Диплом білімділіктің өлшемі бола алмайды

Ұстаз болып, ұрпақ тәрбиелеу тектілік пен тереңдікті, білім мен парасатты, ізгі жүрек пен туралықты, мейірімділік пен сүйіспеншілікті, шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін қастерлі мамандық. Сол себепті ұстаз болу екінің бірінің қолы бола алмайды.

Ежелден бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі жүлге бойынша құрмет пен ізет тек осы ұстаздарға ғана бұйырып келе жатқанының сырын енді түсінген боларсыз. Әлемді аузына қаратқан билеушінің де, білімі теңізден терең ғалымның да, аузымен құс тістеген шешеннің де алғашқы қадамын ашып, тұсауын кесетін де осы ұстаздар. Арғы-бергі тарихты ақтарсаңыз да осы сөздің ақиқаттығына көз жеткізесіз. Әлемде алғашқы болып ең үлкен империя құрып, бар-жоғы 27 жасында әлем билеушісіне айналған Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) ұстазы атақты Аристотель болғанын білетін шығарсыз. Осы ғұламаның берген тәлімінің арқасында артына аңыз болған істерді атқаруға қабілеті мен қарымы жеткенін жоққа шығара алмаймыз. Ал сол Аристотель әлемнің бірінші ұстазы емес пе еді?! Кешегі би-шешендеріміздің  өткен жолына қарап отырсақ та ел тізгінін қолына алып, дауға түсу алдында ел ішіндегі өзінен бұрынғы шешендерден бата алып, оны өзіне ұстаз тұтатыны баршаға аян. Атақты Жамбыл ақын да «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп өлең бастайтыны да халқымыздың ұстаз ұғымына үстірт қарамайтындығының айқын дәлелі. Сондықтанда кейінгілерге «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген аталы сөз қалдырды.

Ал мектеп мұғалімдері бүгінгінің Аристотелі іспетті. Алғаш рет қолыңа қалам алдырып, әріп танытудан бастап, өмір мектебіне аттанғанға дейін осы ізгі жандардың тәрбиесін алып, тәлімін үйренбеген жан жоқ шығар әлемде. Бәрімізде ұстаздардың тағылымы арқасында өз сүрлеуімізді тура тапқанымыз үшін де соларға қарыздармыз. Бүгінде осы қасиетті ұстаздықты өмірінің мәніне айналдырып, шәкіртерінің қуанышын өзіне бақыт санаған ұстаздардың қатары аз емес. Тіптен кейінгі жас буында осы мамандыққа көптеп келіп жатыр. Осындай талапты жастардың бірі Түрген ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсел Қанатқызы Тоғамбаева. Білімі мен біліктілігінің арқасында әріптестері мен шәкірттерінің алдында зор беделге ие болып, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ұстазбен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Сол сұхбатты оқырмандармен бөліскенді жөн көріп отырмыз.

 IMG_6631.jpg

– Жасырары жоқ, бүгінде мұғалім мамандығы қиындығы көп, жалақысы аз жұмыстардың қатарына кіреді. Кешегі Алаш арыстарының кезіндегідей беделі бар деп те айта алмаймыз. Мұғалімдік мамандықты бітіріп, табақтай дипломға ие болса да өзге саланың құлағын ұстағандар да аз емес. Осыған қарамай ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп болды?

– Атақты ақынымыз әрі «Педагогика» кітабінің авторы М.Жұмабаев атамыз «Алты алаштың баласы жиналса, төрдегі орын мұғалімдікі» деп біздің мәртебемізді әйгілеп кеткен. Осы бір айшықты да ұтымды пікірден кейін ұстаз болуға деген құлшынысым ерекше болды. Яғни, бала кезден бергі арманыма айналды десем де болады. Қазіргі уақытта ғылым мен техника күн сайын жаңарып, адам айтқысыз тездікпен дамып жатыр. Ал осы технологияларды меңгеру үшін де ұшан-теңіз білім керек. Сонымен қоса заманауи технологиялардың тілі ағылшын тілі болып отырғанын да ұмытпауымыз керек. Ағылшын тілі тек технологияның ғана емес, әлемдік экономика мен саясаттың, ғылым мен білімнің, өнер мен халықаралық қатынастардың да тілі болып саналады. Сол себепті ағылшын тілінің мұғалімі болуды таңдадым. Өзімнің де шет тілін игеруге бейімім бар болатын. Жоғарғы оқу орнында жинақтаған теориялық білімдерімді жинақтап, білімді шәкірт тәрбиелеудіөзіме мақсат етіп қойдым. Осы арманның арқасында бүгінде ұстаз болу бақытына қол жеткіздім. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Жаңашыл адамды  жаңашыл мұғалім ғана тәрбиелей алады», – деп мұғалімдерге, әсіресе жас ұстаздарға ерекше көңіл бөліп отыр. Сонымен қоса, үлкен жауапкершілік те жүктеп отырғанын аңғару қиын емес. Бүгінде мемлекеттік деңгейде жүргізіліп отырған жүйелі бағдарламалардың арқасында ұстаздардың беделі артып келеді. Сондықтан мамандық талдауда қателеспегеніме сенімім мол.

