы: «Мұқыры», «Қаскөлең», «Боралдай» қалмақтар өлтірілген жерлер) Үйсін мемлекетінің  орталығы Қызылаңғар қаласы мен үйсін ордасынан бөлек ұсталынған Шижұң  ханшайымның отырған мекенінің арасы ат шаптырым ғана жер. «Шежін»,  «Қызылаңғар»  атауларының өзі – ақ  үйсін мемлекетінің кіндік тұсы Жаркент  аймағы деп санауымызға негіз болады. Қазіргі  Қытай жеріндегі  Қорғас, Алмалы, Нылқы, Шиқу, Шонжы елді мекендері, Қазақстан  жеріндегі Алмалы  (Мен Алмалық қаласының орны деп санаймын) Дөңгене, Басғұншы, Ақкент, Абат, Жаркент қазір  Ұшарал мен Көктал ауылының арасындағы топырақ үйіндіге айналған  Түргенкент мекендерінің тарихы үйсін мемлекетінің  тарихымен өзектес жатыр. Бұлардың барлығы да зерттеу жүргізу керектігі сұранып тұр. Үйсін күнбилері бір орталықтан басқарылып тоғыз дәрежелі үкіметтік  ұйым құрмаса, ондағы  лауазымды адамдар қарауындағы  елге санақ  жүргізбесе, бодауындағы сақтар мен юечжилерден ұлы иозылардан салық  жинамаса 630 000 халқынан соғыс жағдайында 188 800 жасақ шығатындығын өздері жазып, тізіп  іс жүргізіп, хатқа түсірмесе қытай жылнамашылары бұл мәліметтерді  қайдан алған. Қытай тарихшылары елдің  оңтүстігі мен солтүстік  қиырына жүгіріп жүріп, санап шықпаған шығар. Жоғарыдағындай шаралар белгілі бір атқаратын міндеті бар қалыптасқан үкіметтік ұйымы бар елде ғана атқарылады. 

