Щучье қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) 8 маусымы аясындағы соңғы жекпе-жек Теміртас Жүсіпов пен Борис Сидоровтың арасында өтті, деп мәлімдеді ҚазАқпарат.
49 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Азия чемпионы, 2015 және 2017 жылдардағы WSB чемпионы Теміртас Жүсіпов пен Ресейдің Қиыр Шығыс Федералды округі чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Борис Сидоров жекпе-жегі тартысты болды.
Алғашқы раундтан-ақ басымдық тізгінін қолға алған Теміртас ресейлік қарсыласынан үстем екендігін көрсетті. Тіпті төртінші раунд барысында Сидоров ауыр соққа алып қалып, төреше есеп ашты. Нәтижесінде 3-0 есебімен қазақ боксшысы жеңіске жетті.
Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақ санатында шаршы алаңға шыққан Қазақстанның 3 дүркін чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, 2017 жылғы жетінші маусымның WSB чемпионы Ілияс Сүлейменов Ресейдің екі дүркін чемпионы Василий Веткиннен басым түсті.
Одан кейін 64 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға көтерілген 2017 жылғы WSB чемпионы Ділмұрат Мәжитов те ресейлік Константин Богомазовтың жолын кесті.
Ал ауыр салмақта бірқатар халықаралық турнирдің жеңімпазы Нұрбол Алтаев Ресейдің Орталық Федералды округі чемпионатының жеңімпазы Ровшан Ягубзадені 2-1 есебімен жеңді.
75 келіге дейінгі салмақта 2017 жылғы WSB чемпионы Әбілхан Аманқұл ресейлік танымал боксшы Расул Алиевтен айласын асырды.
«Astana Arlans»-«Patriot Boxing Team» командалары боксшыларының келесі жекпе-жектері 9 наурыз күні өтеді.
Естеріңізге сала кетсек, «Astana Arlans» боксшылары 2018 жылдың бірінші шайқасын Қарағанды қаласында 10 ақпан күні «Indian Tigers» командасына қарсы өткізген болатын. Нәтижесінде арландықтар 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді.