Ерлан Біләл атақтарынан айырмауды сұрады

photo_236871.jpeg

Ақпанның алтысында Алматының Алмалы аудандық сотында Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры, "пара алуға әрекеттену" айыбы тағылған Ерлан Біләл соттағы соңғы сөзін сөйледі. Бұл жайлы Азаттық Радиосы  Tengrіnews ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып  хабарлады.

Ерлан Біләл судья Қуаныш Әріповтен мемлекеттік наградаларынан айырмауды сұрады.

- "Жастар одағы жүлдесінің лауреаты" атағы 2003 жылы анамның қазасынан кейін берілді. Мен үшін ол ары қарай өмір сүруге, театр сахнасында өнер көрсетуіме демеу болды. Ұлыма ауыр ота жасалды. Үш жыл өз-өзіме келе алмадым. "Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері" атағын әкем қайтыс болған соң алдым. Денсаулығым да әлсіз. Диагноздарыма қарамастан осы театрда 25 жыл қызмет еттім, - дейді Біләл.

Айыбын мойындағанын алға тартқан бұрынғы театр директоры отбасылық, қаржылық және денсаулық жағдайын ескеріп, айыппұл мөлшерін төмендетуді өтінген. Наградалары мен атақтарынан айырылу "шығармашылық адамы ретінде өлумен тең" екенін айтқан Біләл алдағы уақытта студенттерге сабақ беріп, "республиканың өркендеуі үшін қызмет ете беретінін" айтқан.

Бұдан бұрын мемлекеттік айыптаушы соттан Ерлан Біләлді "пара алуға әрекеттену" айыбына кінәлі деп тауып, 90 милион теңге айыппұл салуды, барлық атақ-абыройы: "ҚР еңбек сіңірген қайраткері", "Жастар одағы жүлдесінің лауреаты", "Момышұлы атындағы "Намыс", "Құрмет" ордендерінен айыруды, мемлекеттік органдарда кейбір қызметтерді атқаруға өмірбақиға тыйым салуды сұраған.


Ұқсас тақырыптар