- Ғұндар тарихына  қатысты тарихи деректерге зер сала оқысақ ғұн  тәңірқұтының  ұлы даладағы үстемдігін біржолата құртуға кіріскен хан  патшалығының қалың әскері б.д.д. 71 жылы  үйсіндер мен ғұндардың  шығыстағы көршілері дүнхулармен, солтүстіктегі Енисей бойын жайлап  отырған динлиндердің көмегімен ғұндардың жеріне басып кіріп қантөгіс  ұрыс жүргізіп, аяусыз қырғынға ұшыратады. Оларға бағынышты  халықтың үштен бірін жойып жібереді. Осы жеңілістен кейін Байкал көлінен Түбітке  және Шығыс Түркістаннан  Сарыөзеннің (Хуанхэ) орта ағысына  дейінгі  территорияны алып жатқан алып ғұн империясының үстемдігі ішкі қайшылықтарға ұшырап соңы дағдарысқа әкеліп соқты. Ел басылардың оралымсыз  әрекеті  сыртқы жаулардан жеңілуі билік  үшін үздіксіз таққа таласу ғұндардың мемлекетінің  ыдырауының бастауы болып  табылады. Б.д.д. 47 жылдары ғұн мемлекеті екіге солтүстік және оңтүстік ғұндар болып бөлініп кетті. Хан патшалығына бағынғысы  келмеген  солтүстік ғұндардың тәңірқұты өзіне бағынған  елмен батысқа  қарай  ығысқан. Чжичжи  тәңірқұты (Шөже деп те беріліп жүр) Саян, Алтай, тауларының маңайын мекендеген  түркі  тілдес динлин, құша  (қыпшақтар), қырғыз тайпаларын өзіне  қосып алып үйсін патшалығына  жақындаған. Менің пайымдауынша бұл б.д.д. 47 жылдан басталып б.з. ІV ғасырының  екінші жартысына дейін созылған «Халықтардың ұлы қоныс аударуының» шығыстан батысқа  көшуінің «Алғашқы кіші қоныс  аударуы». Хан патшалығы  туғызған дүрбелеңдерден кейін ғұндардың қысымымен өзге  де  алуан текті тайпалар қазіргі  Қазақстан  территориясын көктей  өтіп алдыңғыларын  өздерінің  авангарды ретінде ығыстыра отырып, Еуропа далаларына жетті. Бұл шамамен үш ғасырға созылған үдеріс еді.  Чжичжи  тәңірқұтының  үйсін жеріне  келіп (үйсін иелігі бұл кезде үшке бөлініп кеткен) кіші кұнму Өжетке  елші салып  бағындырғысы келеді.  Осы жерде  айта кетуімізге  болады. Б.д.д 73 – жылдан кейін  Оңқай бидің қайтыс болуынан бұрын, басталған  таққа талас бір тілде сөйлейтін туыстас адамдардың үш күнбиге қарап үшке бөлінуі, қазіргі  қазақ жүздерінің  туындауына  географиялық жағынан аймақ – аймаққа таралып орналасуына  негіз болған сияқты. Кіші күнму Өжетті бағындыруға  шамасы келмегеннен кейін Чжичжи тәңірқұты үйсіндердің  батысындағы  қаңлы елінің  билеушілерімен бірігіп б.д.д 44 жылы үйсін еліне  шабуыл жасайды.  Ұрыс  барысында үйсіндердің астанасы Чигу (Қызылаңғар) қаласын басып алып  елді тонап, мал – мүлкін олжалайды. Үйсін елінің бас қаласында  отырып  үйсін жерінің біраз бөлігіне  б.д.д. 44 жылынан – 33 жылдарына дейін  Чжичжи тәңірқұты билік жүргізгендігін «Басғұншы»  атауының өзі – ақ  дәлелдеп тұр. Ғұндар қаланы  басып алып, тұрғындары  тонағанымен  қаланы өздерінің мекені еткен. Жаугершілік заманда стратегиялық жағынан алғанда ең маңызды жерге орналасқан  Қызылаңғар қаласы тоғыз жолдың  торабы десек те болады. Тянь – Шань тауларының шығыс Түркістаннан  созыла келіп Іле алқабына келгенде  екіге бөлініп бірі Іле Алатауы   болып,  екіншісі Жетісу (Жоңғар) Алатауы болып кететіндіктен де қос тау  ортасындағы  Іле алқабының жазығы солтүстігінде  Балқаш  Алакөлге,  оңтүстік батысы ұлы  далаға қарай созылып жатқан аймаққа ұласады. Чжичжи (Шеже) тәңірқұтының осы Қызылаңғарды орталық етуінің  айғағы Басғұншы ауылының атауынан көрініп тұр.

Басғұншы Алматы облысы Панфилов ауданының аумағындағы Қытаймен екі арадағы   мемлекеттік шекара болып саналатын Қорғас  өзенінің оң жағалауына  орналасқан ауылдық округтің орталығы болып табылатын қазір екі мыңнан аса халқы бар ауыл. Тарихын жаза берсеңіз тереңге кетеді. Оңтүстік батысында 7 шақырымдай жерде Алмалы елді мекені бар.  Басғұншы Патша өкіметінің отарлау  кезіндегі орыс империясы басып алған қазақ жері мен  Қытай мемлекетінің шекарасының түйіскен  жері. Әйгілі Қорғас кедені орналасқан. Басғұншы ауылы Қорғас елді мекенінің  солтүстігінде  Жетісу (Жоңғар) Алатауына сұғына еніп жатқан қызылаңғардың  (Қызылтаудың) орта тұсында  10 шақты шақырымдай жерде  орналасқан. Өскемен, Семейден басталатын берісі Қапал, Лепсі, Жаркент т.б.  тізбектелген көп станицалардың  басып алған жерлерін бағындыратын, ұстайтын патша өкіметінің  әскер  тұрақтарының бірі болған. Тұрғылықты  жұртты ашса алақанын да, жұмса жұдырығын да  ұстап отыратын патша өкіметінің тірегі  казак – орыс  әскерлерінің жазалаушы әскері тұрған мекен. Басғұншы атауының  өзі егемендік алғанға дейін сан құбылтып орыс тілінде  «Баскунчи» қазақша «Баскунча», «Баскунчан» аталып жүрді. Жергілікті ел бұл сөз Қытайдың «Баскунчан»  сөзінен шыққан  яғни «хун» - қызыл, «чан», «шань»-  тау, «Басқы қызыл тау» - деген  мағынаны келтіріп, соған сеніп те жүрді. 

