Өскемендіктер Пхенчханда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышеваны қарсы алды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері Юлия Галышева Өскеменге ұшып келді. Спортшыны жақын туыстарымен бірге жерлестері құшақ жая қарсы алды.
«Еліміздің гимні шырқалғанда жүрегім тулап кетті. Жеңістің дәмін кеше Алматыға қонған кезде алғаш сезіндім. Жарыс бойында отандастарымның қолдауы, тілектестігі сезіліп тұрды. Баршаңызға рахмет» - деп қысқа қайырды ол.
Пхенчхан - Юлия Галышеваның үшінші олимпиадасы. Жеңіп алған қола жүлдесі үшін оған мемлекеттен 75000 доллар көлемінде сыйақы беріледі.
Спортшыны қаумалаған топ олимпиада жүлдегерімен суретке түсіп, қолтаңба алуға мүмкіндік алды. Бапкерлері Юлия Галышеваны Жапонияда өтетін әлем кубогінің сайысы күтіп тұрғанын атады.