–«Мемлекеттік деңгейде жүргізіліп отырған жүйелі бағдарламалардың арқасында ұстаздардың беделі артып келеді» деп өзің айтып отырсың. Сонда ұстаздарға мемлекет қандай жағдай жасап отыр?

Қандай маман болсын барлығы ұстаздың алдынан өтеді. Сондықтан ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында тер төгетін мұғалімнің дәрежесін көтермей болмайды. Бұл мәселеге тек мұғалімдер ғана емес, мемлекет те мүдделі. Сол себепті мемлекеттің болашағы үшін мұғалімдерге жағдай жасалып жатыр.

Ең бірінші, мұғалімдердің жалақысы көтерілуде. Маркс айтқандай «Сананы тұрмыс билеген» заманда ұстаздардың жалақысын көтермей болмайды. Бұл жөнінде ҚР Президентінің дәстүрлі Жолдауында мұғалімдердің жалақысын 30%-ға көбейту туралы айтылған болатын. Еңбек өтілі, сағат саны және біліктілік деңгейіне қарай жалақысы да көтеріліп отырады. Сонымен бірге ауыл мектептерінде сабақ беретін мұғалімдерге де қосымша қаражат беріледі. Бүгінде мұғалімдер бір сағат үшін кем дегенде 3146 теңге көлемінде ақша алады. Сынып жетекшісі болу және  дәптерлердітексергені үшін де жалақысына ақша қосылады. Ал физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшынша өткізе алсаңыз жалақыңыз 200%-ға артатыны тағы бар.

Екіншіден, ұстаздардың баспана мәселесін шешуде жақсы жолға қойылып келеді. Осы мәселе негізінде кезінде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы жасалған болатын. Ал қазіргі кезде «Президенттің бес әлеуметтік бағдарламасы» аясында «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы іске асып жатыр. Болашақта осы бағдарлама негізінде көптеген ұстаздардың баспаналы болатыны анық. Бұл жағынан «Дипломмен ауылға» жобасының да берері мол.

Үшіншіден, ұстаздардың білімін жетілдіруге де мүмкіндіктер қарастырылған. Кезінде К.Д.Ушинский: «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады», – деген болатын. Бұл сөз әлі күнге маңызын жойған жоқ. Сондықтан мемлекет педагогтардың білімін жетілдіру үшін арнайы курстар ұйымдастырып, тіптен арнайы оқытуға да жағдай жасап жатыр. Керек десеңіз, арнайы бағдарламалармен шетелден де оқи аласыз. Ізденем деген адамға ешқандай кедергі жоқ.

Төртіншіден, мектептерге де мемлекеттің бергені көп. Басқаға бармай-ақ өз мектебімді мысалға алуыма болады. Бүгінде Р.Ахметованың басқаруындағы мектебіміздің техникалық базасы мен білімділік деңгейі ешкімнен кем емес. Жақында ғана заманауи биология кәбинеті ашылды. Болашақта осындай игі істердің тағыда жүзеге асарына сенімдіміз. Бұл айтылғандарымыз мемлекеттің ұстаздарға жасап отырған жақсылығының бір парасы ғана. Тереңдей берсек әлі талай нәрсені айтуға болады.

– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді дана халқымыз. Сол айтқандай өзіңіз мақтан тұтатын шәкірттеріңіз бар ма?

Кез келген маман өз ісімен мақтанады. Мысалы, шахтер өндірген көмірімен мақтанады, ғалым ашқан жаңалығымен мақтанады, кәсіпкер тапқан табысымен мақтанады. Ал біздер немен мақтана аламыз? Әрине, шәкірттерімізбен мақтанамыз. Шәкірттеріміз білімді, тәрбиелі болса ол біздің мақтанышымыз. Ертең олар халықтың қажетіне жарап, отаны үшін тер төгіп жатса қалай мақтанбайсың. Өйткені, шәкірттің жетістігі ұстаздың жетістігі, шәкірттің бақыты ұстаздың бақыты. Егер олар діттеген жерімізден шығып, үмітімізді ақтап жатса біздің де еңбегіміздің жанғаны. Ал еңбегіміздің жанғаны төккен теріміз бен атқарған қызметіміздің текке кетпегені. «Әке балаға сыншы» демекші бізде шәкірттеріміздің сыншысымыз. Барлық шәкірттерге бірдей қарағанымызбен, өзіміздің болашағынан үміт күтіп, сенім артатын оқушыларымыз да бар. Солардың ішінен 3б сынып оқушысы Азалия Мұрат пен 8а сынып оқушысы Аяжан Есмұханбетті айтуға болады.

