Қызылордалық ғалымдар робот ит құрастырып шықты

20180213110937.jpg


Қызылордалық жас ғалымдар «Ақтөс» атты робот ит құрастырып шықты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Сыр өңірінде биыл роботтық техника мен IT мамандарын даярлауға ерекше маңыз беріліп отыр. Олардың алғашқы легі Татарстанның Иннополис институтында облыс әкімдігінің гранты негізінде білім алмақ.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жас ғалымдары жасаған бұл робот аяғын тең басқан робот ретінде елімізде алғаш рет құрастырылып отыр. Көбіне мұндай құлтемірлер дөңгелек арқылы сырғиды. Жас ғалымдар бұл дүниесін «Ақтөс» деп атапты. Әзірге робот итке тән қимылдарды жасай алады. Енді арнайы оның иісті, жарықты, дыбысты, температура мен адамдардың түр-келбетін ажырату секілді мүмкіндіктерін арттыру көзделіп отыр.

«Бұл жерде біз студентке роботтың не екенін, қайдан шыққанын, қалай жасалатынын барлығын үтір-нүктесіне дейін көрсеттік. Бұл жерде 3D принтерді келістіре отырып, бірге жұмыс жасап, Ақтөс роботын жасап шығардық», -дейді      университеттің есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Сәбит Ибадулла.

Мұнан  соң ғалым өзге университет ізденушілері «смарт мұражай» бағытында да ізденіс үстінде екенін, ол үшін оқу орнында барлық жағдай жасалып отырғанын айтты.

Сондай-ақ, оқу орны жанынан компьютерлік желілерді жобалау, құру, қорғау бағытында білім беретін бүкіләлемдік академияның өкілдігі де ашылған. Болашақ IT мамандарды шетелдің оқу орындарында оқытуға да басымдық беріліп отыр. Тағы бір жағымды жаңалық  ағымдағы жылдың қаңтар айында Татарстан Республикасының Иннополис институтында 20 маманды дайындауға келісім жасалып отыр екен.

Жалпы бүгінде өңірге қажетті мамандықтар бойынша 452 қызылордалық түлек Ресей Федерациясының гранты негізінде білім алуда. Олар алдағы уақытта Сыр өңірінде іске қосылатын шыны зауыты мен Шалқия кеніші секілді өндіріс орындарында қызмет істейді.

Айта кетейік, өткен жылы мектеп бітірген өңір түлектерінің 97 пайызы оқу орындарына түскен. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша Қызылорда облысы ел өңірлері арасында 5-орынға көтерілді.


Ұқсас тақырыптар