Осы атауға зер салып  қарасаңыз қытайлар сөз құрауда яғни елді  мекенді  атауда түркінің  (қазақтың) «Бас» деген атауын  алғандығы қисынсыз. Сонда оларда да «бас» сөзі  қолданылатыны ма,  олай болса  олардың арасында да түркілердің әлі  күнге дейін қытайланбай жүргендері  бар ма ? – дегіңіз келеді. Тарих тереңін  зерделеп қараған адам, ол  ойдан лезде бас тартады.  Жер атауларының  қалыптасуы мен ел тарихы, елдену, ұйысу үдерісі жүргендігі  қоғамдық дамудың  ықпалымен  жүреді. Ондаған, жүздеген жылдар қатар өмір сүріп  отырған түркі тілдес тайпалардың арасында  бір заттың , іс – қимылдың  жер – су т.б. атаулардың бірнеше түрлі атауының жүруі заңдылық. Кез – келген  мемлекет бастапқы  құрылымында  белгілі бір аумақты иемденіп,  мекендеп, еншілеп, өсіп, өніп күшейіп қанатын кеңге жаяды. Тауға, тасқа,  өзен – көлге айдар тағып, ат қояды. Хань империясының аяусыз қанды қырғынынан кейін түркілер тарих сахнасына шыққанға  дейін Алтай тауының арасын  мекен  еткен деп айтылатын аңыздардағы  «Ергенеқон» атауына зер салып, талдап көрейік. «Ергенеқон» - атауы бастапқы кезде сол жерде кезінде   ертерек  келіп қоныстанған түркі тайпасының жаудан қашып  тоз – тоз болған қандастарын, руластарын жинап ел – жұрттың қасына шақырып «Іргеге қонсын», «Бірге қонсын» деген  атаулармен сабақтас секілді. Қазақ арасында бүгінгі күнге дейін осы  сөз ұмытылмай пайдаланылып келеді емес пе ? Мысалы бұрынырақта ауыл арасындағы істі шешіп жүретін жігіт ағасы  үйдегі үлкендерге келіп «Ағасы, ана кісілер  біздің анау жұртты сұрап отыр, сол жерді жайласақ үй тігіп қонсақ  дейді, қалай қарайсыз. Рұқсат етесіз бе ?» деп сұрап жатқанын талай мәрте құлағымыз естіді. «Жарайды жақын келіп отырамын десе, келсін ауылымыз аралас, қойымыз қоралас ел емеспіз бе, рұқсат, іргелес отыра берейік, үйін қондырсын» - дейтін еді. Осылай мақұлын алған қойшы ағайындар жақын келіп, үй тігіп, іргелес қоныстас болып отыратын. Керегесі мен керегесі  тиіп, «керегелес тұру», іргесімен «іргесі тиіп тұр» деген сөздерде  осы іс - әрекеттерден хабар береді. 

