Оңтүстік Қазақстан облысында 7 млн теңге көлемінде пара алған шенеуніктер сотталды. Өңірдің тексеру комиссиясының бұрынғы төрағасы Сырым Шалабай мен бас аудиторы Біржан Құдияров 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен айыпталушылардың аса ірі мөлшерде пара алғаны дәлелденген. Екі шенеунік те жазасын жалпы тәртіптегі түрмеде өтеп, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқара алмайтын болды.
Естеріңізге сала кетейік, аса ірі көлемде пара алған шенеуніктер өткен жылдың шілде айында ұсталған болатын. Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының мәліметінше, облыстық ревизиялық комиссияның бұрынғы төрағасы Сырым Шалабай мен бас аудиторы Біржан Құдияров параны тексеру актісін жағымды етіп көрсету үшін сұраған. Кейін қылмыс үстінде ұсталып, уақытша ұстау абақтысына жабылған еді.
Айта кетейік, Сырым Шалабай бұл қызметке 2016 жылдың қыркүйегінде тағайындалған болатын.