Жалған дәрі-дәрмек сататындар неге жазаға тартылмайды?

Соңғы уақытта Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығына заңсыз енгізілген фармацевтік өнімдер туралы жиі айтыла бастады. Тіпті кейбір мамандар жалған дәрілік препараттарды таратқаны үшін кәсіпкерді қылмыстық жазаға тарту керек деген де әңгімелер көтеруде. Жалпы, бұл мәселе бізде неге ушығып кетті? Мұның барлығы дәрі-дәрмектерді қадағалауға алмай, оның сапасына бақылау жүргізуді босаңсытып алғандығымыздан емес пе? 

лекарства.jpg

Шынында да, қазір дәріханаларда сатылып жатқан дәрілердің жасанды не шын дәрі екендігін ажырата алмайтын болдық. Оның үстіне танымал профессорларға пара беру арқылы өнімін насихаттап, газет-журналдарда, теледидарда жарнамалайтындар көбеюде. Сондай-ақ сол компания шығарған дәрі-дәрмектің көшірмесін артынша жасап шығаратындар тағы бар. 

Кейбір мамандардың айтуынша, жалған дәрілердің үштен бірі Алматыда сатылады екен. Осыдан біршама жыл бұрын ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жалған дәрі сатқан Алматыдағы фармацевтика басқармасының бастығын пара алып жатқан жерінен қолға түсірген болатын. 

Біле білген адамға дәрі сату – үлкен бизнес. Сондықтан да кейде жалған дәрі препараттарын сату кейбіреулер үшін тиімді болып отыр ма деп ойлайсың. 

Кеңес ҮШБАЕВ, фармацевтика ғылымының докторы, профессор:

– Бұл ретте жеке «аптекаларды» қысқартқанымыз жөн. Қазір әр көшенің басында бір-бір дәріханадан тұратын болды. Су сататын дүңгіршекке ұқсатып әр жерден аптека аша берген жақсы емес. Өйткені жаны қиналған адам дәріні жақын жерден алады, қандай қымбат болса да, алады. Себебі ақша адамның жанынан артық емес. Ал әр жерден ашылған дәріханаларды бақылаудың өзі қиын. 

Өткен жылы шегара асып келген дәрілердің 57 пайызы, елімізде шығарылған препараттардың 30 пайызы жарамсыз деп танылған. Дәрі-дәрмек сапасын бақылаушы мамандар «әсіресе Шымкент пен Қарағандыда жасалған дәрі-дәрмектердің сапасы сын көтермейді, тіпті қарапайым аналгин, аспирин, ношпа дәрілерінің құрамы ешқандай стандартқа сай емес» дегенді алға тартып отыр. 

Медицина ғылымының докторы, профессор Талғат Нұрғожиннің айтуынша, «лицензиясы жоқ дәрі-дәрмек сатқандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Өйткені олар дертке дауа болмайтын дәрілермен науқастың дертінің үстіне дерт жамап отыр. Сондықтан лицензиясы жоқ, сапасы күмән тудыратын дәрілер сатылымға мүлдем шықпауы тиіс. Егер шықса, қылмыстық жазаға тарту қажет». Маманның пікірінше, осындай қатаң жаза қолданғанда ғана мұның алдын алуға болады екен. 

Ерлан, фармацевт маман:

– Өкініштісі сол, біз жоспарлы және жоспардан тыс тексеру кезінде қадағаламасақ, бекерден-бекер дәріханаларды бақылай алмаймыз. Біріншіден, арыз түскенде ғана тексереміз, екіншіден, жоспарлы тексеру үш жылда бір рет жүргізіледі. Оның үстіне шағын бизнеске мораторий жарияланды да, тексеру жүргізе алмадық. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі жалған дәрі жасаушыларға жазаны қатайту мақсатында жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Мұның алдында осы уақытқа дейін жалған дәрі сату бойынша қолға түскендер қылмысқа тартылмайтын. Енді бұдан былай жалған дәрілік затты таратқандар анықталатын болса, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл – өте жақсы бастама. Осы жүйені ертерек қолға алуымыз керек. Бұл ретте әлі де мемлекеттік бақылауды күшейтуіміз қажет. Тек фармацевтика комитеті немесе басқармалары емес, сонымен қатар кедендік бақылау органдары да өз қызметіне тиянақты қарауы тиіс. 

Дәрінің жалған екенін қалай ажыратуға болады?

Фармацевт мамандардың айтуынша, тұтынушылар мынаны үнемі назарда ұстауы тиіс екен: еліміздің заңнамасына сәйкес, дәріханаларда сатылатын барлық дәрілік препараттың нұсқаулығы мемлекеттік тілде жазылуы –  міндет. Егер қандай да бір дәрінің жапсырмасында тек бір тілде ғана жазу болса (өзге тілде), бұл оның жалғандығының алғашқы белгісі деп білген жөн. 

Қалай десек те, жалған дәрінің сатылуына барынша тосқауыл қоюымыз керек. Шетелде жалған дәрілік заттарды таратқандарға қомақты мөлшерде айыппұл салып, бірнеше жылға бас бостандығынан айырады екен. Мысалы, Францияда 300-ден 500 евроға дейін айыппұл салынып, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырады. Ал Америкада 2 млн доллар көлемінде айыппұл салып, бірден бес жылға абақтыға жапса, Ұлыбританияда одан да қатал: 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі. Тіпті Қытайда бұл үшін ату жазасын қолданады. Ал біз бұл ретте қылмыстық жаза қолдануымыз керек пе?

Серік АНАРБАЙҰЛЫ

mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар