А.В.ЗАТАЕВИЧ ТЫҢШЫ МА?

А.В.ЗАТАЕВИЧ ТЫҢШЫ МА?


 
ӨМІРДЕРЕК. Александр Викторович Затаевич  десе, қазақтың музыкалық бай мұрасы, оның осы мұраны жинаудағы өлшеусіз еңбегі еске түсетіні аян. Бұл кісі кім еді, қазақ даласына қалай келді? А.Затаевич (1869, Болхов, Орлов губерниясы - 1936, Мәскеу) 1886 жылы Орлов кадет корпусын тәмәмдаған соң, Полоцкіге қызметке жіберілді, 1904-1915 жылдар аралығында Варшавада қызметін атқарды. Байқап отырсаңыз, әскери қызметінің дені Польшамен байланысты. 1919 жылы қазақ өнерімен таныс болды, 1920 жылдан бастап сол кездегі Қазақ елінің астанасы Орынбар қаласында тұрды. Ұлт ұстазы Ахаңның өзі оған жеті ән жаздырды. Оған осы еңбектері үшін 1923 жылы бар-жоғы үш жылда ҚазКСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағы да беріліп үлгірді. 1936 жылы Мәскеуде қайтыс болды. 
ТЫҢШЫЛЫҚТЫҢ ТҮСІНІГІ. Бәріміз білетін тыңшы бар, ол мемлекеттік құпияны жинаушы, сыртқа беруші сырт елдің адамы, егер өз азаматымыз дәл солай жасаса, ол отанға опасыздық болып бағаланады. Бірақ бұл тыңшылықтың жұртқа белгілі нысаны ғана. Тыңшылықтың екінші бір нысаны бар. Тыңшылық хақында Қылмыстық кодекс былай дейді: «Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi шет мемлекетке, халықаралық немесе шетелдiк ұйымға не олардың өкiлдерiне беру, сол сияқты оларға беру мақсатында жинау, жымқыру немесе сақтау (бұл - біріншісі), сондай-ақ шетелдiк барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәлiметтердi Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қарсы пайдалану үшiн беру немесе жинау (бұл - екіншісі), егер бұл іс-әрекеттердi шетелдiк азамат немесе азаматтығы жоқ адам жасаса (176-бап. Тыңшылық). Мұны түсіну үшін орыстанған башқұрт Тевкелевтің қазақтың жақсы-жаман қасиеттерін патшалық Ресейдің мүддесіне пайдаланып кету керек деп қатын патшаға жазған хатын еске түсірсек те болады. Біз Тевкелевтің жинаған мәліметінің кесірінен ғасырлар бойы зардап шегіп келеміз, ал оның ішінде ешқандай да мемлекеттік құпия жоқ болатын.  
АРГУМЕНТТЕР. А.Затаевичті қазақ музыкасының жанашыры дегеннен гөрі тыңшы деген уәжге жетелейтін аргуметтер көбірек. Атап айтқанда:
1-аргумент. Затевич әскери оқу орнын бітірген адам, музыкант емес, әуенге көңілі ауған музыка зерттеушісі емес. Тәжірибе жинақтаған соң 1915 жылға дейін Ресейдің бақас бауырласы Польшада қызмет атқарды. Патшалық Ресейдің  батысынан асып, Еуропада жүрген әскери қызметші қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмаса да, қазақ даласында не жоғалтты? Бұл оқиға Омбыдағы кадет корпусын бітіріп, Қашғарға Ресейдің мүддесі үшін тыңшылыққа барған Шоқан атамыздың оқиғасын еске салады. 
