Суретшілер одағынан шу шыға бастады

Жуырда Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайы айғай-шумен өткен еді. Ендігі кезек - Суретшілер одағына келген сияқты. 85 жылдық тарихы бар ұйым 26 сәуір күні кезекті құрылтайын өткізбек. Былтыр жыл соңында өтуі тиіс құрылтай белгісіз себептермен кейінге шегерілген.

Суретшілер одағының бар екенін көп жұрт біле бермейді. Әдетте, бұйығы тірлік кешетін суретшілер туралы көп айтылмайды. Кеңес одағы ыдырағаннан бастап бұл ұйымның кетеуі кетіп, өзіне тиесілі көптеген жылжымайтын мүліктерінен, шеберханаларынан, демалыс орындарынан айырылған. Шығармашылықпен айналысатын мүмкіндігі шектелген олар зар-мұңын тыңдайтын орта іздеп келеді. Баспасөз беттері, телеарналар мен сайттар да суретшілер лабораториясына назар салуға құлықсыз. Сондықтан болса керек, өздерін өгей баладай сезінеді. "Абай" сайтында бір топ суретшінің президентке, министрлікке, басқа да құзырлы орындарға жазған ашық хаты жарияланыпты. Онда олар өз пікірлерін білдіріп, "заңсыздық көбейді, Суретшілер одағы белгіленген жарғыға сай жұмыс істеп отырған жоқ" дегенге саятын бірнше мәселені көтеріпті. Олардың пікірлерінше, Одақ өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқарып отырған жоқ. 

85bb2adb630ad48511a5c77564fb89ef.jpg

(Суретшілер одағының қазіргі Төрағасы Ө. Жұбаниязов)


Хат иелері төмендегідей бірнеше мәселені көтеріпті.

Біріншіден, одақ жұмысында ешқандай жариялылық жоқ. Қазіргі одақ басшылары 2009 жылы қоғамдық ұйым болып қайта тіркелген ұйымды жекешелендіріп алған болуы мүмкін. Одақтың 10 құрылтайшысы бар көрінеді. Олардың қатарында одақтың бұрынғы Төрағасы Б. Өмірбеков бастаған Т.Ордабеков, Камилла Ли, Ө.Жұбаниязов, З.Түсіпова, Р.Бертілеу, Б.Оспан, Қ.Кәкімов, Қ.Каметов, С. Әлчембаев қостағандар бар. Олар мұндай мүмкіндікке қалай ие болып жүр деген сұрақ қояды. 

Екіншіден, Суретшілер одағының Үкіметпен байланысы нашарлаған. Мемлекеттік билік бұл ұйымның бар екенін де ұмытып кеткен-мыс. Сондай-ақ, Одақ басшылары сайлаушылардың құқын бұзып отыр. Облыстан құрылтайға келетін әр делегат 15 мүшенің атынан дауыс бермек көрінеді. Мұндай бассыздыққа төзуге болмайды.

Үшіншіден, алдыңғы құрылтайда шешуге уәде етілген шеберханалар мәселесі әлі толық бітпеген. Алматыдағы шеберханалардың көбінің құжаты рәсімделмеген. Шеберханаларды жылытуға бөлінген ақшаның қайда кеткені беймәлім.

Одан басқа орындалмаған құрылтай қаулылары деп төмендегі түйткілдерді тізіпті:

- Суретшілердің толық анықтамасы шығарылып, жарияланбады;

- Тапсырыс іздейтін агенттік ашылмады;

- Суретшілер Одағының XVI  құрылтайының қаулысында айтылғандай, Алматы қаласының Қабанбай батыр (229/147)  көшесіндегі шеберханаларды жекешелендіру 2014 жылғы 1-ші қаңтарға дейін аяқталу керек еді, бұл орындалмады дейді.

Сонымен бірге, Суретшілер одағы орналасқан ғимараттағы екі қабатты галереяның сатылған не сатылмағанын ашып айтпай отыр деп кінәлайды.

Жалпы, олар суретшілердің жай-күйімен Одақ мүлдем санаспайды деген ой айтып, алдағы Құрылтайда осы мәселелер ескерілуін талап етеді.

Хатқа белсенді топ атынан Берістенов, Абдраман, Күлбай, Құмаров, Досмағамбетова, Мырзахметов, Шалбаев есімді 7 адам қол қойған.

Біз Суретшілер одағымен жақсы қарым-қатынастағы жас суретшінің бірінен хат туралы пікірін білуді мақсат еткен болатынбыз. Өзінің атын атамауды сұраған ол: "Бұлардікі жоқ жерден пәле іздеу" деді.

Оның ойынша, бұл хатқа қол қойғандарды суретшілер мойындамайды. Үнемі дау-шар іздеп жүретіндер. Олар қазіргі Одақ төрағасын орнынан тайдырып, басшылыққа өздері келуді көксейді.

"Мезгіл" сайты алдағы уақытта Суретшілер одағының пікірі мен өзге де суретшілердің көзқарасын ұсынатын болады.

2009 жылы Суретшілер одағының сол кездегі Төрағасы Е. Мергенов те айғай-шумен орнынан кеткен еді.

"Мезгіл-ақпарат"


Ұқсас тақырыптар