«Жаңа Қазақстан» форумы: Америкада айтылған алаш аманаты

24-27 маусым аралығында «Жаңа Қазақстан» Форумының өкілдері АҚШ-та болып, осы елдің мемлекеттік органдарында, осында орналасқан бірқатар халықаралық демократиялық институттар мен зерттеу орталықтарында кездесулер өткізді. АҚШ-тың көрнекті БАҚ өкілдерімен де сұқбаттар ұйымдастырылды.

АКШ.jpg

Жүздесулердің негізгі тақырыбы ресми Қазақстанның халықаралық демократиялық ұйымдары алдындағы міндеттемелерінің орындалу барысы болды. Сонымен бірге, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуал да кеңінен талқыланды.

АҚШ саяси истеблишменті мен беделді сарапшылары, әсіресе, Қазақстан алдында тұрған аса жауапты кезең – билік транзитіне ерекше қызығушылық танытты. Осы мәселеге қатысты «Жаңа Қазақстан» Форумының позициясымен танысты. Біз болсақ, бұл процесс ат төбеліндей топтың құпия шешімі ретінде емес, бүкілхалықтық, ашық та әділ сайлау арқылы жүзеге асуы керек деген ұстанымымызды америкалық әріптестерге жеткіздік. Бұл процеске ұлттың интеллектуалдық элитасы да белсенді түрде қатыстырылуы тиіс. Бұндай демократиялық шартсыз билік транзиті саяси, құқықтық және моральдық тұрғыдан алғанда негізсіз әрі ел болашағы үшін аса қатерлі болмақ. Осы тұрғыдан алғанда елге жаңа Конституция мен халықаралық стандарттарға сайлау заңнамасы қажет екені атап өтілді.

Кездесулер барысында Қазақстандағы саяси оппозицияның аясы құқықтық тұрғыда тарылып, адам құқы мен сөз бостандығы аяқ асты боп жатқаны да талқыланды. Осы тұжырымды растайтын нақты фактілер келтірілді.

Осы тұрғыда америка жағы «Жаңа Қазақстан» Форумының болашақта тіркеуден өту процедурасына тиісті мониторинг жасап отыратыны атап өтілді.

«Жаңа Қазақстан» Форумы осыған дейін Қазақстандағы зұлмат «Ашаршылық» тақырыбын тек ел ішінде ғана емес, әлемдік дәрежеде көтеріп, оған халықаралық деңгейде құқықтық-саяси баға беру жайында нақты қимыл-әрекет жасайтыны туралы мәлімдеген болатын. Қолдан әрі қасақана жасалған «Ашаршылықты» қазақ ұлтына қарсы сталиндік жүйе жүргізген геноцид ретінде мойындап, оған саяси баға беру Қазақ мемлекеті мен қоғамының шынайы отарсыздануы мен құлдық санадан арылуының нышаны болып табылады.

Бұдан бұрын біздер Брюссельге барып, Еуропарламент депутаттары алдында осы мәселені қозғап, қолдау тапқан болатынбыз. Ендігі кезекте АҚШ Сенаты мен Конгресінде Украина, Шығыс Еуропа елдеріндегі геноцид пен коммунистік жүйе қылмыстарын әшкерелеп, оларға саяси баға беретін құжаттарды қабылдау қажеттігі туралы мәселе қойдық. Соны жүзеге асырудың оңтайлы жолдары, шарттары туралы мол ақпарат алмасып, нақты ұсыныстар айтып шықтық. Украинадағы «Голодоморды» ұлтқа қарсы жасалған геноцид ретінде тану туралы құжатты қолдаған АҚШ конгрессмендері бұл мәселеге қызығушылық танытты.

АҚШ Сенатының Халықаралық қарым-қатынастар мәселелері жөніндегі Комитеті басшылығымен кездесуде Орталық Азия мен Қазақстандағы азаматтық қоғамның жаңаша сапаға көшіп жатқандығы аталды. «Жаңа Қазақстан» Форумы біздің аймақтағы демократияға қатысты жағдайды талқылау үшін Комитеттің арнайы тыңдауын өткізуді ұсынды. Ондай іс-шара бұдан бұрын ұйымдастырылып отырған болатын.

Helsinki Comission, National Democratic Institute және USAID секілді беделді халықаралық демократиялық құрылымдар жетекшілерімен кездесуде Қазақстандағы адам құқын қорғау мәселелері, саяси тұтқындар және оларды босату қажеттігі туралы айттық. Ерекше тақырып ретінде Жаңаөзен қанды қырғынының себеп-салдарын зерттеп, анықтау, осы қылмысқа қатысы бар барша лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі де қозғалды.

Қазақстан азаматтық қоғамының әлемдік деңгейдегі сарапшылық-талдау орталықтарымен қоян-қолтық қарым-қатынасын орнату, елдегі және Орта Азия аймағындағы шынайы ақпаратты соларға жеткізу секілді өзекті мәселе де назардан тыс қалған жоқ. «Жаңа Қазақстан» Форумының өкілдері әлемге аты мәлім Atlantic council, Center for Strategic and international studies сияқты іргелі ұйымдармен, талдау орталықтары, Джорджтаун университетінің мамандарымен аса қызықты, пайдалы басқосулар өткізіп, өзара келісімге келді. Біздің делегация құрамында елге танымал саясаттанушылар мен сарапшылар болғаны да осы талқылаулардың мазмұнды өтуіне өз септігін тигізді.

«Жаңа Қазақстан» Форумының өкілдері АҚШ Мемлекеттік департаментінің Орталық Азия бойынша және Демократия, адам құқықтары және еңбек мәселелері бойынша бюроларының басшыларымен өзара мүдделі келіссөздер өткізді. Белгіленген регламенттен әлдеқайда ұзақ жалғасқан әңгіме барысында аймақтағы аса күрделі геосаяси ахуал талқыланды. Постсоветтік кеңістіктегі Кремль пропагандасының жаңаша қырлары да атап өтілді.

Осы кездесуде Қытайдағы Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданында қазақтарға жасалынып жатқан қысымға қатысты ерекше алаңдаушылық білдірілді. Осы орайда аталған түйткілді шешудегі адам құқықтары саласындағы халықаралық тетіктерді пайдалану маңызы алға тартылды.

АҚШ-та ерекше ықпалға ие Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі басшылығымен пікір алмасуға тек қана Қазақстандағы емес, Орталық Азиядағы тұрақтылыққа төнген қауіп-қатерлер тиек болды. Бұл тұрғыда аймақтағы діни экстремизм пен ұлттық сепаратизмге қарсы тұру жолында тиісті ақпарат және сараптаулармен алмасып тұру өзектілігі айтылды.

Сондай-ақ сапар шеңберінде Америка ғана емес, әлемдегі ең беделді деген газеттердің бірі саналатын «The New York Times» тілшісіне ауқымды сұхбат берілді.


Әміржан ҚОСАН,

«Жаңа Қазақстан» Форумы,

Вашингтон, 27 маусым 2018 жыл

Facebook-тегі парақшасынан


Ұқсас тақырыптар