Құрылғалы бері басына қара бұлт үйірілген Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына бүгінде көңілі толмаушылар қатары көп. Мүше елдердің қоғамдық белсенділері Одақ аясында жүзеге асып жатқан жобалар мен келісім-құжаттардың дені Ресей мүддесін көздейтіндігіне бұрыннан наразы. Олар ЕАЭО жұмысының тиімсіздігін үнемі сынға алып келеді. Тең дәрежелі болуға тиісті одақтастардың көшбасшысы саналатын Ресейдің өз ішінде де ЕАЭО-ның жұмысына мін тағушылар жетерлік. Жуырда Ресейдің белді басылымдарының бірі Gazeta.ru-да шолушы Рустем Фаляховтың Еуразиялық одақтың ыдырау алдында тұрғандығы айтылған мақала жарияланды. Онысына нақты зерттеу жұмыстарының қорытындыларын, орын алып жатқан түрлі оқиғалар барысын басты дәйек етіп алыпты. Одақ қазанында қатар қайнап жүрген Қазақстанға тікелей қатысты болғандықтан мақаладағы негізгі ойларды оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.
Еуразиялық экономикалық одақ ішкі қайшылықтардың салдарынан бөлшектенуде. Ресейдің одақтастар мүддесін ескермеуі салдарынан Қазақстан кирилл әрпінен латын әліпбиіне ауысу идеясын қолға алса, Беларусь шекарасын импорт үшін айқара ашып қойды, ал Армения Еуроодақпен серіктестік туралы келісімге қол қоймақ. Мамандар мұның бәрін одақ мүшелерін біріктіруші ортақ құндылықтың жоқтығынан деп түсіндіреді. Оның да жаны бар.
Жыл өткен сайын халықтың одаққа деген сенімі кеміп барады. «Еуразиялық монитор» интеграциялық зерттеу орталығының дерегінше Ресей мен Армения азаматтары арасында одақ тиімділігіне сенушілер күрт азайған. Қазақстан мен Беларусь және Қырғызстанда да одақ беделі біртіндеп құлдырау үстінде. ЕАЭО-ға мүшелікке өтуі ықтимал Тәжікстан мен Молдовада да осындай көңіл-күй байқалуда. Пікіртерім барысында қоғамда одақ жұмысына немкетті көзқарас артқаны байқалған. Мұндайлардың үлесі 15 пайыздан 25 пайызға дейін өскен. Зерттеушілер пікірінше, одақ жұмысының өзектілігіне қоғамдық күдік алдағы уақытта арта түспесе, кемімейді. Зерттеуге ЕАЭО-ға мүше 5 ел мен Тәжікстан және Молдовадан 8 мың адам қатысқан.
Еуразиялық экономикалық комиссия бір жанжалды басса, келесісін бесеңдетуге үлгермей жатыр. Айталық Беларусьтің одақ мүшелерінің ортақ кедендік ережелерден көптеген талаптарды алып тастауына көңілі толмайды. Ресми Минск одақ құрылған 10 жыл ішінде тауар мен қызмет түрлерінің ортақ нарығын құру мүмкін болмай қалғанын айтуда. Олар бейтарифтік кедергілердің көптігі одақтастарды біріктірудің орнына одақ кеңістігін ыдыратуға бастайды деген пікірде.
Беларусь президенті Александр Лукашенко осыларды айтып, жиі шағымданады. Онысы қоғам тарапынан қолдау тауып та жүр. Тек Кремль мен сарапшылар оған құлақ асар емес. Стратегиялық әзірлемелер орталығының басшысы Алексей Кудриннің пікірінше кедергілерді жойған жағдайда ЕАЭО ішіндегі сауда бірнеше жылда 25 пайызға секіріс жасар еді. «Одақ жұмысын дамыту үшін осы кедергілер жойылуға тиіс, олай болмаған жағдайда әркім өз жөнімен кеткені жөн», – дейді Кудрин.
Батыстық санкция қыспағындағы Ресей одақтастарымен кеңеспестен өзіне тиімді жағдайлар негізінде антисанкциялық шешімдер қабылдады. Кудрин бұны ұлттық эгоизм үлгісі деп атауда.
Қазақстан билігі еш жанжалсыз, асықпай, бірақ одақтан бөлінуге анық дайындалуда. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жуырда «Қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлыққа қол қойды. Ол 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді қамтамасыз етпек. Осы жарлық арқылы Назарбаев өз елін қандай елдер арасында көргісі келетінін, кіммен сөйлескісі келетінін айқын білдірді.
