Қызым, ұлым ажыраспасын десеңіз...

1.jpg


Кеше ғана ақ көйлек киіп, аймалап сүйіп, «сенсіз өмір жоқ» деп серттескен, «пәниден бақиға көшкенге дейін бірге боламыз» деп некесін қиғызып, Алланың алдында ант берген жастар уақыт өте келе бірге тұра алмайтынына көздері жетіп, ажырасып жатады. Ажырасудың себептері сан түрлі. Жантанушылар солардың басты себептерінің бірі ретінде адамның өзімшілдігін көрсетеді. Жұптасқан екеу бірін-бірі түсінуге, кеткен кемшілігі үшін кешірім сұрап, ақылға жүгініп, өмірді әрі қарай жалғауға дайын болмағандықтан, әрқайсысы өзінің сөзін растап, ақырында шаңырақ ортасына түсіп тынады. Олай болмас үшін ажырасудың себептері мен салдары туралы және оның алдын алу үшін не істеуге болар еді деген мақсат, ниетпен ілгеріде жазылып, жарияланған ойларымды толықтырып ұсынып отырмын.

Мүмкін бір отбасының болса да сақталуына пайдасы тиер...

...Өмірдің аты – өмір. Кино мен кітапта ғана болмаса, өмір бойы бір-бірін алақанға салып, өбектеп тіршілік кешу мыңнан бірде кездеспесе, шынайы өмірде некен-саяқ. Алып-ұшқан албырт махаббат үйленген соң, уақыт өте келе сыйластыққа ұласады. Ал оған қол жеткізе алмағандардың жолы екі айырылады. Жалпы, ажырасудың мынадай түрлерін атап өтуге болады:

1. Мінездерінің жараспауы. Екі жас бірін-бірі толық зерттеп білмей жатып, жылт еткен махаббат сезіміне алданып, бас қосады. Уақыт өте келе кешегі қырмызыдай сызылған қыз қырсық мінездерін көрсете бастайды. Ал кеше жүзінен нұр төгіліп, бұл үшін тау қопаруға дайын тұратын жігіт енді айнып, бақытын сырттан іздейді.

2. Ата-ененің қазымырлығы. Біздің жастар әлеуметтік жағынан нашар қорғалған. Көбінің баспанасы болмағандықтан, үйленген соң ата-енесімен бірге тұруына тура келеді. Ал бұрыннан балаларына бұйрық беріп, айдап өргізіп, иіріп жусатып үйреніп қалған енесі немесе атасы жаңа түскен ке-лінге талапты қатаң қоюы да мүмкін. Кейде жай ғана қатаң қоймай, келінге күн көрсетпей, ізіне түсіп, істеген ісін жақтырмай, өмірін өксікке толтырып, көзінен жас арылтпайтын да ата-аналар бар. Қазақ қоғамында ажырасуға кейде құдалар арасындағы келіспеушілік те әсер ететіні ежелден белгілі.

3. Жұбайлардың бірінің жеңіл жолға салынуы немесе басқа адаммен шатасуы. Өкінішке қарай, жантанушылардың зерттеуінде белгілі болғандай, отбасын құрғандардың үштен екісінің көңілі сыртқа ауып тұрады екен. Осыдан келіп отбасында ұрыс-керіс, түсініспеушілік белең алып, жастар екі жаққа кетеді. Ер-азамат әйелінің, әйелі ерінің көзіне шөп салуы отбасында ауыр психологиялық ахуал туғызады. Алайда көптеген отбасылар, әсіресе, әйелдер ерлерінің «серілігін» кешіріп, балаларын әкесінен айырмай, өмірді ары қарай жалғап жатады. Мұны үлкен ерлік деп бағалауға болар. Егер кінәлі жағы осыдан қорытынды шығара алса. Қалай десек те нәпсіқұмарлық –кешірілмейтін күнә.

4. Арақ, наша, ойынқұмарлықтың кесірі. Жантанушылардың ай-туынша, ажырасуға ең көп себеп болатын – арақкештік. Жындысуға салынған отбасының мүшесі бала-шағасының қамын ұмытып, құлқы-нының құлына айналып кетеді. Үйіндегі барын тасып, сатады. Әйеліне қол көтереді. Нашақордың да жағдайы осындай. Ал ойынқұмарлық бұдан да өткен дерт. Ол қолына түскен дүниенің бәрін ойынға салып, ұтқызып жібереді. Мұндай психологиялық ауытқуға шалдыққан адам отбасының қамын мүлде ұмытатындықтан, ажырасудан басқа амал қалмайды.

