Сот "Рухани жаңғыруды" насихаттау дауы бойынша шешім шығарды

5.jpg


Алматының Бостандық аудандық соты "министрлік "Рухани жаңғыру" бағдарламасын насихаттау үшін суретімді рұқсатсыз пайдаланды" деген фотографтың арызын жартылай қанағаттандырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Судья Аида Әбілмәжінова Алматы қалалық ішкі саясат басқармасын шағымданушы фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлына "суретін рұқсатсыз пайдаланып, авторлық құқықты бұзғаны үшін" 300 айлық есептік көрсеткіш (680700 теңге) көлемінде өтемақы төлеп беруге міндеттеді.

Сәрсенбек Қызайбекұлының адвокаты Бауыржан Айдарбеков сот шешіміне көңілі толмайтынын, оған апелляциялық шағым беретіндерін айтты. Адвокаттың сөзінше, сот шешімі бойынша, өтемақы былтырғы айлық есептік көрсеткіш мөлшерімен есептелмек.

- Біз мұнымен келіспейміз. Бұл істе авторлық құқықты бұзуға әкімдіктегі ішкі саясат бөлімі қана емес, Мәдениет және спорт миинстрлігінің де қатысы бар. Бірақ сот шешімінде жауапкер тарап ретінде министрлік аты аталмады және авторлық құқықты бұзғаны үшін 300 айлық есептік көрсеткішке тең өтемақы – аз сома. Сондықтан біз шешімге шағымданамыз, - деді Бауыржан Айдарбеков Азаттыққа.

Сәрсенбек Қызайбекұлы 2017 жылы желтоқсанда Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының үстінен "авторлық құқығымды бұзып, суретімді рұқсатсыз пайдаланды" деп арызданған және 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Фотографтың айтуынша, жас бала мен қаршыға бейнеленген 2014 жылы түсірген суреті былтыр тамыздан бастап Қазақстанның бірнеше аймағында "Рухани жаңғыру" бағдарламасын үгіттеуде көрнекілік ретінде іліне бастаған.

Бұған дейінгі сотта министрлік өкілі суретті өздері өңдеп жібергенімен, атқарушы органның (Алматы қалалық әкімдігін айтады – ред.) нақты сол суретті алу-алмауға еркі бар екенін айтқан. Алматы әкімдігі де, министрлік өкілі де сотта фотографпен "алдын ала келісім болмағанын, оған ешқандай гонорар төленбегенін" мойындаған.

Бұған дейінгі сотта судья екі тарапты бітімге келуге шақырғанымен, Сәрсенбек Қызайбекұлы министрлік ұсыныстарынан бас тартқан.

Сотқа жауапкер тараптан ішкі саясат басқармасының өкілі ғана келді, министрліктен ешкім қатыспады.

Әкімдік өкілі сот шешіміне қатысты комментарий беруден бас тартты және өзін суретке түсіруге қарсы болды.



Ұқсас тақырыптар