Ең қызығы, Еуразиялық одақ құру идеясы дәл сол Назарбаевқа тиесілі. Енді оның өз «баласынан» көңілі қалғанға ұқсайды. Қазақстан ендігәрі батыста – Еуроодаққа, шығыста – Қытайға жиі мойын бұратын болды. Қытай да оған жылы шырай танытып, Қазақстанды басып өтіп, ары қарай Еуропаға шығатын жаңа Жібек жолын салуға уәде беруде.
Соңғы оқиғалар одақішілік келіспеушіліктер Мәскеудің қатысуынсыз да орын алып жатқандығын байқатты. Былтыр Қырғызстан Қазақстанды президенттікке өз адамын қоймақ болып, сол арқылы Қырғызстандағы президенттік сайлауға араласты деп айыптаған болатын. Бұған жауап ретінде Қазақстан өз шекарасы арқылы өтетін қырғыз тауарларына шектеу қойып, қырғыз кәсіпкерлерінің бірыңғай экономикалық кеңістік – Еуразиялық одақ аумағына кіру жолын жауып тастады. Жағдай қырғыз билігіне Сооронбай Жээнбеков келгеннен соң ғана оңалды. Бұған дейін Қырғызстанның экспрезиденті Атамбаев: «біз ЕАЭО-ға тым көп үміт арттық. Экономикалық дамуда өзімізді алдап, одаққа сеніп отырмауымыз керек», – деп одақтас серіктестеріне қарата мәлімдеме жасаған болатын. Ал Мәскеуге Еуразиялық одақ ішінде шекара да, проблема да жоқтай көрінген. Шынында олай болмай шықты.
Ресей мен Армения қарым-қатынасы да одақтағы түйіткілдердің бірі. Армения президенті Сердж Саргсян Мәскеумен де, Брюссельмен де достасқысы келеді. Бүгінде Ресей мен Армения арасындағы мүдделестік Таулы Қарабах мәселесінде ғана байқалды. Мәскеу Армения мен Әзірбайжан арасында текетіресте Ереванның қауіпсіздігіне кепіл. Екеуі де Еуроодаққа мүше болмағандықтан, Армения мен Әзірбайжан таласын Еуроодақ бейбіт түрде шешуге араласа алмайды. Сондықтан Ресей мен Армения одағы экономикалықтан гөрі әскери сипатқа ие. Еуразиялық одақ аясында кедендік кедергілердің алынып тасталуы армян конягі мен өзге де армян тауарларының арзандауына ықпал ете алмауы соның дәлеліндей. Армян конягі Еуразиялық одаққа кірмейтін, есесіне Еуроодақпен визасыз тәртіпке көшкен Гүржістан конягінен еш арзан емес.
Сарапшылар көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша ортақ шешімнің болмауын, монетарлық саясаттың бір ізге түспеуін одақтастардың жақындаса түсу ниетін кешеуілдетіп тұрған негізгі факторлардың біріне жатқызады. Айталық, ЕАЭО елдерінің шекаралық инфрақұрылымдық жобаларының жұмысы көбіне бір-бірімен үйлеспейді. Ал рубль көбіне тек Ресеймен екіжақты есеп айырылысқанда ғана (70 пайыз) қолданылады. Қалған одақтас елдер доллармен «сөйлескенді» құп көреді.
Саяси технологиялар орталығының бірінші вице-президенті Алексей Макаркиннің пікірінше, одақтағы негізгі проблема – ортақ құндылықтың қалыптаспауында. ЕАЭО-ның ЕО-дан айырмашылығы мұндағыларды либералды құндылықтар емес, әскери фактор немесе Ресейдің экономикалық-әскери әлеуеті ұстап тұр. Идея әзірге Ресейдің ақша беруге мүмкіндігі барында ғана ұнамды.
Джимми Картердің тұсындағы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Збигнев Бжезинский «Саяси аренадағы бүгінгі көшбасшылары биліктен кеткен соң Еуразиялық одақ өмір сүре ме?» деген сауалға: «Ұзақ өмір сүруі мүлде неғайбыл!» деп жауап берген екен. «Еуразиялық одақтың тағы да 10-20 жыл тұрарына күмәндімін. Ол кезде билік басындағылардың көзқарасы өзгереді. Мәскеу Батыс Еуропамен қарым-қатынасын реттегенде әрі Ресей билігі елдің еуразиялық ел емес, еуропалық ел екендігін мойындағанда ЕАЭО-ның қажеті де болмайды» – дейді Бжезинский.
Аударған
Меліс Сейдахметов
Abai.kz