5. Перзенттің болмауы. Мұндай жағдай сирек болса да кездеседі. Көп жағдайда жастардың бірінің денсаулығы келмегендіктен, ұзақ уақыт перзентті бола алмаулары ықтимал. Қазіргі заманда бұл мәселені медициналық жолмен шешуге болады. Тіпті бір-бірін шын сүйген адамдар бала асырап алуы да мүмкін.

6. Еріксіз үйлену немесе алып қашудың кесірі. Көп жағдайда жастар албырттықпен неке төсегіне жетпей, жыныстық қатынасқа түседі де, қыздың аяғы ауырлап қалады. Үйленеді. Мұндай еріксіз құрылған отбасы екі жаққа да ұнамауы мүмкін. Уақыт өте келе олар қателескенін түсініп, бір-бірінен суынып кетеді. Сол сияқты ауылды жерлерде қызды сыртынан аңдып, зорлықпен алып кететін әдет те тыйылмай келеді. Көп жағдайда қазақшылықпен қыздар «тас түскен жеріне ауыр» деп қалып қояды. Жақсы отбасы болып кететіндері де бар. Алайда ешбір сезімсіз құрылған отбасы түбінде ажырасуға әкеліп соғуы да жиі кездеседі.

7. Тұрмыс тауқыметі. Қазіргі жастар мүмкіндігінше бақуатты тіршілік кешкісі келеді. О баста күйдім-сүйдіммен үйленгенімен, келе-келе тұрмыстағы ауыртпалықтар жан-жақтан қысқан кезде оған шыдамай, әркім өз жөнімен кететін жағдай кейінгі жылдарда жиі кездесетін болды. Мұның себебі – біздің жастардың әлеуметтік жағынан қорғалмағандығы. Жастардың көбі жұмыссыз, баспанасыз, пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал қалалы жерде мұндай ауыртпалықты көтеру жас отбасы түгілі кексе адамдарға да оңай тимейді.

8. Көзқарастарының сәйкеспеуі. Бұрын мұндай мәселелермен ажырасатындар қатары аз болатын. Ал бүгінгі күнде қазақ баласының исламның әртүрлі ағымдарын ұстануы, талақшылдардың көбеюі, кришна, иегова, сатанизм, тағы басқа осы сияқты азғындатқыш ағымдарға ілесуі, тіпті исламның өз ішінде сан түрлі ағымдарға еріп, адасуы себеп болып жүр.

Біздің мүмкіндігінше жүйелеп, топтап көрсетіп отырғанымыз – ажырасуға көбірек ықпалы тиіп жүргендері ғана. Ал жұмбағы көп мына дүниеде ажырасудың себебін айтып тауысу мүмкін емес шығар. Тіпті кейде ажырасуға түкке тұрмайтын жағдайлар да себеп болады.

Ажырасудың көбеюіне қазақтың менталитетіне мүлде қайшы келетін сериялдардың жаппай көрсетілуі қатты әсер етті. Кеңес үкіметі күйреткен ұлттық болмыстан қалғанын осы арсыздықты қалыпты нәрсе ретінде насихаттауға құрылған фильмдер мен телехабарлар тас талқан етті. Сериалдардағы ажырасу, бір әйелдің немесе еркектің бірнеше адамдармен қатынаста болуы қалыпты сияқты қабылданып, адамдардың психологиясын өзгертті , ұлттық менталитеттің қорғанын бұзды. Әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің қатынасы насихатталатын кинолар көбейді.

Соңғы кездерде жастар негізінен әлеуметтік желілерде танысатын болды. Махабаттары да виртуалды. Виртуалды түрде бір жігіт бірнеше қызбен, бір қыз бірнеше жігітпен күйеу жігіт пен қалыңдық ойынын ойнайды. Бүгін танысып, көңілін білдірген қызды ертең тастап кете береді. Сезім де, жауапкершілік те виртуалды. Бұл әдет үйленгеннен кейін де қайталанып, ұнамаса ажыраса салу түкке тұрмайтын болды. Мұның бәрі қазақтың ғасырлардан бері келе жатқан отбасылық институтына тән құндылықтарын жоғалтып алғандығының, ұлттық менталитетінің қатты өзгеріске ұшырағанының әсері.

Ажырасуды ислам да қолдамайды. Алайда некені бұзуға рұқсат етілген. Тіпті ажырасатын адамдарға қойылатын шарттар да бар. Мәселен:

– Әйелмен оның қайыс уақытысында ажырасуға болмайды. Оны келесі қайыс уақытына дейін қалтырып, екінші қайыс уақыты аяқталғанда ғана ері не әйелін қалдырады не ажырасады.

Егер қайыс уақытынан кейін ерлі-зайыптылар жыныстық қатынасқа түскен болса, келесі қайыс уақыты келіп, әйелінің аяғы ауыр емес екеніне көзі жеткенге дейін ажырасуға тыйым салынады.

