Алматыда қатерлі ісікті 1,5 күнде анықтайтын жаңа бағдарлама іске қосылады

6d3bc46033dd7f9d7e82ce638b69da2a.jpg


Алматыда наурыз айынан бастап, қатерлі ісік ауруын тексеретін жаңа бағдарлама жүзеге аса бастайды. Ол туралы бүгін Қазақ Ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарова айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

 

Дәрігерлердің айтуынша, орталықта тексерілу шет елдегі медицина орталықтарындағы диагностикадан өткеннен айтарлықтай арзан болмақ.

«2018 жылдың наурыз айынан бастап, институт қабырғасында орталық ашылып, check-up бағдарламасы бойынша кез келген адам диагностикадан өте алады. Біздің медициналық жабдықтарымыздың барлығы жаңа заман талаптарына сай, цифрлық технологиялар. Мысалы, Кореяда тексерілуден өту 3,5 мың АҚШ доллары болса, бізде шамамен 50-60 мың теңгеге толық тексеріліп шығуға болады», - деді Диляра Қайдарова.

Диляра Қайдарованың айтуынша, қазіргі уақытта Дүниежүзілік обырға қарсылық күні аясында Қазақстанның барлық қаласында тегін тексеру жүргізіліп жатыр.

«Біздің мамандарымыз Корея, Жапонияға барып тәлім алып тұрады. 2017 жылы 22 дәрігер шет елде біліктілігін арттырып келді. Наурыз айында басталатын бағдарлама бойынша кез келген адам 1,5 күн ішінде өзінің денсаулығының толық қорытындысын ала алады», - деді ол.

Институт басшысының айтуынша, Қазақстандағы тегін скрининг бағдарламасы бойынша тек сүт безі, жатыр мойыны ісігі, колоректалды обырға ғана тексерілуге болады. Ол үшін елімізде 2,8 млрд теңге бөлінген. Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні 4 ақпанда жыл сайын аталып өтеді. 


Ұқсас тақырыптар