Байғали Есенәлі. ПИ...ПИ...Пираты двадцатого века

12.jpg


Тілек деген мүсінші досым бар. Шын аты Тілеуберді.  Жақсы тілегі дайын тұратын мінезі бар, сосын Тілек деп кеткем. Былай, ақкөңіл аңқылдаған жақсы жігіт.  Суретші, мүсінші атаулы жаратылысында тұйықтау келеді ғой. Мынау да сол. Бірақ, сақтаулы сырларының тиегі ағытылып кетсе, әңгіменің не бір түріне қарық боласың. Сондай сәттердің бірінен ойда қалған естелік еді.     

90-шы жылдардың орта шенінде көркемөнер институтын тәмәмдаған Тілекті Шымкент облысына (кәзіргі ОҚО) қызметке жібереді. Күнделікті жұмысын атқарып жүрген жас маманды бір күні бастығы шақырып алып Жетісайға іссапарлатыпты. Себебі, аудандық алаңда 7-ші қазан мерекесіне орай  еңбекшілер демонстрациясы өту жоспарланған. Сол мерекені жаңа көсеммен бірге қарсы алуды жақсы ырымға санап, ескі Ленииннің ескерткішін сырып тастаған екен.  Құдай ұрғанда сонша күттіріп, сонау Мәскеуден келген жаңа Лениннің мүсінінде бір кемістік бар дейді, соны түзету үшін салып ұрып облыстан суретші шақыртыпты. Жаңа бітіріп келген жас маман болған соң осы бір үлкен істі Тілекке сеніп тапсырғанды жөн көріпті. Бастық айтты бітті, Тілек Жетісайды бетке алып тартып кетіпті.  

Тілектің келе жатқан автобусының номірін біліп алған Райком (ол кезде аудан басшысын солай атайтын)  өзі машинасымен келіп күтіп алыпты. Соған қарағанда жаны әбден қысылып, мұрнының ұшында ілініп тұрса керек. Шыдай алмай Тілекке жол бойы мәселенің мән-жайын түсіндіреді. Қысқасы; Мәскеуден келген ескерткіштің  басы,  кеудесі,  бөксесі,  аяғы, қолы  әр вагондарға бөлек салынып,  бөлініп-бөлініп жетеді екен. Бәрін Шымкенттің вокзалынан түсіріп алып, бес-алты камазға тиеп әрең дегенде жердің түбіндегі Жетісайға жеткізіп,  ит әуреге түсіп кранмен орын-орнына қойып қараса таза масқара!.. Мәскеуден келген көсемнің басында да шәпкі, қолында да шәпкі дейді. Мәскеуге телефон соғып істі орнына келтіру қайда, оған құрығанда тағы бәленбай уақыт кеткелі тұр. Қазан мерекесіне бар-жоғы бір ақ апта қалған. Басына шәпкі киіп, қолына қосалқы шәпкісін ұстап тұрған Ленинді көрген сәтте-ақ Райкомның жүрегі қысылып ауруханаға түсіпті! Байғұс Шымкенттен келген жас суретшіні құтқарушысындай көріп ауруханадан шығып ауданның кіре берісінен күтіп алғаны сол екен. Райкомның күтіп алған құрметін түсініңкіремей, өз-өзінен қысылып отырған Тілек:

—Сол ескерткішті Мәскеуден алдырмай-ақ, Ал...ал...алматыға заказ бере салмадыңыздар ма?—деген екен, әлгі Райком зар-илеп қоя беріпті:

—Ойбай-ай! Айтпа деймін. Атаңа нәлетті қайдан білейік! Лениннің шыққан жері сол болғаннан кейін Мәскеуліктер дұрысырақ жасай ма деген едік. Оның үстіне қырғыздардың—Ленині қырғызға, өзбектің—Ленині өзбекке, грузиндікі грузинге ұқсап кетеді ғой. Алматының мүсіншілері қазаққа ұқсатып қоя ма, не де болса Мәскеуден алдырайық деген едік қой. Енді көрмейсің бе, орысың да оңдармапты. Қолында да шәпкі, басында шәпкі. Қап!

Мәскеуде Лениннің қай бір қадірі қалды дейсің, вокзал басындағы жартылай мас жұмысшылар қолына ілінген мүшесін түгендеп жүргенде шәпкісіне қарайды ғой деймісің. Тілек осыны ойлап отырғанда машина аудан орталығындағы алаңға келіп тоқтай қалады. Мәскеулік Ленинді ақ матамен орап тастапты. Кешкі мезгіл болған соң ешкім көрмес деп ақ матаны түсіргенде, басқаны қойып Тілек те таң-тамаша қалыпты.  Екі шәпкіні бірдей иеленіп тұрған жарықтықтың мына тұрысын неге жорырыңды білмейді екенсің. Біреудің шәпкісін тартып алып, қашып келе ме? Жоқ әлде шәпкі туралы әлемдік маңызы бар әңгіме айтып тұр ма? Әйтеуір ойыңды сан-саққа жүгіртетін бір көрініс. Бүкіл аудан басшыларын әбігерге салған күн көсемнің ойында түк те жоқ, алға аттаған  қалпы екі шәпкісімен екпіндеп тұр. Лениннің мына сықпытына таңданып тұрған Тілекке Райком өлердегі сөзін айтыпты.