Қазақ киіз үйінің  құрамдас бөліктері «Іргесі», «Керегесі» дегенге  «Іргелес» деген ұғымдар қосылып жақын, жуық деген мағынаға  айналған.   Ендеше сан – саққа жүгіртіліп, айтылып, жазылып жүрген «Ергенеқон» сөзінің бастапқы түбірі «Іргеге қон», «Іргелес отыр» жақын қоныстаса, «иықтаса», «ұйыса отырайық»  деген мағынаны білдіретін тәрізді.  Аумалы – төкпелі заманда  ұлылар әп - сәтте  тас – талқан болып жұртта ұлып қалып. Кешегі көлеңкеде жүрген көп тайпалар билік басына тез көтеріліп өзгелерге өктемдік айтқан кезеңдегі мұндай қуғын – сүргін кезде  орын теуіп орнығып  қалған, көбейіп келе жатқан жұртты паналап,  іргелес қонып, ес жиып, етек  жабу  табиғи да  адами да заңдылық. Басқұншы атауы да түркілердің «бас» атауынан басталып тұр.  «Бас» сөзі көне Орхон – Енисей  тас жазбаларында жиі кездеседі. Күлтегіннің үлкен жазбасында   «Бастыны еңкейтті» Тоныкөк (VIII ғасыр) «Су басы Інел қаған» деген сөздерде «бас», «бастаушы», «басты адам» мағынасында  айтылып тұр. Ал «су» әскер ұғымын береді. (Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы 1991 жыл 14, 13 - бет). Басғұншы атауындағы «құн», «күн», «ғұн» деген сөздердің бәрі  ғұн тайпасына  меңзейді. Ал, «шы», «шақ» сөзі  ел, жұрт деген  ұғымды білдіреді (Қойшығара Салғараұлы . Көмбе. Алматы 1989 ж. 20 - бет). Сонда  «Басғұншы», «Басғұншақ» атауы  «Бас»,  «ғұн»  елі, жұрты, иелігі деген мағынаны, «ғұн» тәңірқұтының  ордасы  деген анықтама береді. Үйсін жерін басып алып,   ұзақ жылдар мекендеген ғұндар үйсіндердің Қызыл аңғар қаласының атауын өзгертіп, өз мемлекетінің билеушісінің ордасы, ел билеушісінің басты мекені «Басғұншы» (Қызылорда дегендей) деп атаған, атын берген. Ресейдің  Батыс Қазақстан  облысымен шектесетін  жеріндегі  Басқұншақ көлі мен жоғары Басқұншақ елді мекені  Жаркент аймағындағы Басғұншы  атауымен түбірлес әрі  мағынасы  бір ұғымдар. Арал теңізінің  оңтүстігі мен  Каспий теңізінің  солтүстік жағынан  Европаға  қоныс аударып бара жатқан  ғұн тайпалары  үздіксіз  көше бермеген. Шығыс Европаның далаларына  жеткенше жайылым қуалап, қоныстарын ауыстыра отырып, отар – отар қойын,  үйір – үйір жылқысын, табын – табын  сиырын жылжыта отарып, орталық  Европаға  жеткенше үш жүз  жылдай  уақыт өткен. Ғұндар Еділ өзенінің  маңайына  қоныстанып, жан – жағындағы өздеріне  жаулықпен қараған елдерге  қарсы жаугершілік ұрыстар жүргізген. Атын естігенде  орталық  Европаның  корольдері естен танып қалатын,  ғұндардың айбарлы ұлы   патшасы Еділ (Атилланың)    кезіндегі   Басқұншақ (Баскунчак) көлімен Басқұншы (Баскунчак) елді мекендері біздің Жаркент өңіріндегі  ғұндардың билеген кезіндегі Басқұншы мекенінің    тілдік өзгеріске ұшыраған орыс тіліндегі атаулары. Батыс Еуропа жеріне  ішкерілей еніп. Жылжып  бара жатқан  ғұн жаулаушыларын бөлініп қала бастаған қыпшақ тайпалары   зор қысымшылық көріп, Ертістің бойынан батысқа қарай  орыс князьдарының иеліктерімен көршілес қонған. Ресейдегі Баскунчак  көлі мен Баскунчак елді мекені атаулары қыпшақтың «Құншақ», орысша «Кончак» аталатын   ханының атымен қойылған деген деректердің  «ғұн» атауынан шыққанын дәлелдейді. Тұжырымыммен келісетіндер де баршылық. Рас, ғұн тайпаларының  құрамындағы    қыпшақ тайпалары   Еділ мен Дөң даласының   арасын кейініректе де  жайлаған. Қазақ жерінің оңтүстігіне орналасқан    үйсін мемлекетінің  аймағына  ғұндар б.д.д. 47 жылы  қоныс аударып келді. Олар өздерімен  мен динлин, құша (қыпшақ), қырғыз т.б. көптеген тайпаларды   қосып ала келген.Сондықтан да бұл өңірдегі атауларға көшпелі  ғұн тайпасының құрамындағы елдердің өздері келіп   қоныстанған мекенге тайпа атауын, тайпа көсемнің , ру басы ақақалының,  би, батыр атауларын   қойды   деуімізге  негіз бар.Сондықтан да  Ресей жеріндегі  «Баскунчак» пен Жаркент аймағындағы «Басғұншы» атауы   ғұн патшасының немесе оның құрамындағы қыпшақтардың, құншақтар атауымен қонысы, мекені, орталығы деген тұжырымға сарындас екенін көреміз. 


Балбал тастар

 1. Балбал тас Қорғас өзеніне солтүстік батыстан келіп құятын Алмалысу өзенінің оңтүстік жағындағы  жадағай келген қырат үстіне қойылған. Тасты тұрғызғандарды  көзі көрген адамдар, жер жыртып жүргендердің «қасиетті тас» деп жақын маңнан  сүйреп әкеліп, тікейтіп тұрғызып жан – жағына топырақ үйіп қойғандығын айтады. «сынған балбал тастың» биіктігі 1 метрге жуық, қалыңдығы 161 см ақшыл түсті, жұмыр, күйреуік тастан қашалып жасалынған. 

    2. Кезінде  «Красный Восток»  колхозының егіс алқабының арасында жатқан тасты осыдан 30 жылдай бұрын жер жыртып  жүрген  трактористер егістіктің шетіне алып шығып, тікейтіп тұрғызып қойған. Алғашқы кезде  балбал тастың қасбеті қай тұсқа қарап орналасқандығы белгісіз. Балбал  тас көкшіл, жұмыр граниттен қашаланып жасалынған. Биіктігі – 1,5  метрдей, бас жағының жуандығы – 118 см, ортаңғы тұсы – 157 см, түп  жағының жуандығы – 160 см. Батыс жағындағы  жазықта  қазіргі  кезде  тегістеліп кеткен көне  тастан қаланған обаның үйіндісі жатыр. Балбал тасқа   біздің шамалауымша  ер адамның, онда да  сақалды адамның  кейіпі  түсірілген. Омырау  тұсындағы кейбір  ұзынша  сызықтардан киімшең  тұрғандығы   байқалады.

3. Балбал тас – Қорғас өзенінің батысында, Басқұншы ауылының солтүстік   жағындағы 12 шақырымдай жердегі «Ноғай бейіт» деп аталатын қазіргі  мұсылмандар зиратынан 100 метрдей жерде тұр. Кезінде «Красный Восток» колхозының егістігінің ортасында жатқан тас болатын. Мұны да жер жыртып жүрген ауыл азаматтары егістіктің шетіне  шығарып, тұрғызып қойған. Алғашқы кезде балбал тастың қасбеті қай  тұсқа қарап тұрғызылғандығы белгісіз. Балбал тасқа біз шартты түрде сынған тас деп  айт қойдық. Себебі, тастың адам кейіпі  қашалған  бет жағы басынан  бастап кіндік тұсына дейін жарылып, бөлініп  кеткен. Жарылған  бөлігінің  егіс алқабының қай жерінде жатқаны белгісіз. Шамамен үй орнындай жерді  қазса тауып алуға  болатын секілді. Бас жағындағы сынған тұсының қалыңдығы – 176 см, орта тұсындағы жуандығы – 161 см, ақшыл түсті.

