Мың айтқаннан бір көрген артық

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлығы­ның лауреаты, әнші, компози­тор, драматург Байғали Есенәлиевпен әңгімеміз «Сағынғанда бір келерсің» пьесасынан басталды.

– Сіздің «Сағынғанда бір келерсің» деген пьесаңызды оқып шықтым. Жалпы, осы шығарманы жазуға ойтүрткі болған не нәрсе? Ән құдіреті ме, әлде көкейіңізде қалып қой­­-ған сағыныш бар ма? Сіздің ойыңызша, әйел болып өмір сүру, ән кейіпкері болып ел есінде қалу, мәңгілік махаббат иелеріне қанша­лықты қиын деп ойлайсыз?

– Бірде ОҚО-да бір кішігірім концертте қырғыз композиторы С. Жұмалиевтің «Таң сыры» әнін орындағам. Жерлес ағам Саты­балды Дулати ән соңынан, «дұрыс орын­дайды екенсің, бірақ ән тағдырын аша ал­мадың» деді. Ол кісінің бұрын-соңды ән салғанын естіген емеспін. Ақындығында дау жоқ. Қысылыңқырап қалғаныммен, Крыловтың мысалына балап қоя салдым. Қайтып келе жатқанымызда, Сатекең әлгі әңгімені қайта қозғады. Екінші қайтара қозғағаны тегін емес екенін сезіп, зейін қойдым. Қатты әсер етті. Тіпті айран-асыр болдым. Расында, ән тағдырын білмей орындау әнге қиянат екен-ау! Сосын бұл тақырыпқа көп ойланып жүрдім. Ойлап қарашы, Естай ән жазған Қорланда не арман бар немесе Абайдың әні болған Тоғ­жанда. Керемет қой! Мыңнан бір туатын асылдың көзіне арман болып көрініп, дү­ние­де жоқ әннің кейіпкері болған бақыт қой! Бір-ақ әнмен тарихтың өшпес кейіп­керіне айналдың. Ұрпақтан-ұрпақ тамсана айтады сен туралы әнді. Ән орындалған сайын тың­­дарман ықыласына сен де ор­тақсың. Шынында да, солай ма!? Жоқ! Өмірден өткен соң, солай болса солай шы­ғар. Тірі күніңде азап қой. Жай ән болса бір сәрі, ол – «Қорлан» әні, ол – «Айттым сәлем, Қаламқас» қой. Шырқалған жерін шыр­қыратып ойып түсетін. Жаныңмен беріліп орындап, зейін қойып тыңдасаң, ән жұма­ғына ертіп кіретін ән төресі ғой. Ол ән қазақ даласының қай түкпірінде де орын­далып келеді емес пе? Сол Қорлан қонаққа бар­мады ма, құдағи болмады ма? Қайда барса да «Қорлан» әні алдынан шығып отырды емес пе? Әрбір тыңдаған сайын күйеуі қан­дай күйде болды екен.

Осыларды ойлай жүріп «Таң сыры» әні­нің кейіпкері, Шыңғыс ағаның жұбайы Мәрия апай туралы көп тебірендім. Соның нәтижесі шығар. Театрда қойылмай тұрып, көрермен баға бермей тұрып пәлен деудің өзі қиын. Әзірге пьеса күйінде жылы қа­былдап жатқандар көп.

Көкейдегі қалып қойған сағыныштар туралы не айтам? Түсінікті ғой. Сол сағы­ныштар болмаса, мұндай дүние жазу­дың өзі оған жасалған қиянат емес пе? Театрда актер болып жүрген кезімде, басты рөлде ойнаған спектакльдерге билет бол­майтын. Неге? Әрбір кейіпкердің басын­дағы оқиға менің өз тағдырыма айнала­тын. Асқар Тоқпанов ұстазыма мың мәртебе тағзым! Сол кісінің мектебі… Кейін Қазақ ра­диосында қызмет еткен жылдары да «Түнгі толқын» хабарына халықтың сұ­ранысы қаптады да кетті. Түнгі тікелей эфир 24-00 мен 02-00-дің арасы екеніне қарамай, тың­дармандар телефон желісін босатпай хабар­ласатын. Осының бәрі сол сағыныш пен өмірге деген іңкәрліктен бо­лар.