—Айналайын бауырым! Бар үмітіміз тек сенде. Мына шәпкінің біреуін құртып бер. Әйтпесе, түгел құрығалы тұрмыз. Лениннің жаңа ескерткішінің ашылу салтанатын осы мерекеге белгілеп, Республиканың, облыстың басшыларын шақыртып қойған едік. Енді қас масқара болатын түріміз бар. 

Өтірік томсырайып ойлана қалған түр жасағаны болмаса, Тілек бұл мәселені шешудің түкке де тұрмайтынын алғаш көргенде-ақ жоспарлап қойған.  Райкомның мына түріне қарап, екі шәпкілі Лениннің арқасында біраз шаруасын күйттеп алуға бел буады.

—Өте қиын...Бірақ, жасауға болады, әрине... Тек, Шымкентте ө...өте қымбат та...тапсырыс алып қойған едім.  Мына жұмысқа кіріссем одан айрылатын түрім бар. Соны ойлап...

—Шырағым! Қанша сом еді ол тапсырысың?—Шұқып алардай боп, көзінен көзін айырмай қадалып тұрған Райкомнан сәл тайсақтап қалғанымен, ақша деген пәлеге келгенде Тілектің де жүрегінің түгі бар еді.

—Үш мың...

—Бес мың! —деп тарс еткізіпті Райком қалтасынан көсемнің суреті бар он қызыл қағазды суырып алып:

—Мынау міне мың сом. Бітірген уақытта төрт мыңды қолыңа санап берем.  Келістік пе?  Тек мерекеге дейін мына шәпкінің біреуін құртсаң болды! 

Оңай олжа емес пе, ірімшік деген қарны ашқа,—деп Крылов марқұм айтып, Абай атам аударғандай, Тілектің көңілі көл-дария  шалқып шыға келіпті.   Тілек сияқты жарылқаушыны Құдайдан күнде тілеп жүрген бейбақтар мұнда да жеткілікті екен. Солармен тез арада таныса салып, армансыз сілтеп-сілтеп жіберген Тілек; «Арыстың бойында танысып,   Сыр бойын шарлап»—дегендей,  Жетісайдың көшесінде түнімен талтаңдап, барқырай әндеткен ғой. Таң сарғая  Ленин ескерткішінің түбіне кеп құласа керек.  

Жас суретшінің жұмысын бақылағалы Райком таңертеңмен жетіп келсе, күн көсемнің аяқ жағында қирап жатқандарды көреді. Әуелгіде, түні бойы жұмыс істеген екен ғой  деп  сүйсініп қалса да, ескерткіштің әлі екі шәпкімен тұрғанын көргенде  мына жатыстың тегін емес екенін ұғып, жалма-жан Тілекті жұлқылай бастайды. 

«Тілек! Әй Тілек!» —деп шырқырай шыққан үнді түсіне балап ұйқысын жалғастыра бермек болған Тілекті,  Райком шапалақтап отырып тіршілікке әзер қайтарыпты. Тілектің көзінде бұлдырап-бұлдырап барып орнына түскен  Райком:

—Бұл не жатыс Тілекжан-ау!? Мына көсемнің шәпкісін не істейміз?—деп екі иінінен демін алып тұр екен.  Бұрын-соңды бұлай көп ішіп көрмеген кезі болғандықтан Тілектің ұяты әлі бойында сақтаулы болса керек.  

—Шығармашылық толғаныста жатырмын көке,—депті тілі күрмеліп.

—Толғанысыңның шеш...шешімін таптың ба? Ал, мыналарың не шырағым-ау?—деп орыс арағының бөтелкесін көзіне тақап көрсеткен Райкомға: 

—Біз суретшілер солай толғанамыз аға. Қайбір жетіскеннен ішеді дейсіз осы құрғырды. Шығармашылық шабытты ояту үшін ғой, —депті.

—Ойбай-ау, мереке болса келіп қалды! Оятсаңшы тезірек ол атаңа нәлет шабытты!  Әй айналайын! Алдымен мына шәпкінің біреуін құрт. Сонан соң Шымкентіңе бар да қанша толғансаң сонша толған. Ұқтың ба?

—Ұқтым. Общым...Сіз енді кешке келсеңізші.

—Не? Кешке не болады екен?

—Кешке күн көсемді бір шәпкімен көретініңізге күмәніңіз болмасын. 

—Қалай? Рас па!?—дейді Райком күдік пен үміт аралас.

—Рас! Айтпақшы көке...Қалған ақшаны ала келіңіз. Бірден жолға шығып кетуім керек.

