Қазақ халқы байлықты қой санымен өлшеген...

Қазақ халқы байлықты қой санымен өлшеген...



Бабаларымыз әр жердің ерекшелігіне орай, маусымдық ауа-райының ыңғайын болжап табиғи жайылымдықтарды өте ұтымды пайдалана білген. Ең бастысы, малдың анатомиялық ерекшелігін ғылыми деңгейде меңгерген, өйткені, ежелден малшы қауым алдымен шүйгін өріске сиыр жайып, артынан жылқы немесе қой жаюды қолданған. Ірі қара малы шөпті тілімен орап жейді, сондықтан көктеуге немесе жайлауға шыққанда шүйгін жайылымда ғана тез қоңданады. Қой малының басы сүйір, жақ сүйектері ұзын, тұмсығы үшкір, еріндері икемді, тез қимылдағыш және тістерінің өткір болуы ерекшеліктеріне орай шөпті түбінен тістеп, қырқып жейді, осындай қасиеттеріне байланысты жайылымдағы шөптесін өсімдіктердің ең көп түрін (800 түрлі шөптесін өсімдіктердің қой 520-сын яғни 65%-ын, сиыр 460-ын яғни 58%-ын, жылқы 416-сын яғни 52%-ын жей алады) азық ретінде пайдаланатын тек қой малы. Сондай-ақ қойдың қабылдаған жем-шөпті асқазанында қорыту қабілеті де басқа малдардан жоғары. Осыған орай, қой ішегінің ұзындығы өзінің денесінен кем дегенде 33-38 есе ұзын, ал ірі қараның ішегі өз денесінен 20-22 есе ғана ұзын. Сондықтан да, алдымен қара мал, одан кейін қой жайылғанда, жайылымдағы шөптердің аласа немесе жатаған түрлері де желініп, жайылымдағы барлық дерлік өсімдіктерді ұтымды пайдалану іске асырылады. Өмірден түйгені мол, байқампаз аталарымыз жайылымды осылай тиімді пайдаланған. 
Кейде, «осы қазақ неге қонағына қой сойған, неге қой етін құрмет тұтқан?» деген сауал туындайды. Медицина саласында «қой еті қорғасындай ауыр, сіңімділігі баяу» деген пікір бар. Ол кезде ат үстінде үнемі қозғалыста жүрген адам үшін, мүмкін, осындай асықпай қорытылатын тоқ тамақ керек те болған шығар. Қазір адам баласының өмірі кеңселерде, аясы тар аумақта, қозғалысы аз тіршілікпен тығыз байланысты, сондықтан да қой еті ауырлық жасауы мүмкін. Бірақ, ең бастысы, «осы қой етінің пайдасы қандай?» деген сауал назардан тыс қалып жүр. Өйткені, ірі қара малы табиғи жайылымдардағы кездесетін 91 түрлі жусанның 24 түрін (26%) жей алса, жылқы 39 түрін (43%), қой малы 46 түрін (51%) жей алады екен. Табиғи мал жайылымдарындағы кездесетін 181 түрлі сораңның сиыр малы 39 түрін (22%) жей алса, жылқы 48 түрін (27%), қой малы 132 түрін (73%) жей алады екен. Осындай алуан түрлі шөптесін өсімдіктерді жеген, оның ішінде сирек кездесетін өсімдіктерді жеген қой етінің құрамы бөлек болатын шығар. Себебі, көпжылдық жатаған өсімдіктердің басым көпшілігі бұршақ-тұқымдастарға жататындықтан, оларда ақуыз мөлшері де молырақ. Осындай өсімдіктерді тек қой малы ғана жей алатындықтан, олардың ет сапасының түзілуіне әсері де бөлек болар. Жалпы ғылыми зерттеулер негізінде қой етінің құрамындағы аминқышқылдарының ара қатынасы өте ұтымды қалыптасқаны анықталған. Сондықтан да оның дәмі бөлек, құнарлылығы және жұғымдылығы, әрі ағзаға пайдасы зор. 
Екінші мәселе, қой ең өсімтал түліктің қатарына жатады. Қой өсімталдығы жағынан қоян мен шошқадан кейін қалып, ал ірі қара, жылқы, түйе малдарынан алда келеді. Мысалы, әр 100 саулықтан 140-150 қозы, тіпті көптөлді тұқымдардан 200-ден артық төл алуға болады, ал әр 100 сиырдан әрі кеткенде 90 шамасында бұзау алынады. 