– Әл-Фраби бабамыздың «Адамға бірінші білім емес тәрбие беру керек» деген белгілі сөзі бар. Ұстаз ретінде осы пікірге көзқарасыңыз қандай?

Сіздің айтып отырғаныңыз әл-Фарабидің «Адамға бірінші білім емес тәрбие беру керек, өйткені тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөзі ғой. Иә, ұлы ұстаз өте дұрыс айтқан. «Тәрбие мен білім егіз ұғым» десекте, екеуінің байланысын дұрыс түсіне білу өте маңызды. Тарихқа жүгінсек, кешегі қаралы күндердің бас себепкері болып, тарихқа «қара жазумен» аты жазылған Адольф Гитлерді білімсіз деп айта алмаймыз. Тіпті қазақтардың аштыққа ұрынып, үштен екі бөлігінен айырылып қалуына себепші болған Ф.И.Голощекин де білімсіз болған жоқ. Оның қолдаушысы И.В.Сталин де тегін адам емес. Мұнда білімділікті бітірген оқу орнына қарап айтып отырған жоқпын. Диплом ешқашан білімділіктің өлшемі бола алмайды. Осы жағынан қарағанда аталған тұлғалар білімнен де, ақылдан да, көрегендіктен де кенде емес еді. Бірақ тарих алдында істеген қылмыстарына қарап «білімді» деп айта алмайсың. Егер олардың өмір жолына қарап отырсаңыз барлығы да түрлі бұралаң жолдан өткен қиын тағдырдың иелері. Қиыншылықты да аз көрмеген. Бастарындағы қиын күндерге қарамай білмдерін жетілдіріп, қажыр-қайраттарының арқасында жетістікке жеткендер. Бірақ білім алса да, тәрбие жағы оларда кемшін болғанын байқайсыз. Өйткені, жас кездерінен зорлық пен зомбылықты көріп өсті. Ал ондай жандардың жүрегіндегі жара мәңгілік сақталатынын психологтар жиі айтады. Ондай жандарды құтқаратын мейірім мен жақсы тәрбие ғана. Сондықтан шәкірттердің білімділігіне ғана мән бермей, тәрбиесіне де ерекше көңіл аудару қажет. Оларды отансүйгіштікке, адамгершілікке, мейірбандылыққа, басқаларды құрметтй білуге баулу білім беруден де қайырлы болмақ. Өмірде адамның адамгершілігін біліммен өлшей алмайсыз. Қарапайым қара жұмыс істейтін адамның адамгершілігі күшті болуы ғажап емес, керісінше адамгершілігі жоқ, бірақ академик болуы мүмкін. Ал сол академиктен қандай қайыр күте аламыз. «Әлемді мейірім құтқарады» деген сөз бар. Ал сол мейірім білімділіктің емес, тәрбиеліліктің көрнісі.

– Жетістікке жеткісі келетін адам қашанда жоспармен қимылдап, соған сай еңбек етеді. Сіздің де болашаққа құрған жоспарларыңыз бар ма?

Шығыстың дүлдүл шайыры Фирдоусидің «Қайда бағыт алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан соқпайды» деген аталы сөзі бар. Сол айтқандай біз ұстаз болып, ел болашағы үшін жауапкершілік арқалағандықтан одан қашқақтай алмаймыз. Ол үшін кемел болашаққа жетелейтін бағыт-бағдар болуы керек. Егер сол бағыттан жаңылсақ жел шайқаған кемедей тұңғиықтың түбіне кетеріміз даусыз. Сондықтан босаңсу мен дандайсуға ешқашан жол бермеуге тиіспіз. Өзіміз тәрбиелеп отырған шәкірттерімізге үлгі болу үшін де мұның маңызы зор. Ал шәкіртерге беделді болу үшін білімді болу керек. Білімді болу үшін іздену керек. Менің болашақ жоспарларым да осыған негізделеді. Яғни, тынбай ізденіп, білімімді көтеруім керек деген алға қойған мақсатым бар. Білімді азаматқа атақ-абырой екінші мәселе. Өйткені, атақ-абырой биік шың болса, білім соған жетелейтін баспалдақ секілді. Баспалдақпен көтерілу үшін де ерік-жігер мен тынымсыз еңбек ету аса керек нәрсе. Бір сөзбен айтқанда, осы өткелдерден қиналмай өтіп, болашақта ең үздік ұстаздардың қатарынан көрінсем деген жоспарым бар.

– Әңгімелескеніңізге рақмет! Жоспарларыңызды абыроймен атқаруыңызға тілектеспін!

Әңгімелескен Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ.



Ұқсас тақырыптар