Голливуд жұлдыздары Шығыс Қазақстан туралы деректі фильм түсіреді

1518512925_article_b_1500_.jpeg


Кэри Тагава, Майкл Мэдсен, Бай Лин, Марк Дакаскос және Эрик Робертс сынды Голливуд жұлдыздары бүгін Өскеменге келді.

Оларды өңірге бастап келген актер, режиссер Еркен Елгашев пен актер, продюсер Арман Асенов әлемге әйгілі актерлер Шығыс Қазақстан туралы деректі фильмге түсу үшін арнайы шақырылғандығын айтады. Осы сапар барысында олар облыстың төрт ауданы мен бұрынғы Семей полигоны аумағында болып, аймақтың тарихи жерлерін араламақ.

«Елбасымыздың жақында Америкаға жасаған сапары әлем назарын Қазақстанға аударды десек артық айтпаған болармыз. Осы актерлер арқылы ұлттық құндылықтарымызды, қасиетті жерлерімізді күллі дүние жүзіне паш етуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, қазір жаңа технология заманы. Мәселен, Шығыс Қазақстанға келген Бай Линнің инстаграмдағы бір ғана фотосы 65 миллион лайк жинайды екен. Осындай актерлер еліміздің көркем табиғатын әлем назарына ұсынса, бұдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық», - дейді  Арман Асенов.

 Голлувуд актерлерін бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов қабылдап, оларға Шығыс Қазақстанды жан-жақты таныстырып, сапарларына сәттілік тіледі. Айтпақшы, шет елден келген меймандарға өзінің тіл білетінін көрсеткісі келді ме, әлде қонақтарға түсінікті болсын деді ме, аймақ басшысы кездесуді ағылшынша бастап, ары қарай орысша жалғастырды.


Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»


Ұқсас тақырыптар