Үшінші мәселе, қой малының өз төлінен көбеюі тез. Жақсы өсіп-дамыған ұрғашы тоқтылардың жыныс органдарының жетіліп, күйлей бастауы 5 айлық шамасында-ақ байқалады, бірақ басқа органдарының толық өсіп-жетілуін қамтамасыз ету үшін оларды 18 айлық кезінде ұрықтандырады. Қозының енесінің құрсағында даму кезеңі 140-155 күн, яғни екі жылда келесі буын ұрпақ туылады. Ал ірі қара малында ұрпақтар сабақтастығы бес жылдың көлемінде ғана жалғасын табады. 
Тағы бір мәселе, қойдың табиғаттың қатаң жағдайларына төзімділігі де жоғары. Қой малы басқа үй жануарларына қарағанда қолға ерте үйретілгендіктен (бұдан 8-10 мың жыл бұрын), осы жүздеген ғасырларда жердің әр континентінде әртүрлі табиғат ерекшеліктеріне бейімделген. Тіршілікке бейімділігінің қалыптасуына байланысты қойдың жабайы арғы тегіндегі көп қасиеттері биологиялық өзгерістерге түскен. Ал бұл өзгерістердің дені олардың табиғаттың әртүрлі жағдайларына төзімділігін қалыптастырған. Айталық, қой малының құйрығына немесе құйымшағына май жинауы – олардың мыңдаған жылдар бойы табиғаты қатал, жері қуаң, шөлейт немесе шөл жерлерде өсіп-өнгендегі сусыз, аштық жағдайларда осы майды коректену арқылы аман қалуын қамтамасыз ететін бейімділігінің белгісі. Қойдың осындай көптеген бейімділік белгілері кейіннен селекционерлер шығарған қой тұқымдарының генотипінде қалған.
Сонымен қатар, қойдың тағы бір әрі негізгі биологиялық ерекшелігі – оның жан-жақты, әртүрлі өнім беру қасиеттері. Үй жануарларының ешбір түрі қой тәрізді адам өміріне ең қажетті жүн, ет, сүт, тері сияқты керекті өнімдерді бірден өндірмейді. Жалпы қойдан алынған кез-келген өнім, тіпті мүйізі, тұяғы, қиына дейін текке жерде қалмайды, адам баласының қажетіне жарайды. Әсіресе, жүн өндірудің бірден-бір көзі ретінде қой малының маңызын қанша көтерсе де артық емес.
Міне, қой малының осындай өзіне ғана тән артық биологиялық ерекшеліктері мен экономикалық тиімділігі олардың әлемде көп жерлерге таралуына, малшаруашылығы жақсы дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерде жаңа қой тұқымдарын шығарып, оларды көптеп өсіруге де себеп болуда.
Сонымен қой өсіруге итермелейтін негізгі факторлар мен қой малының ерекше белгілері келесідей: қой малы төлдегіш, мал басы тез көбейеді, басқа малға қарағанда табиғаттың әртүрлі, әсіресе қатаң жағдайларына бейімділігі қалыптасқан, төзімді, жұтаң жайылымда да өзіне қажет корек таба алады, әрі қойдан бірден алынатын өнім де әр алуан – ет, жүн, тері, сүт өнімдері, т.б. және бұл өнімдерді өндірудің экономикалық тиімділігі де өте жоғары.
Қой шаруашылығын дамыту бағыттары... 
Еліміздің жері бірнеше жағрапиялық белдеуде жатыр, оның ішінде мал азықтық табиғи жайылымдардың басым көпшілігі шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан. Бұл жерлердің табиғатының қатаңдығы өз алдына – жазда аптап ыстық, қыста қарлы боран, аяз. Осындай қиындықтарда тіршілік еткен қазақ халқы қатаң табиғи жағдайларға бейімділігі жоғары құйрықты қойлар өсірген. Бұл қойлар қылшық жүнді болды. Кейіннен Кеңес дәуірінде, еліміздің табиғатына бейімделген жергілікті қойлардың негізінде биязы жүнді қой тұқымдары шығарылды. Қазақтың биязы жүнді қой тұқымы Кеңес одағында ең өнімді малдың қатарында болды. Кеңес одағының ыдырауы алдында Қазақстанда болған 36 миллионнан астам қойдың 22 миллионы биязы жүнді қой болды. Кеңестік саясат жеңіл өнеркәсіп саласын дамыта отырып, негізгі шикізат көзі биязы жүнді қой шаруашылығының кластерлік негізде өркендеуін қолдады. Қазақстанда қой санының ең көп тұсы да осы кез.
Кеңес Одағы тарады, көптеген өндірістер арасындағы тығыз байланыстар ыдырап, өндіріс орындары тоқырауға ұшырады. Осы тұста әлемдік қой шаруашылығының дамуында да өзгерістер басталды. Заманауи технологиялардың арқасында өзі арзан әрі нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алатын мақтадан немесе жасанды жолмен алынатын жаңа маталар шығарыла бастады. Сондықтан да, трикотаж саласына негізгі шикізат дайындайтын биязы жүн өніміне сұраныс нашарлады. 
Бұдан кейінгі кезеңде «жығылғанға жұдырық» дегендей жекешелендіру науқаны басталды. Ұсақ шаруаларға шығынсыз мал өсіру қажет еді. Осындайда көп жылғы халық селекциясының туындысы – табиғаттың қатаң жағдайына төзімді қылшық жүнді құйрықты қойлар белең ала бастады. Әрине, ғасырлар бойы қатаң табиғаттың тегеурінімен сұрыпталған құйрықты қойлар көп күтімді қажет етпейтін. Олар малға жайлы кезеңдерде жайылымнан алған коректі құйрығына жинап, жайсыз кезеңдерде осы қорды үнемді пайдалана алатын. Биязы жүнді қойлар болса, қолдан сұрыптау әдісімен шығарылған мәдени тұқымдар, селекция барысында ағзадағы зат алмасу үдерістері көбіне сапалы биязы жүн түзуге бағытталған. Сондықтан да, олар күтімді, әсіресе уақытымен азықтандыруды талап етеді, өйткені, біркелкі сапалы жүн қой дұрыс азықтандырылған жағдайда ғана алынады. Ірі шаруашылықтар ыдырап, маласылдандыру жұмыстары тоқырап, шаруалар істің ыңғайын толық түсіне алмай жатқан тоқсаныншы жылдарда биязы жүнді қойлардың саны күрт кеміді. 
Осы кезеңдерде әлемде қой шаруашылығындағы басымдылық ет өндірісіне ауды. Ең сапалы жақсы биязы жүн өндіретін Австралия 1980 жылдары 180 миллионнан асқан қой басын 60 миллионға дейін азайтты. Австралиялықтар биязы жүнді қой шаруашылығын сақтауға ұмтылып, жүні биязы, бірақ еттілігі мол бағыттағы қойларға басымдық берді. Сындарлы сұрыптау жұмыстары барысында «австралиялық етті меринос» тұқымы шығарылды. 
Осы үрдістің шарпуымен Қазақстан ғалымдары да етті биязы жүнді қой тұқымын шығару қажеттілігін ұғынып, жергілікті қазақтың биязы жүнді қойының негізінде, әлемдік селекцияның үздік жетістіктерін оңтайлы пайдалануды қолға алды. Соның нәтижесінде 2010 жылы ТМД елдеріндегі етті бағыттағы алғашқы қазақстандық «Етті меринос» биязы жүнді қой тұқымы мемлекеттік сынақтан өтіп, жаңа тұқым ретінде мемлекеттік реестрге енгізілді. Ұтқанымыз, біріншіден, жергілікті қазақтың биязы жүнді қойы сақталып қалды, екіншіден, биязы жүнді қойдың еттілік қасиеті артты. Шаруа да ұтты, шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген, биязы жүн беретін, өзі төлдегіш, еті мол, қозысы ерте жетілетін, бордақыласа тез қоң алатын қой өсіріліп, шаруалар табысын арттырды. 
Айта кететін жайт, Ресейде етті мериностардың жаңа тұқымын шығару жұмыстары Ресей Федерациясының ауылшаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2010 жылы ғана басталды. 
Қойдың етті жаңа тұқымын шығару кезіндегі селекциялық әдістер де селекционерлердің қабілетін бағамдайды. Алғашқы кезеңде, селекционер-ғалымдар тек етті қойларды сұрыптады. Еттілікпен қатар, қозылардың тезжетілуі де ескерілді. Ерінбей жүргізілген сұрыптау және жұптау жұмыстары тезжетілгіш және еттілік қасиеттерді тұқым қуалау деңгейінде бекітуге қол жеткізді. Осы белгілердің тектілік сипатын бекіту мақсатында қосарлы белгілер бойынша сұрыптау да қолданылды. Мысалы, кеңсіріктің даму деңгейінің белгісі бойынша сұрыптау жүргізілді. Тұмсығы дөңес, кеңсірігі кең қойларға басымдық берілді, өйткені, олардың жайылымда қозғалуы ширақ, әсіресе, шалғай жайылымдарға айдағанда шалдықпайтын төзімділігі жоғары. Ғылыми тәжірибелер негізінде, осындай қойлардың салмағы да жоғары, жүн беруі де артық екені дәлелденді. Сонымен қатар, эксперимент нәтижесінде тұмсығы дөңес, кеңсірігі кең қойлардың тыныс алу органдары, жүрегі, бүйрегі және көкбауырының жақсы дамитыны байқалды. Бұл белгінің көбінесе аталық қошқарлар арқылы берілетіні де анықталды. Екінші қосарлы белгі тұяқтың түсі (реңі). Селекция барысында тұяқтары шұбар немесе ашық түсті қойлардың өнімділігі жоғары болатыны белгілі болды. 
Сұрыптау барысында ұстанған қатаң талап – тез жетілген еркек қозыларды туылған жылы-ақ аталық ретінде күйекке қосу болды. Енесінен айырғанда, яғни 4-4,5 айлық жасында еркек қозының салмағы 50 кг-нан жоғары болуы алғышарт еді. Осы талап аталық қошқарларды төлінің өнімділігі бойынша бағалау үдерісін екі жылға жеделдетті және тезжетілгіштік қасиеттің тектік деңгейде тұрақтануына ықпалын тигізді. Әрине, ерте жетілген тоқтылардың еттілік қасиеттеріне ерекше назар аударылды. Әсіресе, бөксесі кең, арқа жоны жалпақ, кеудесі шалқақ, шоқтығы биік әрі жалпақ қойлардың еттілік белгілері ұрпақтан-ұрпаққа, көбіне, аталық қошқарлар арқылы жетті. Жұптау үдерісінде саулықтарда орын алған олқылықтарды толтыру үшін, осы белгілері жақсы дамыған аталықтар таңдалып отырды. Осындай сындарлы селекциялық жұмыс еттілігі генетикалық тұрғыдан тұрақты тұқым қуалайтын жаңа тұқымның қалыптасуына ықпал етті.
Егіз немесе үшем саулықтардан туған еркек тоқтыларды сұрыптап алу жұмыстары жаңа тұқымдағы өсімталдық қасиеттің тектік белгі ретінде қалыптасуына әсер етті. Жаңа тұқымды шығарудағы селекция сырлары осы, құпия деп айтсақ артықтау болар, дегенмен жаңашылдығы басым. Жақсы малды сұрыптау арқылы малдың өнімділігін арттыру – қалыптасқан селекциялық үдеріс. Бірақ, алдымен тұрпатына қарай малды таңдай білу, оған қосарлы белгілер бойынша бақылау жүргізу, отардағы малдағы селекцияға қажетті (ұнамды тип дейміз) кейбір белгілері бойынша олқылықтарды түзету үшін жеке жұптау жұмыстарын ұйымдастыру, сонымен қатар аталық малды төлдерінің өнімділігі бойынша сынақтан өткен соң ғана күйекке кеңінен пайдалану сияқты қарапайым тәсілдер өз деңгейінде, уақытымен орындалғандықтан жеткен жетістік те нәтижелі болды. 
