Қазақстандықтар 10 наурыздан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріне визасыз кіре алатын болды. Бұл туралы ҚР-дағы БАӘ елшігінің өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлады Tengrinews.kz.
"Қазақстан халқын 10 наурыздан бастап осы елдің азаматтарына Біріккен Араб Әмірліктерінде 30 күнге дейін болуға визасыз режим енгізілуімен құттықтаймыз. БАЭ-ге қош келіпсіздер", - делінген Twitter-дегі хабарламада.
Ал өз кезегінде ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов осы жағдайға қатысты Facebook желісінде "Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өз азаматтары үшін визасыз режим географиясын кеңейту бағытындағы белсенді жұмысын жалғастырады" деп пікір білдірді.
Еске салайық, мұның алдында Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанада Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер және халықаралық әріптестік министрі, шейх Абдалла бен Заид Аль Нахаянмен келіссөздер жүргізіп, осы кездесудің басты нәтижесі екі елдің азаматтарын 30 күн мерзімге визасыз кіргізуді қарастыратын құжатқа қол қою болған еді.