2-аргумент. Сафуан Шәймерденов ағамыздың «Ағалардың алақаны» атты естелік кітабы бар. Сонда Сафуан ағамыз бір оқиғаны атап өтеді. Бірде Франция жазушыларынан Қазақстанға  делегация келеді. Ағамыздың жеке көлігі болғандықтан, француз әйел жазушыларды алып жүру жүктеледі. Тіл білмегесін, емен-жарқын сөйлесе алмаған соң, жол қысқарту үшін ән айтайық деп шешеді. Кезекті бір жолы француздар қазақтың «Сәулемсің» әнін шырқап тартты дейді ағамыз. Мен: «Бұл қазақтың әні» деп екінші шумағын қазақ тілінде әуелеттім, ал үшінші шумағын олар француз тілінде мен қазақ тілінде қосылып шырқадық дейді (ескерту: бұл кітапты оқығаныма 20 жылдан асып кеткендіктен, нақты беттеріне сілтеме жасай алмаймын, бірақ іздесеңіз, онда осындай ақпарат бар).
3-аргумент. Дәл сол кітапта ағамыз «бірде бір музыкант замандасым «тез үйге кел» деп хабарласты, барсам бір музыкалық поэма тыңдап жатыр екен» дейді. «Соның қайырмасы қазақтың айны-қатесіз «Қараторғай» әні» деп таңданады С.Шәймерденов ағамыз. Қаламгер қазақ әнінің бұлайша Еуропа аралап  кетуінің себебі А.Затевичтің бүкіл Еуропада достарының болуымен, олармен хат алмасып тұруымен байланыстырады. Дәу де болса, Затаевичтен келген болар деп топшылайды. Енді ойлаңыз: қазақтың мұрасын оңды-солды үлестіруге оған кім құқық берді? 
4-аргумент. Қазіргі музыкатанушылардың ойынша, ол әннің барлық шумақтарын жазбаған, сөздері толық емес, бір қайырып қана жазып отырған. Ал күйлердің төменгі сағасы жоқ. Тек мәйегін ғана алған. Ән мен күйдің толық антологиясын жасауға бел буған адам сөйте ме?
5-аргумент. Патшалық Ресейде әскери білім алып патшаға ант  беріп, қызмет қылған офицерлерді Кеңес үкіметі орнаған соң, Сталин тұрмақ Лениннің өзі аттырып тастағанын білесіздер. Ал шетелде қызмет жасаған біздің батыр дін аман қалған.
6-аргумент. А.С.Пушкин қазақ даласының батысына келіп, қазақ өмірімен танысып, бүгінгі күні Валентиннің кесірінен басы дауға қалған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына қатты қызушылық танытты, бұл  сюжет байынша міндетті түрде поэма жазам деп тамсанды деп мақтанамыз. Бекер қопаңдаймыз. Ол жойылып бара жатқан, ертеңгі күні Американың үндістерімен тағдырлас болатын халықтан не алып қалуға болады, деп келіп тұр. 
НЕ ҮШІН? «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп таңдай қаққан Ш.Уәлихановтың досы Г.Потанин де, қазақ даласына өкшесі тиген басқалары да мұнда әлемге ұялмай көрсетуге болатын мол әдеби және музыкалық мұраның бар екенін сөзсіз білді. Әсілі, «жаудан түк тартсаң да пайда» деген қағиданы ұстанған Патшалық Ресейдің де, Кеңестік қызылдардың да қазақтың жойылатындығына күмәні болмаған сияқты. 1902, 1927, 1932, 1937 жылдары, т.б. операцияларының әйтеуір бір қазақтың түбіне жетеріне сенген сыңайлы. Алаштың марғасқаларына «Жапонның тыңшысы» деген айдар тағылып, бытырлап атылып жатқанда Затаевич одан бір жыл бұрын бақилық болған еді. Оның музыка қорын аман сақталып қалуына сіңірген еңбегін жоққа шығармауымыз керек. Затаевичтің кейіннен қазақ халқын құрметтеп, жақсы көріп кетуі ғажап емес, бірақ әу бастағы миссиясы не екенін де біз білуіміз керек. Әзірге топшылау ғана...
Біздікі көрген көз бен естіген құлақта жазық жоқ деп, түйгенімізді айту ғана, қалғаны өз шаруаңыз. Болмаса – өз сөзім өзімдікі.
Алмас Жұмағали,
заң ғылымдарының кандидаты

Ұқсас тақырыптар