Сұрыптау жұмыстары әр кезеңде ғылыми зерттеулермен пысықталып отырды. Мысалы, ұнамды типке жататын малдың жүн өнімділігімен қатар, оның сапасы зертханада заманауи құрал-жабдықтар көмегімен жан-жақты, терең зерттелді. Тезжетілгіштігі мен тірі салмағын өлшеу өз алдына, малдың ет сапасы да зертханалық зерттеулермен толықтырылып отырды. Жаңа тұқым қойының ұшасында ет көбіне арқасына, беломыртқаға және санына жиналатыны, сонымен бірге, ең сапалы ет болып саналатын беломыртқадағы етінің қалың болатыны осы тұқымға тән өзіндік ерекшелік екені анықталды.
Жоғарыда айтылғандай, кез келген тұқымда селекциялық белгілердің өзгергіштігі және тұрақтылығы қамтамасыз етілу керек. Осындай ұстаным негізінде жаңа тұқым қалыптастыру барысында тұрқы ұзын қойлар бойынша жеке аталықіз қалыптастырылды. Ең қызығы, егер басқа қойларда қабырға саны 13 болса, тұрқы ұзын аталықіз қойларында қабырға саны 14 және бұл ерекшелік тұрақты тұқым қуалап отыр. Міне, селекцияның құпия сыры. Етті мериностың бұл ерекшеліктері келешек селекционерлерге ой салуы тиіс.
Сонымен, әлемде шөл және шөлейт аймақта еті мол әрі сапалы биязы жүнді қой өсіру тәжірибесі елімізде өндірісте кеңінен таралды. 2015 жылдың қорытынды есебі бойынша «Етті меринос» қой тұқымының жалпы саны Қазақстанның оңтүстік-шығысында ғана 100 мыңнан асты. Бұл біздің елдің ғалымдарының жаңа ерекше селекциялық жетістігі. 
Қазақстанда табиғи жайылымдық жерлер көлемі 180 млн. гектардан астам. Осы жайылымдарда мал азығы ретінде өсетін шөптесін өсімдіктердің құндылығы жылына 27-30 млн. тонна азықтық бірлік шамасында, ақшалай есептегенде 1 млрд АҚШ долларына бағаланатындай шамаға жетеді. Осындай сарқылмас байлық көзін тиімді пайдалану да – еліміздің экономикалық әлеуетін арттырудың үлкен ресурсы болып табылады. 
Бұған қоса, республика халқының 43%-дан астамы ауылда шоғырланған, яғни осы өңірлерде тіршілік ететінін ескерсек, ұлан-ғайыр алқаптарды алып жатқан табиғи мал жайылымын дайын мал азығы қоры ретінде игерудің ең тиімді жолы – ол жерлердегі малшаруашылығын ғылыми негізделген тұжырымдарға сәйкес өркендету, әр малдан мүмкіндігінше мол, сапалы өнім алу. Малшаруашылығын өркендету сол өңірдегі ауыл адамдарының еңбек етуіне мүмкіндік береді, бұл әлеуметтік маңызы зор өзекті мәселе.
Малшаруашылығы – жұмыс орындарын көп беретін әрі өнеркәсіптік технологиялық дамуға бейімділігі де икемді сала. Қарапайым тілде, көп сатылы, яғни кластерлі өндіріс болып табылады. Мәселен, мал өсіру өз алдына, одан сапалы ет пен жүн өндіру және басқа да қажетті қосымша ұқсату өнімдерін алу – ол да бір жеке сала. Алынған өнімдерді тереңдетіп өңдеу немесе ұқсату барысында олардың сақталу жағдайы мен өтімділік касиетін арттыру да – жеке сала. Осылайша жүйе жүйесімен жалғасып кете береді. 
Сонымен, іс дұрыс ұйымдастырылған жағдайда алыстағы тау қойнауында бағылып жатқан бір отар қойыңыз осындай кластерлік сатылар арқылы қаншама табыс әкеледі, қаншама адамға жұмыс тауып береді. Міне, осы мәселелер әлеуметтік маңызы зор, әрі малшаруашылығының әлеуетін ашудағы резервтер көзі десек болады. Осы орайда, республикамыздың табиғи жайылымдары көбіне шөл және шөлейт жерлерде орналасқанын ескерсек, бірінші кезекте, осы байлығымызды игеру үшін қой шаруашылығын өркендету тиімді екені түсінікті жәйт. 

Айбын ТӨРЕХАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, 
Қазақстанның Ауылшаруашылығы академиясының академигі.
 

Ұқсас тақырыптар