– Мәрияның бейнесі арқылы Бүбісара­ның образын аша алдым деп ойлайсыз ба?

– Менің қабылдауымда Мәрия – Шың­ғысымен қайта қауышқан Бүбісара. Бүбі­сарадан айырылып дүниеден баз кеш­кен Шыңғысты бұл дүниеге қайтарған, көзі­не Бүбісарасын елестеткен Мәрия ғой. Екеуі екі бөлек дара тұлға десек те, әлемнің Шың­ғысын қолдаудағы, әлемнің Шың­ғысының жүрегіндегі бала кезден жинақ­тал­ған қазы­наның көзін ашудағы орындары ерекше. Оларды тіпті салыстыруға да бол­майды. Бұл пендешілік қызғаныш пен адами күйкі тір­ліктен биік тұрса керек.

– Екеуінің қайсысы бақытты болды деп ойлайсыз?

– Оны пьеса қойылған соң көрермен өзі айтар. Бүбісара – Шыңғыстай азаматпен кездесіп, онымен өткізген аз ғана уақытын бүкіл ғұмырына балаған ару. Әйтсе де, Шың­­ғыспен тұрмыс құруға тағдыр мүм­кіндік бермеді және өзі де қарсы болған. «Тұрмыс ұлы сезімдерді жұтып жібереді» деген сөзі де бар. Есіңізде болса, пьесадағы Бүбісара: «Өздерінің асқақ армандарын бір шаңырақтың астында біріктіреміз деп мүл­де өшіріп алғандар аз ба? Шыңғыс екеуміз некеге тұрып, үйленгенде не болар еді? Қап­тап жүрген ерлі-зайыптылардың бірі болар едік. Кейде, бас қосып бір шаңы­рақтың астында бірге тұру ұлы сезімдерді жұтып жібереді. Мен содан қорықтым. Шың­ғысқа сағыныш боп кездесіп, са­ғы­ныш боп қоштасқанды дұрыс көрдім…» дейді бір сөзінде. Оның Шыңғысты қан­шалықты сүйгенін, оған деген махаббатын қалай биік бағалағанын осы сөздерден де аңғаруға болатын шығар. Шын сүйе білу – әркімнің басына қона бермейтін бақыт. Бұл жағынан келгенде, Бүбісара – бақытты жан. Бақытсыздығы – осы бір бақыттың тым қыс­қа болғандығы. Бір кем дүние ғой қа­шанда. Ал Мәрия – өзінің өткен қателігіне пұшайман болып, ел назарынан тайсақтап жүрген кезінде Шыңғыстың жары болу жауап­­кершілігі мойнына артылған ару. Қараңызшы, не деген әділетті бұл өмір?! Кешегі қате басқан қадамы үшін әлемдік тұлғаның тағдырын жауапкершілігіне тап­сырып отыр ғой. Ал күн сайын қарсы ал­дынан шығып отырған «Таң сыры» әні ше? Қырғыз халқының сәулет өнері саласы­ның ұлы тұлғасы, бір республика төрінде екі күннің бірінде кездесуді маңдайларына жазып қойған «Таң сырының» авторы (сөзі­нің) Асқар Исаев ше? Әйел халқы өздері айтпаса, олардың бақытты, бақытсыз­ды­ғына баға берудің өзі бізге, еркек атаулыға қиындау сияқты.

– Пьесаны жазудағы мақсатыңыз не?

– Ән құдіретін сезіне алмай келеміз. Оны сезіну қатырып орындау емес, оны бағалай білу. Жоқтан өзгені ән етіп қадірін түсірмесек екен деймін. Жоғарыда айтқа­нымдай, әннің сыйлар бақыты мен сорлатар соры да көп қой. Десек те, «Қорлан», «Таң сыры» сияқты әндер болса екен деймін. Жалпы, пьесаны жазғанда «мынаны айтқым келді» деп тап басып, мақсат қоя алмайтын кемшілігім бар.

