Халықтық педагогика қазақ мектептеріне қашан енгізіледі?

Шыны керек, қазіргі жасөспірімдер арасында арақ ішу, темекі тарту, СПИД, нашақорлық, қыздарымыз он екіден бір гүлі ашылмай жатып бала көтеру деген секілді жағымсыз қылықтар көбейіп кетті. Мұның сыры неде? Біз мұны арнайы зерттеп, түйінін тарқатып көрдік пе? Айналып келгенде, осының барлығы біздің халықтық педагогикадан ажырап, мектептегі бағдарламаларымызды еуропалық жүйеге сәйкестендіріп жатқандығымыздан емес пе?

окушы.jpg

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазір еліміздегі орта оқу орындарында америкалық әдіс, еуропалық әдіс деген секілді бағдарламалар жаппай енгізіліп кетті. Оның үстіне, ЖОО-лардың барлығы Болон жүйесіне көшіп жатыр. Осының бізге пайдасы бар ма, жалпы, еуропалық үлгіні мектеп бағдарламасына енгізгеніміз қаншалықты дұрыс? 

Зейнеп АХМЕТОВА, Батыр Баукеңнің келіні, жазушы:

– Мен түрлі әдістемелерді аннан-мұннан көшіріп алып, мектеп бағдарламасына енгізе бергенге қарсымын. Халықтық педагогиканы біз қазақ мектептеріне міндетті түрде енгізуіміз керек. Қазір бізде кеңес кезінен қарағанда қазақ мектебі де, балабақшасы да көп. Алайда оның барлығы ұлттық жүйемен негізделмеген. Демек, Қазақстанда ұлттық мектеп жоқ. Біз әлі күнге дейін шетелдің әдіс-тәсілдерін қолданып келеміз. Қазақтың өлең-жыры, мақал-мәтелі тұнып тұрған тәрбие емес пе? Неге оны бір жүйеге келтіріп, мектеп бағдарламасына енгізбеске? Шынымды айтсам, ғалымдардың жазғандарын мен түсінбеймін. Мектеп бағдарламасын ғылыми тілмен шиыршықтаудың керегі жоқ. Кәдімгі, көпшілік түсінетіндей, қарапайым тілмен жеткізуіміз керек. 

Қалай десек те, халықтық педагогиканы мектептерге пән ретінде енгізуге тиіспіз. Себебі халық педагогикасы — қазақ халқының сан ғасырдан бергі ата-бабадан ұрпаққа өлмес мирас, өмірлік мұра болып жатқан тәлім-тәрбие жөніндегі тәжірибесі. Яғни ата буын өкілдерінің тәрбие тұрғысындағы жинақталған бай тәжірибелеріне сүйене отырып, өскелең ұрпақты адал еңбекке, ұлтжандылыққа, өнер-білімге баулу, салауатты өмірге бейімдеу, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу. Мұны ұстаздық тәжірибеде тиімді пайдалана алсақ, игі мақсаттарға қол жеткізе алғанымыз. 

Аягүл МИРАЗОВА, ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері:

– Қазір білім саласына керекті-керексіз түрлі тәсілдерді қолданып, осының салдарынан негізгі пәннің сағаттары кеміп, оқушылардың білім сапасын төмендетіп алдық. Еліміздің білім беру жүйесінде халықтық тәлім-тәр-биемен ұштасқан тәжірибе жоқ. Халықтық педагогиканы жеке пән ретінде емес, тарих, әдебиет, математика, физика болсын – барлық пәндерде халықтық тәрбиенің үні естіліп тұруы қажет. Демек, бір-бірімен байланысып, біте қайнасқан жағдайда ғана білім сапасы артатын болады. 

Зейнеп апа айтқандай, қазір елімізде қазақша мектептер көбейгенімен, оның ешқайсысы да ұлттық жүйемен негізделмеген. Сондықтан бұл жерде, ең бастысы, ұлттық дүниелерге басымдық беруіміз қажет. Тіпті білім ошақтарында ұлттық дәстүрді насихаттайтын, ұлттық тіл, дін, діл деген секілді асыл қасиеттерімізді жастардың бойына сіңіретін арнайы пән енгізсек те артықтық етпейді. Әрбір аурудың өзінің емі болатыны секілді, осындай батыстық індетке ұлттық өнегемізбен, қазақи болмысымызбен қарсы тұруымыз керек.

Енді халықтық педагогиканы мектептерге қалай енгізу керек дегенге келетін болсақ, ол үшін бұған Үкімет тарапынан қолдау керек. Сондай-ақ мұны мектептерге пән ретінде енгізгеннен кейін оның әрбір сағатына қаржы бөлінсе екен. Одан кейін арнайы ұлттық бағдарлама жасап, оған ғалымдарды емес, бұрын мектептерде ұзақ жыл жұмыс істеген, тәжірибесі мол педагогтерді тартсақ жөн болар еді. Негізгі ұлттық бағдарламаның әдістемелерін солар жасағаны дұрыс. Онымен қоса, елімізде мықты-мықты небір этнографтар бар, көзі ашық, көкірегі ояу ақсақал қарттарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз бар, осылардан үйренеріміз көп. Бұл жерде басқа жақтан көшірме алудың керегі жоқ. Барлық өнеге қазақтың өзінде тұр. Сондықтан қазақы дәстүрді ғылыммен байланыстыру керек. Оның үстіне, қазір жастарымыздың барлығы интернетті жақсы меңгерген. Интернетке қазақтың ұлттық құндылықтарын таратып, қазақы дәстүрді дәріптейтіндей жақсы дүниелерді кіргізсек, ол да үлкен септігін тигізер еді. Сонымен қатар ЖОО-ларда халықтық педагогика мамандарын дайындайтын арнайы кафедралар, зертханалар ашылса, құба-құп болар еді. 

Әрине, халықтық педагогика дәстүрінде білім беруді қазақ мектептерінің оқу бағдарламасына енгізе салу – бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Бұған кезең-кезеңімен көше отырып, мәселенің түйінін шешудің бірнеше жолын қарастыру керек. Бұл жерде үш тілділікке ешкім қарсылық білдірмейді. Әрине, ағылшын тілін білу – үлкен сұраныс. Онсыз біз әлемдік технологиямен, әлемдік инновациямен жұмыс істей алмаймыз. Десек те, бұл ретте қазақы дәстүрді де, ұлттық педагогиканы да ұмытпағанымыз жөн болар. Сіз не дейсіз, ойлы оқырман?..

Берік ЖҰМАБАЕВ,

Түркістан қаласы



Ұқсас тақырыптар