Ашаршылық құрбандарына құран бағышталды

Өткен ғасырдың басындағы қазақ жерінде орын алған зұлмат зобалаң мен ашаршылық нәубеті жас ұрпақтың жадынан өшпек емес. 

Кеше Алматы қаласындағы Әли-Мұхаммед мешітінде қуғын-сүргін құрбандарына құран бағышталып, 500 адамға ауызашар ас берілді. 

Шараға белгілі ақын, жазушы Ырысбек Дәбей, «Жетісу» телеарнасының меншікті тілшісі, ақын Құрманжан Қасымжанұлы, Mezgil.kz интернет-порталының Бас редакторы Дархан Бейсенбекұлы арнайы қонақ боп қатысып, қуғын-сүргін және ашаршылық зардабы, зияны жайлы өз ойларын ортаға салды. Жиналған жамағатқа ақсақалдар төрағасы Маматалиев Ғайрат, Гараев Низамуддин берекелі рамазан айында тілеген дұға-тілектің қабыл болатындығы, жер бетіндегі мұсылман қауымы бірлік пен ынтымақта өмір сүру керектігі жайлы, Қазақстанда орнаған бейбітшілікке тәубе ету керектігі туралы ағалық ақылдарын айтты. 

1 фото.jpg

Абдимит ШАМАҚ, «Әли-Мұхаммед» мешітінің найб имамы:

– Өткен тарихтан сабақ алмай болашағыңды бағдарлай алмайсың деген аталы сөз бар ғой. Бүгін қуғын-сүргін құрбандарына арнайы құран бағыштап, дұға тіледік. Белгілі кәсіпкер Низов Мухтаржан ағамыз 500 адамға дастархан жайып, ауызашар әрі ас беріп жатыр. Көп тілегі көл деген. Осы көптің алақан жайып қуғын-сүргін және ашаршылықта қайтыс болған марқұмдарға дұға жасауы – ораза кезіндегі ізгі амалдардың бірі деп санаймын. 4 миллионға жуық адам қырылған зұлмат кезеңді еске алудың өзі ауыр. Сондықтан да «өлі разы болмай – тірі байымайды» деген қанатты сөзді еш ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі бейбіт заманға тәубә дей отырып, жастарды тарихта болған қасіретті кезеңнен сабақ алуға шақыруымыз керек. 



Ұқсас тақырыптар