Ажырасқан жағдайда мұсылман адам «талақ, талақ, талақ» деп үш рет немесе «екі рет талақ», «үш рет талақ» деп айтуына болмайды. Бір-ақ рет талақ деп айтса, жеткілікті. Оның себебі талақ айтылғаннан кейін ер адам әйелін басқа күйеуге тиюге рұқсат етілетін уақытқа жетпей қайтарғысы келсе, екі рет талақ айту кедергі болады. Ал үш рет талақ айтылғаннан кейін әйелі басқа күйеуге тиіп, ажырасқан жағдайда ғана қайта алуға рұқ-сат етіледі.

Әрине, ешкім де ертең ажырасам деп үйленбейді. Бірақ кімді қандай тағдыр күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян. Десек те отбасын құрған жастардың ажырасуға жеткізбей жарасып өмір сүруіне өздерінің ақыл-ой, сабырының жетпей жатуы да көп себеп болады. Ең бастысы, олар махаббаттың мәңгі тұрмайтынын, оның ертең сыйластыққа ұласатынын жақсы білуі қажет. Отбасы – кішкентай мемлекет. Ол мемлекеттің бейбіт әрі берекелі өмір сүруі екі адамға теңдей жауапкершілік жүктейді. Сондықтан ата-ана баласын жас күнінен отбасында басты мәселе: жауапкершілік пен ақыл, сабыр, сенім, иман, сыйластық екенін құлағына құя бергені жөн. Өмірден тәжірибелері аз екі жас отбасын құрған соң әрқайсысы өзінің дегенін істеткісі, ойына алғанын жасағысы келеді. Бірінің еркіне бірінің бағынуын намыс көреді. Бұл менменшілдік түбі ұрыс-керіс-тің шығуына, өмірлерінен шырай кетуіне әкеліп соғады. Әрине, қабақ шытыспайтын жұбайлар болмайтыны да анық. Алайда мәңгі бірге тұратын екі адам тіпті осындай сәттің өзінде бір-бірінің көңілін қалтырмауға, ауыр сөздер айтып, қол көтермеуге тиіс. Байқап қарасаңыз, негізінен, мінезі шайпау әйелден – ері, шатақшыл еркектен – әйелі безіп жатады. Отбасында ынтымақ, түсіністік, жылу болмаған кезде отбасы мүшелерінің екеуінің бірі сол жылуды сырттан іздейді. Сөйтіп, ол жеңіл жүріске салынып, мұның ақыр аяғы сүттей ұйыған отбасының іркіттей іруіне әкеліп соғады, арына дақ түседі. Екі адам бір-біріне кешірімді бо-лып, отбасының әр мүшесі өзінің менменшілдігін жеңіп, «мен» деп емес, «біз» деп өмір сүргенде – ортақ үндестік пайда болады. Жалпы, біздің қазақ қоғамында қызды күйеуге тигенге дейін, ұлды үйленгенге дейін отбасылық өмірге тәрбиелеу ісі кемшін қалып келеді. Сол тәрізді «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, жастарға екі жақтың ата-анасының ара қатынасы басты үлгі болары сөзсіз. Ал егер олардың арасында ырың-жырың, түсініспеушілік орын алып жатса, әке тағдырын бала, шеше тағдырын қыз қайталауы әбден мүмкін.

Ажырасу – екі тағдырдың бұзылуы. Қыз кешегідей гүлдей жайнап өмір сүре алмайды. Бейкүнә балалығын, пәктігін, жастық жалынын қайтара алмайды. Жүректе болашаққа деген сенімсіздік, күдік орнайды. Осыдан келіп, әйел адамдардың біразы өзіне қол жұмсап немесе жеңіл жолға салынып кетіп жатады. Бұл орайда біздің қоғамға психологтардың көмегінің орасан пайдасы барын баса айтуымыз керек. Сондықтан отбасылық өмірге қол ұстасып аттанған әрбір жас отбасылық өмір тек ұлан-асыр үйлену тойы ғана емес, оның артында қиыншылығы мен ауырт-палығы көп өмір жатқанын ұғынуға, ұрпағын да сондай адал, таза өмірге дайындауы қажет.

... Бұрын бір ауылда бір отбасы ажырасса немесе біреудің қызы ерден қайтып келсе, бетке шіркеу, сүйекке таңба еді. Қазір бұл екінің бірінің басында бар. Ең қорқыныштысы, бұл сүйекке таңба түгілі, ұят саналудан қалып барады...

Сіз өз ұл-қызыңызға қандай тәрбие бердіңіз? Оларды болашақ отбасылық өмірге дайындап жүрсіз бе?

Әділбек Қаба

Facebook парақшасынан алынды

 



Ұқсас тақырыптар