Алматы облысында үздік мұғалімге әкімнің өзі берген пәтерді тартып алмақшы

1.jpg


Алматы облысында 2012 жылдың үздің мұғалімі атанған ұстаз аймақ басшысы сыйлаған пәтерінен айырылып қалуы мүмкін. Арада бірнеше жыл өткенде Талдықорған қаласының тұрғын үй басқармасы ол баспананы қайтарып алу жөнінде сотқа талап-арыз түсіріпті. Бір жылдан бері Нұрлан Нұрбаев түрлі инстанцияның табалдырығын тоздырумен жүрмін дейді. Алайда, үйдің құжаты әлі қолына тимепті. Сонда құзырлы органдар еңбегі еленіп, заңға сәйкес баспана алған мұғалімнен пәтерді не үшін тартып алмақшы? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Қызылорда облысында туып-өскен жас жігіт жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң жолдамамен Шеңгелдіге жіберілген. Еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, директордың орынбасары, кейіннен білім ошағының басшысы қызметіне дейін көтеріліпті. 2012 жылы Нұрлан Нұрбаев  Алматы облысындағы «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, аймақ ұстаздары арасында бас жүлдені жеңіп алған.

 «Жыл мұғалімі» атағымен бірге жеңімпазға Талдықорғаннан екі бөлмелі пәтер сыйға берілген. Бірақ, сол қуанышы ұзаққа бармаған.

«Өзін де кәсіби тұрғыдан дамытып, сондай жетістікке жеткені бұл әрбір ұстаздың арманы. Оның үстіне осындай пәтерге ие болғанда кез-келген ұстаз оны армандайды деп ойлаймын. Және мен де осындай ұстаз бола тұра, осылай халық дүйім жұрттың алдында берген пәтеріммен осылай  әлі дауласып жүргенім үшін кейде өзім де қынжылам» - дейді мектеп директоры Нұрлан Нұрбаев.

Бастапқыда Талдықорған қалалық Тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылық басқармасы  ұстазға тиісті құжаттарды берудің орнына, жалға алу туралы келісімге отырған. Алайда басқарма өкілдері өткен жылы Нұрлан Нұрбаев берілген пәтерде өзі тұрмай, келісім-шарттағы талаптарды бұзды деп, оның баспанасын қайтарып алу туралы сотқа талап-арыз түсірген.  Ал Шеңгелді ауылындағы мектепте еңбек етіп жүрген мұғалім олардың бұл уәжімен келіспейді.

«Менің қолымда бұл пәтер бойынша тек қана келісім-шарт бар. Талдықорған қалалық Тұрғын үй-коммуналдық мемлекеттік мекемесімен. Бірге отырған қолымда келісім-шарт қана бар. Бірақ сол келісім-шарттың әрбір бөліміндегі көрсетілген дүниелер ешқандай бұзылған емес. Коммуналдық төлемдерге қарыз жоқ, үй сол күйінде» - дейді мектеп директоры Нұрлан Нұрбаев.

 Тараптардың тартысы бір жылдан астам уақытқа созылуда. Қазіргі таңда Жоғарғы сот барлық сот шешімдерінің күшін жойған.  Іс қайта қарау барысында коммуналдық шаруашылық басқармасы өз шағымын кері қайтарып алыпты. Бірақ, мұнымен мәселе әлі толық шешілмеген.

 «У вас идёт досудебное урегулирование спора. Судом сейчас по существу никакого решения не было принято» - дейді қалалық соттың судьясы Бейбіт Тұрысов.

 «Азаматтық заңнама бойынша, шағымданушы кез-келген кезеңде себебін түсіндірмей,  өзінің талап-арызын кері қайтарып алуына болады. Себептері әртүрлі болады.  Біздің ойымызша, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы өз кінәсін мойындап, арызын қайтарып алуы мүмкін. Енді облыстық әкімдік пен прокуратура да осы мәселеге қатысты оңды шешім қабылдайды деп үміттенеміз» - дейді адвокат Бибігүл Абдрахимова.

Нұрлан Нұрбаев қазірде Шеңгелді мектебінде еңбек етіп келеді. Зайыбы да  мектепте  мұғалім. Қос ұстаз аядай пәтерді жалдап тұратындықтан үйлеріне қонақ шақыруға қымсынатындарын айтады. 

«Квартираны жолдасым ұтып алғандықтан, сол квартираны өзінде қалдырғанын қалаймын. Себебі, ол өзінің адал еңбегімен ұтқан пәтері ғой. Әйелімін. Үш баламыз бар. бәрімізге сол пәтер ауадай қажет» - дейді зайыбы Аида Қазақбаева.

Енді алдағы уақытта дау қайта жалғаспау үшін Нұрлан Нұрбаев жұмысын Талдықорған қаласына ауыстыруды көздеп отыр.  Ал әзірге соттың қандай шешім қабылдайтыны әзірге беймәлім.



Ұқсас тақырыптар