Аймақ тыныштығы – әлем тыныштығының кепілі

3.jpeg


Бірнеше жылдан бері мүдделер қақтығысы мен қанды соғыстың ошағына айналған Сирия төңірегіндегі текетірестер өткен аптада әлем жұртшылығының назарын айрықша аударғаны белгілі. Бұл мәселе жақында Сауд Арабиясының Дахран қаласында өткен Араб елдері лигасы саммитінің негізгі тақырыптарының бірі ретінде талқыланды. АҚШ пен одақтастарының соққысын Сауд Арабиясы, БАӘ сияқты елдер қолдаса, Алжир, Ливан және Ирак бұл шабуылды құп көрмейтінін білдірді. Сонымен қатар кездесудің күн тәртібіндегі мәселенің тағы бірі – Палестина мәселесі, Йемендегі дағдарыс болды.

Йеменде әскери қимылдар жүргізіп жатқан Эр-Рияд бастаған коалиция наурыздың соңында Йемен тарапынан Сауд Арабиясына бағытталған жеті зымыранды атып құлатқанын хабарлаған болатын. Коалицияның мәліметінше, ол зымырандардың үшеуі Саудияның астанасына бағытталған көрінеді. «РИА Новостидің» хабарлауынша, Араб елдері лигасының саммитінде Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд Тегеранды осы мәселеге қатысты айыптап,  зымырандардың Иранда жасалғанын алға тартқан. Артынша Mehr News Иранның Сыртқы істер министрлігі бұл айыптауды жоққа шығарғанын хабарлады.

Жалпы, Йемендегі қарулы қақтығыс 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыттан бері шиизмнің «Ансар-Алла» қозғалысына жататын хусит көтерілісшілері үкімет әскерімен соғысып жатыр. 2015 жылдың наурыз айында Сауд Арабиясының бастамасымен коалиция құрған суннизм тармағындағы араб елдері үкімет әскерлеріне болысып, Йемендегі шииттерге қарсы әуеден соққы беруде.

Иранның қолдауымен хуситтер 2014 жылы Йемен астанасын басып алып, үкіметті Сауд Арабиясына қашуға мәжбүр еткен. Содан бергі ұрыстар үздіксіз болмаса да сирек соққылармен жалғасып келеді.

Екі тарапты бейбіт келісімге шақырған БҰҰ-ның әрекеттері еш нәтиже бермеді. 2016 жылы БҰҰ мұнда ондаған мың адамның қаза болғанын мәлімдеген, содан бері қаза болғандар саны арта түскені айтылады, алайда нақты мәлімет жоқ.

Исламның шиит тармағын ұстанып, зейдит мазхабын тұтынатын мұсылмандардың әскери топтары – хуситтер негізінен Йеменнің оңтүстік аумағында орналасқан. 2011 жылы Йемендегі төңкеріске қатысып, президент Али Абдалла Салехті тақтан кетіруге осы топтар белсене қатысқан. 2014 жылы Йеменнің астанасы – Сана қаласын басып алғаннан бері елдің іс жүзіндегі билеуші ұйымы да осылар болып табылады. Болжам бойынша бұларды Ирандағы «Хезболла» партиясы қолдауда.

Сауд Арабиясымен бірге оның оншақты одақтастары (бұлар сунниттер) хуситтердің билік басына келуіне қарсы 2015 жылғы наурызда «Батылдық дауылы» атты операция жасап, Йеменнің аумағында авиа соққылар берген. АҚШ бұл операцияларды қолдайтынын жариялаған. БҰҰ-ның деректеріне қарағанда, бұл қырғында 6400 бейбіт тұрғын қырылып, 30500-дей адам түрлі жарақаттар алды.

Хусит өкілдері бұл соғыстың аймақтағы үлкен қантөгіске ұласатынын жариялаған. Көптеген сарап-шылар оның негізі де жоқ емес екенін айтады, өйткені төңкерісшілерді дін қарындастары болып табылатын Иран қолдайды. «Би-би-си»-дің «Бесінші қабат» атты сараптамалық бағдарламасында сарапшы М.Смотряев пен шығыстанушы Е.Супонина бұл кикілжіңнің түбінде Иран мен Сауд Арабиясының аймақтағы көшбасшылыққа таласуы жатқанын айтады. Сонымен қатар бұрын екі мемлекет болып келіп, 1990 жылдардың басында біріккен Йемендегі шииттер мен суниттердің ежелгі қақтығысы жандана түскені айтылған.

Осы кикілжіңде Иран Сауд Арабиясын Йеменнің егемендігіне қол сұғып отыр деп айыптайды. Шығыстанушы Е.Супонова Иран мен Сауд Арабиясының өзара текетіресі Йемен оқиғасынан да бұрын басталғанын айтады. «Олар бұған дейін Сирияда, Ливанда және Иракта да қақтығысқан болатын. Енді Йеменде Иран хуситтерді ашық қолдауда», дейді сарапшы.

