Алматыда жас ақындардың мүшәйрасы өтті

3.jpg

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ел тірегі - Елбасы» атты жас ақындардың жыр мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оқу орнының студенттері қатысқан әдеби сайыстың мақсаты - еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін, береке-бірлігін, жетістіктерін Мемлекет басшысының еңбегімен байланыстырған өлеңдерді жұртшылыққа таныстыра отырып, оқу орнындағы таланттарды анықтау. 

«Тұңғыш Президент күні бүгінде нағыз халықтық сипатқа ие болып отыр. Атаулы дата қарсаңында бұл шараны өткізуіміздің өзіндік себебі бар. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген сөз бар қазақта. Өлең жазғанның бәрі ақын болуы міндетті емес. Десе де жастарға шабыт берген ләзім», - дейді шара ұйымдастырушылары. 

Сайыс үш кезең бойынша өтті. Алғашқы айналымда қатысушылар өздерін таныстырса, «Нұр ағаға арнау» атты екінші кезеңде авторлық жырларын оқыды. Ал «Ұштасам қаламымды қаламұштай» атты үшінші кезеңде үміткерлер еркін тақырып бойынша өз өлеңдерін оқыды. Жас ақындарға факультет ұстаздары қазылық етті. 

Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдеге Қыздар университетінің Педагогика және психология факультетінің 1-курс студенті Ғазиза Ермахан лайық деп танылды. Қазылар алқасының мүшелері ақындардың ізденісі мен тың идеяларын бағалай отыра, жеңімпаздарды арнайы дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.


Ұқсас тақырыптар