          Жетісудің шұрайлы жеріне  қоныстанған үйсіндердің құрамына осы аймақты  бұрыннан қоныстанған, мекендеген автохтонды, жергілікті тайпалар және қанша қысым көрсе де өзгелерге ермей, осы жерді  мекендеп қалып қойған ұлы иозылар мен сақтардың ұрпақтары бар еді. Жергілікті  тайпалар деп маңыз бере атап отырғанымыздың төркіні мынада. Көптеген оқиғалар, аласапыран соғыс, әртүрлі  тайпалардың ит жығыс  ұрысы осы тұрғылықты тайпаның  адамдарының көз  алдында өтіп жататын.  Көптеген жаулаушы тайпаларға  ат қойып айдар тағып, жіберетіндер де осылар. Мысалы ғұндардың билеушісінің «шаңиу» деп аталғаны белгілі.  Бұл атау ғұндар  үшін биік  лауазымды білдіреді, бодан адамдарының  бәрі бас  шұлғып құдыретін мойындайды. Ал тұрғылықты  адамдар үшін  бұл үйреншікті  жағдай болатын. Қилы замандарда билеушілер  алмасып, халық бірі көшіп, бірі келіп жатқан кезінде  басқыншылардың бірі кетіп, бірі келіп жатқан кезінде қарапайым халық ешнәрсесін жоғалтпай туған жерін мекендеп, қала беретін. Келімсектер үздіксіз келіп, кетіп жататын. Атақты ақын Мұқатай Жылқайдаров айтқандай  «Сен қалмайсың бұл Кегенде, мен қалам» дегендей ой еді. Өзгелер атын  естісе тізесі  қалтырайтын   ғұн тәңірқұтының  қытайша  атауы  «шаңью» жергілікті халыққа үрей туғызарлық болса да өзара қолданыста кекесін мағынасында пайдаланғандығы сақталып,  бізге дейін жеткен.  «Шаңью» сөзі тұрғылықты елдің тілінде, кекесінді мысқыл түрінде қолданылғандығы сақталып қалған. Мысалы «Шәниіп тұрысын қарашы» немесе «неменеге  шәние қалдың?» деген мысқылдар  соны меңзейді. Немесе ел арасында сақталып қалған  жұмбақ жасыруда айтылатын 

Дүбір, дүбір, дүбір – дай,

Жер астында жүгірді – ай.

Шәниәнің баласы,

Мылтық ала жүгірді – ай – деген сөздерде ойымызды  айшықтай түседі. 

   Ұланғайыр даланы мекендеген  түркі жұртының тарихы  көптеген рулық – тайпалық құрлымдармен тығыз байланысты. Ғұн тайпаларымен  үйсін, сақ, ұлы иозы, қаңлы тайпаларының арасында  тілге  байланысты  қиыншылықтар туындамаған секілді.  Болса да шамалы диалектілік ерекшеліктері болған  болуы керек. Үш тайпаның да діни наным сенімдері мен  қайтыс болған адамдарды жерлеу  ғұрыптарында  да  көп айырмашылықтар жоққа тән. 

Үйсіндердің билігін шектеген біраз жылдарға созылған күрестен кейін өздеріде батысқа қарай жылжып кеткен ғұндардан соң б.д. VI  ғасырының аяғында  шекарасы батыста  Византиямен түстікте Персиямен  арасында Үндістан мен ал шығысында Қытаймен шектескен  Түрік  қағанатының құрылуы қазақ даласында өшпес із қалдырды.

                                         

Алмалы ауылы, Панфилов ауданы

2.jpg



3.jpg

4.jpg

5.jpg

6.jpg


Молот СОЛТАНАЕВ,

ҚР Білім беру ісінің 

озық қызметкері, тарихшы.


Mezgil.kz  



Ұқсас тақырыптар