Екі елдің арасындағы кикілжің 2016 жылдан ашық текетіреске ұласты. Осы жылдың басында Сауд Арабиясында терроризмге қатысушы және оған шақырушылар деген айып тағылған 47 адам өлім жазасына кесілді. Соның ішінде Саудиядағы шиизмнің көрнекті уағызшысы – 57 жастағы Нимр ан-Нимр де болған еді. Бұл Иран астанасында бұрқ еткен қарсылықтарға ұласты. Тегерандықтар Сауд Арабиясының елшілігіне шабуыл жасап, оны тас-талқан қиратты. Әрине, Иран полициясы содырлардың ішінен 38 адамды ұстап, қамаған. Бірақ бұл іс Сауд билігін тыныштандырған жоқ, сыртқы істер министрі Адель әл-Жубейр Иранмен дипломатиялық қатынастардың үзілетінін жариялаған.

Иран мен Сауд Арабиясының дипломатиялық қатынастарды үзуі бұрын да болған. Нақтырақ айтсақ, 1988 және 2016 жылдары. Екі ретте де Сауд Арабиясының бастамасымен жасалған. Өз кезегінде Эр-Рияд Тегеранды еліндегі шиит оппозициясын қолдайды деп кінәласа, Иран жағы сол шииттердің құқы тапталуда деп қарсыласын жазғырады. Сонымен бірге ирандықтар Меккеге қажылық парызын өтеуге бару үшін енгізілген квотаның аздығына қарсылықтарын білдіріп келген.

Айта кететін жайт, КСРО Сауд Арабиясымен 1926 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанда онда алғашқы өкілетті уәкіл (ол кезде елшілер осылай аталған) болып қазақ азаматы Нәзір Төреқұлов тағайындалған. Бірақ кейін сталиндік саясаттың озбырлығын жақтамаған Саудиямен қатынас толықтай үзіліп, ол тек 1991 жылы қалпына келтірілген болатын.

Сауд Арабиясы АҚШ-тың Парсы шығанағы елдерінің арасындағы ең жақын одақтасы болып саналады. Сондықтан Саудия Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың былтырғы жылдың қазан айында Ресейге жасаған ресми сапарының барысын Washington Post газетінің шолушысы Адам Тейлор АҚШ басшылығының «үздіксіз қадағалап отырғанын» жазды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д.Песковтың айтуына қарағанда екі елдің арасындағы осы сапардағы келіссөздер аймақтағы қауіп-сіздік пен бейбітшілік мәселелерін талқылаумен қатар «әскери-техникалық ынтымақтастықтар мәселесін қамтыған». Мұны кейбір басылымдар Ресейдің түрлі қаруын Саудияның сатып алатын-дығымен байланыстырды. Былтырғы жылдың соңына таман хуситтер Саудияның астанасы Эр-Рияд қаласын баллистикалық зымыранмен атқылады. Сауд Королі бұл істе Иранды айыптап, хуситтерге зымырандар берді деп ашық жазғырған. АҚШ басшысы да бұл оқиғаға салғырт қараған жоқ. Президент Д.Трамп та Саудия басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, өзінің «Сауд Арабиясымен тілектес» екенін жеткізгенін Ақ үй ресми түрде жариялады. Сонымен бірге Ақ үйдің мәлімдемесінде екі жақ та зымырандық соққыны жасаған Иранның «Ислам төңкерісінің күзет корпусы» екеніне келісетіндігі айтылған. Ал бұл ұйым Иранның элиталық әскери-саяси құрылымы. Олар өздерінің хуситтерге ешқандай зымыран бермегенін мәлімдеген. Хуситтер болса, зымырандық соққы жасағандарын мойындап, мақсаттары корольдің сарайын талқандау екенін жасырмады. Бірақ Саудиядағы суннит коалицияның өкілі, полковник Турки зымырандар қаланың тұрғын аудандарына бағытталғанын, алайда олар әуе қорғанысы күштерімен зарарсыздандырылғанын мәлімдеген.

Жуырда Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман әл-Сауд өз елінің Иранмен соғысы алдағы 10-15 жылдан кейін болуы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында ол халықаралық қауымдастықты Тегеранға қарсы жасалатын санкцияларды күшейтуге шақырды. Эр-Риядтың негізгі тағар айыбы – Иранның хуситтерді қолдап, оларға астыртын қару-жарақ беруі.

Иранға қарсы санкциялар тоқтатылғаннан кейін бұл елдің аймақтағы ықпалы артқан болатын. Ол қол-дайтын Ирактағы шиит жасақтары да қуатты күшке айналды. Сирияда Ресеймен бірлесіп қорғап отырған Башар Асад та әлі күнге тақтан таяр емес. Ал Саудияның бұл елдердегі мүддесі Иранға кереғар болғанымен, көздеген мақсатына жете алмай отыр. Ал екі елдің Йемендегі текетіресінің қалай өрбіп жатқанын жоғарыда жаздық.

Сарапшылар осы текетірес қарулы қақтығысқа ұласса Саудияны америкалықтар, Израиль, Египет және басқа да суннит әлемі қолдайтынын айтады. Ал Иранды Ресей қолдауы мүмкін, бірақ оның соңғы кездердегі Саудиямен жақсы қарым-қатынасы қақтығысқа ашық араласудан тежеуі мүмкін дейді, кейбір саясаткерлер.

Иран мен Саудия арасындағы кикілжіңдер осылай өріс алуда. Оған көптеген халықаралық ұйымдар мен бейбітсүйгіш әлемдік қауымдастық өз тарапынан үн қосып, бейбіт келісімге келуге шақыруда. Әзірге ол оң нәтиже бере қойған жоқ.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»


Ұқсас тақырыптар