– Мәрия секілді қателік жасаған қыз­дарға айтарыңыз…

– Қалай болғанда да Асқар ағам айт­қандай: «Өзің өлтірмейді. Жат жарылқа­майды. Қыздарымыз өзге ұлтқа тағдырын тапсырмас бұрын өзінің ертеңін ғана емес, ұлт тағдырын ойласа» деймін. Ол туралы мына пьесада айтқам. Әрине, сахнада айтылса құба-құп. Өйткені, мың айтқаннан бір көрген артық. Сондықтан пьесаны көрген дұрыс.

– Сұлулық деген қыз баланың бағы ма, әлде соры ма? Қалай ойлайсыз?

– Бағаласа, бағаланса – бағы. Баға­ла­маса, бағаланбаса – соры. Сұлулық шын мәніндегі сұлулық болса, бағалануы тиіс. Бақырайған балық көзден, сығырайған сыр­лы көз артық емес пе? Ұлтының атына кір келтіріп жүрген сырты сұлулардан, қа­ра­пайым ғана келбетті жаны сұлуларымыз аман болсыншы, әрдайым!

– Бір жағынан қазіргі уақытта шетке кетіп жатқан қазақ қыздарына айтылған арнау ән секілді болып көрінеді. Сүйіп тұрып қосылмау, махаббатты мәңгілік сақтай ала ма?

– Біз әр нәрсені тек ел аузына ілігіп аңызға айналғандардың өмірімен бағалап жаман үйреніп барамыз. Тек соларды ғана өнеге тұтып, соны қайталағымыз келеді. Ол дұрыс емес. Әр тағдыр өзіне тән ерекше­лігімен күрделі. Біреуге еліктеуге болар, бірақ біреудің өмірін қайталау мүмкін емес. Ол – қателікке апаратын басты жол. Еліктеу бітіп, нағыз өмір басталғанда, ұйқыдан оянғандай болып есін енді ғана жиятын­дарды көріп жүрміз. Сүйіп тұрып қосылмау обал-ақ, сүйіп, қосылып, ажырасып кетуді тоқтатсақ, қазіргі ең үлкен жетістік сол болар еді! Сүйіп тұрып қосылу, әрине – үлкен бақыт!

– Бір әнде қаншама адамның тағдыры шиеленісіп барып, өз қалауын тапты. Сол әннің о баста Мәрияға арналғаны – тағдыр тарапынан дұрыс шешім. Оны маңдайға жазылып қойған тағдыр десек, сол тағдырдан қашып құтылудың оңай емес екенін осы шы­ғармаңыз дәлелдеген секілді. Демек, Мәрия­ның Шыңғыс үшін нағыз жанын сүйер жары болғаны, Бүбісара секілді оның жанын түсі­нуі, Мәрияның Асқардың махаббатын баға­ламай, жапон жігітіне кетіп қалуы, тағдырдың қайтадан айналдырып әкеп, Мәрияға махаб­баттың не екенін көрсетуі, шығарманың да, ада­м тағдырының да нағыз үйлесімділігін көр­сетіп тұр емес пе?

– Жалпы, тағдыр қосылуды жазбаған арманды ғашықтар ғой. Шыңғысқа деген сезімін сақтап қалу үшін екінің бірі бара бермес шешімге баруы құдіретті адамның ғана қолынан келеді. Олар – ғашықтар.

– Қателіктен қорқуымыз керек пе?

– Өмір қателеспейді. Адамдар қате­ле­седі, қателігін өмір алдынан шығарып отырады. Бұл өмірдің назарынан еш нәрсе тыс қалып көрген емес. Сен құтылып кет­кен жауапкершілікке ертең ұрпағың тұты­лады. Өйтіп сүрген өміріңде не қасиет қал­ды?

– Пьесаның алдағы тағдыры қалай? Қай жерлерге қойылды?

– Биыл Шыңғыс Айтматов тірі болған­-да 90 жасқа келеді екен. Ұлы суреткердің осы жасы барлық жерде атап өтілетін шы­ғар. Оның ішінде театр фестивальдері де болуы заңды. Өйткені ол кісінің драма­тургиялық шығармалары да, прозадан инсце­ниравкаланған туындылары да жет­кілікті. Сол қарсаңға дөп келгендіктен бо­лар, біраз театрлар қызығушылық танытып сұратып алды. Қалғанын уақыт көрсетер.

– Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан Әсел НАЗАРАЛЫ

aikyn.kz


Ұқсас тақырыптар