—Қой, айналайын мен жаныңда қарап тұрайын. Әйтпесе тағы да толғанып кетіп жүрерсің...

—Ой, онда мен істей алмаймын. Біреу қарап менің тұрса шабытым жүрмей қалады көке!

—Қап!.. Жарайды...жарайды Тілекжан кетейін онда. Кешке шынымен дайын бола ма?

—Айттым ғой сізге енді!

Тілекке бір, жердегі босаған бөтелкелерге бір жалтақтаған Райком  соңғы рет жыларман күйде соңына жалбарына қарап машинасына отырыпты. Машинаның терезесінен де беті мен мұрыны әйнекке жалпая жапырылып, маған қарап бара жатты,—дейді Тілек күліп.

Райкомды алқындырған бір шәпкіні құрту Тілек үшін соншалықты ауыр болмаған көрінеді.  Сосын ғой түні бойы араққа тойып ап арқырап жүргені.

Қысқасы Тілек ойдағы жоспарды бір-екі сағатта іске асырыпты. Алдымен Күн көсемнің қолындағы шәпкінің екі шетін қашаумен  сындырып тастайды да,  жұдырықтың ортасын бұрғылап, үнгіп жіберіп оған темір арматураны ұстатып, арматураның сыртын гипстеп тастайды. Гипс кебе бастағанда қашаумен қырып-қырып шиыршықталған газеттің кейпіне келтіреді. Тіпті газеттің шет жағына «правда» деген сөздің бастапқы әріптерін де әдемілеп түсіреді. Бар бітіргендері сол. Ары қарай бас жазып алып қайта ұйықтауға кіріседі. 

Жүрегі алып-ұшып күнді әрең еңкейтіп, ентігіп Райком да келеді. Бұл кезде ұйқысын әбден қандырған Тілек үсті-басының бәрін гипспен ластап алып, аса шаршаңқы түрге еніп, ескерткіштің алдында қалжыраған қалыпта отыр екен. Мынаның түрінен секем алған Райком,  абайлап жақындап,   иегін көтеріп «не болды?» деп ымдағанда, Тілек қатты күрсініп жіберіп «бітті!» депті. Онысы  адыраңдап келіп, Жібектің суын қомағайлана жұтқан Бекежанның  «жеңдік!» дегеніндей шықса керек.  Қыз Жібектен бетер шаттанған Райком ақ жайманың астында жасырынып тұрған Лениннің сыртқы жабуын жалма-жан сыпырып жібергенде есі шыға қуанып, Тілекті былшылдатып сүйе беріпті. Ал, Райкомның шашбауын көтерісіп жанында еріп келгендер, Тілекке екені, не көсемге екені белгісіз, әйтеуір сатырлатып тұрып ұзақ қол шапалақтапты. Әрең дегенде аптығын басқан Райком көзіне жас алып тұрып:

—Ойпырмай, бұл дарындылық дегенді қойсаңшы, қолындағы шәпкіні газетке айналдырып жіберу қалай ойыңа келген сенің? Сені мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек қой! Сен шырағым-ау бүкіл Мәскеудің аузын ұрып жібердің ғой. Қап, сонау Мәскеуге тапсырыс беріп шығынға батқанша Шымкентте жүрген саған-ақ заказ бере салсақ болмас па еді!—депті шын көңілден. 

Сонымен не керек Райкомның шапағатына шындап бөленген Тілек Жетісайда сол кісінің өтініші бойынша тағы бірер күн аунап-қунап қонақ болып, уәделі ақшасын қалтасына сықап алып Шымкентке тартып кетіпті.

Кәзіргі уақытта Алматыда өзінің жеке музейі бар, өзі қатарлы мүсіншілердің көбінен бақуат тұрып жатқан Тілек алғашқы капиталының көзін  құраған кездейсоқ жағдайды айта отырып, столындағы Ленин жарықтықтың шағын бюстінің басынан  аялай сипап қойды.

—Бірақ... —дейді Тілек:

 —Ертесіне мен отырған автобус сол алаңның маңайынан  өтіп бара жатқанда Райкомға нағыз қауіп көсемнің ескерткішінен емес, басқа жақтан төніп тұрғанын байқадым. 

—Ол қандай қауіп?

—Сол кездің тірі Құдайлары Леонид Брежнев, Косыгин, Андропов, Черненко, бастаған он-он бес политбюро мүшелерінің үйдей-үйдей суреттерін әлгі алаңға қаз-қатар іліп қойыпты. Алаңның аяқталар тұсында аудандағы ең мықты, зәулім кинотеатр орналасқан екен. Антұрғандар,  кинотеатрдың қарсы алдына жақында көрсетілетін жаңа фильмнің афищасын іліп қойыпты... «Қандай фильм?»—деп сұрамайсың ба? 

—Қандай фильм?   

—«Пи...Пи...Пираты двадцатого века!»


Ұқсас тақырыптар