Өмірзақ Мұқай
Сегізінші өркениет тарихында әлемдік мемлекеттердің бәрінің төбесінен қарап тұрған ұлы державалардың мың саны өткен. Тарихтан бізге ежелгі Эллада, Рим сияқты құдіретті мемлекеттердің тасы өрге домалаған сәттері жақсы таныс. Содан бері де прогресс өркендеп, бүгінгі таңдағы ғылыми техникалық жетістіктерге ұласып отыр. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, қазіргі таңдағы әлемнің дес бермес бірден-бір ұлы державасы АҚШ саналады.
Әлемдік экономиканың 30 пайызға дейінгі жетістігін өз уысында ұстап отырған Америка Құрама Штаттарының бүгінгі таңда заманауи саясаттың басиесі екені еңбектеген балаға дейін мәлім. Қашанда «мықтының арты диірмен тартпақ», қазір Америкамен қарым-қатынасын жақсартуға ниетті мемлекеттер де көп. Тіпті, арасынан қара мысық өтіп, бір-біріне қарсы санкция жариялап отырған Ресей сияқты ұлы державалардың өзі де АҚШ-пен қарым-қатынасын түзеп алуға кетәрі емес.
Бүгінгі таңда дәл осы тұрғыдан алып қарастырғанда, Қазақстан Республикасының жолы болды деуге толық негіз бар. Еліміздің БҰҰ-ның тұрақты емес комитетінің төрағалығына ие болуы да осыны аңғартады. Оның үстіне биылғы жылғы дипломатиялық кездесуін АҚШ президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бастады. Екі президенттің терезесі тең қалыптағы жүргізген диалогы шын мәнісінде Қазақстан Республикасының имиджін көтерген оқиға болып отыр.
Ең бастысы, осыдан бастап бұрыннан қазақ шикізатын өндіруге құлықты болып келген АҚШ-тың үстіміздегі жылы біздің елімізге 7 млрд. доллар көлемінде инвестиция құятыны – шын мәнісінде екінің бірінің түсіне енбейтін жетістік. Ол үшін де үлкен дипломатия, іскерлік керек. Бұл орайда Президент Назарбаевтың қабілет-дарыны бүгінде төрткүл дүниені таңқалдырып отыр.
Рас, Қазақстан сияқты ресурсы мол мемлекетпен экономикалық әріптестікке Ресеймен қоса Қытай елі де аса мүдделі. Дегенмен, қазіргі ағымдағы саяси ахуал жағдайында Американың маңызы бәрінен де үлкен екені айтпаса да белгілі.
Бұл орайда АҚШ-тың ұстанған саясаты да аян. Қазақстан – Еуразияның кіндігінде, Қытай өркениеті мен Ресей өркениетінің, сондай-ақ ислам дүниесі мен батыс арасында жатқан іргелі мемлекет. Сондықтан ағымдағы дүниеауи саясатты реттеуде біздің елдің аса үлкен маңызы болмақ.
Бұл біздің елдің қазіргі таңдағы әлемдік саясаттағы имиджі мен беделіне байланысты жағдаят.
***
Десек те, дипломатия мен әлемдік имидж бір басқа да, елдің ішкі жағдайы, оның ішінде экономикалық-қаржылық ахуал – мүлдем басқа дүние. Державалармен иық теңестірген елдің ішкі жағдайы да сол мәртебесіне лайықты болса құба-құп.
Жалпы, өткен жыл Қазақстан үшін барлық жағынан жемісті болды деуге толық негіз бар. Бір қуанарлығы, өткен жылы алдымен төл валюта нығайды. Ал ол дегеніңіз – елдің алдағы уақыттағы ықтимал қаржылық-экономикалық жағдайының кепілі іспетті.
Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев таяуда журналистермен өткізген брифингте «сыртқы нарықтағы қалыптасқан жағдайдың ішкі валюта нарқына оңтайлы әсер еткенін» баса айтып өтті. Оның айтуынша, 12 қаңтарға дейінгі сауда қорытындысына сәйкес теңге жыл басынан бері 0,8 пайызға нығайып, 329,67 АҚШ доллары бағамына жетіпті. Ал қаңтардың ортасына қарай теңге долларға шаққанда 0,9 пайызға нығайып, 329,41 теңге мөлшерінде бағамдалды.
Бұл дегеніңіз – соңғы кезеңде қаржы нарқында болып көрмеген жетістік. Алдын-ала деректер бойынша Ұлттық Банктің алтын-валюта резерві бір жылда 4,7 пайызға өскен немесе 1,4 миллиард долларға көбейіп, оның жалпы мөлшері 31,1 АҚШ доллары болған! Ұлттық Банктің валюта активтерінің мөлшері 57,7 млрд. долларға жетті. Еліміздің жалпы халықаралық резерві 88,8 млрд. АҚШ доллары болды.
Сондай-ақ, Данияр Ақышев үстіміздегі жылдың 12 қаңтарындағы Ұлттық Банктің ақша нарқындағы таза ликвидтігінің 2,9 трлн. теңге болғанын да мақтанышпен айтып өтті.
Жыл басынан бері айналымдағы қысқа мерзімді ақша көлемі 18 пайызға өсіп, 3,7 трлн. теңгені құраған. Қаңтар айындағы ноттардың кірісі жеделдігіне байланысты 9,19 – 9,34 пайызды құраған.
Осының бәрі соңғы кезеңде елдің қаржылық экономикалық жағдайының нығая түскенін көрсетеді.
***
Әлбетте, Қазақстан сияқты іргелі мемлекеттегі саяси, қаржылық-экономикалық жағдай ұдайы бір ыңғайда бола бермейді. Экономика мен саясаттағы толағай табыстармен қоса шаруа болған соң кемшіліктер де кездесуі заңды.
Бұл орайда таяуда өткен үкімет мәжілісінде ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың кәріне ұшырағанын айта кетуге тиістіміз. Кей сарапшылар дәл осы оқиғадан да үлкен астар аңғарып отыр.
Бұл жердегі мәселе мемлекеттік органдар ведомстволарындағы инвентаризацияға байланысты.
Отырыс барысында есеп берген Тимур Сүлейменов:
– Қазіргі уақытта қаржы министрлігімен қоса барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, әкімшіліктердің қатысуымен мемлекеттік органдарға қарасты ұйымдарда инвентаризация жүргізетін жұмыс тобы құрылып жатыр. Оның қорытындысын 2018 жылдың тамыз айында үкіметке ұсынбақпыз, – деп атап көрсеткен Ұлттық экономика министрі.
Әрине, мұндай екіұшты жауап Премьер-Министрді қанағаттандырған жоқ.
– Инвентаризацияның мазмұны неде өзі? Біз бір қолымызбен біраз нәрсені қысқартып, екінші қолымызбен жаңадан тағы да сол тақылеттес объектілер құрып жатырмыз. Сонда мұның себебі неде? Біреуін жауып, екіншісін ашудан не ұтамыз? Осының алдында ғана мемлекет басшысының алдында «жұмыс аяқталды» деп есеп бергеніңіз есімде. Ал енді келіп қосымша тағы да жаңа 168 объекті ашылды деп отырсыз. Оның себебі неде? Осылайша жалғаса беруі керек пе?! – деп қабағын шытқан Бақытжан Сағынтаев.
Амалы таусылған Ұлттық экономика министр осы мәселеге байланысты барынша нақтырақ мәліметтер беру үшін қосымша уақыт сұрауға мәжбүр болды.
Әрине, мұндай салғырттықтың Премьер-Министрді ашуландыруы да заңды еді.
Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның имиджі әлем алдында көтеріліп тұрған кездегі мұндай олқылықтар ортақ нәтижелерге анау айтқандай әсер етпеуі керек.
Оған біздің айтар жауабымыз біреу ғана: «Бұл жердегі әңгіме Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі жетістіктері мен имиджіне байланысты. Демек, алдағы уақытта ол да ескерілуге тиіс».
Қорыта келгенде айтпағымыз, соңғы саяси, қаржылық-экономикалық ахуалы Қазақстан Республикасының таяудағы болашақтағы, жалпы болашақтағы табыстары мен жетістіктерінен хабар беретін фактор, дер едік.
Алматы Ақшамы