Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 168,9 млрд. АҚШ долларын құрап, соңғы 10 жылда 74,6 млрд. АҚШ долларына ұлғайды, деп хабарлайды Mezgil.kz ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сыртқы борыштың өсуі, негізінен, ел аумағындағы шетелдік компаниялар филиалдарының мұнай-газ жобаларын іске асырумен байланысты фирмааралық берешектің (+76,7 млрд. АҚШ долл.) ұлғаюы есебінен болды. Сонымен бірге экономиканың қаржылық емес секторының (+26,2 млрд. АҚШ долл.) және Үкіметтің (+10,8 млрд. АҚШ долл.) сыртқы борышының еурооблигациялар шығарумен және кредиттер мен қарыздарды тартумен байланысты ұлғаюы байқалды», -делінген хабарламада.
Ұлттық Банктің сыртқы міндеттемелері елдің сыртқы борышы көлемінің орташа алғанда 0,6%-н құрай отырып, іс жүзінде өзгерген жоқ.
Қаржы секторының сыртқы берешегі, негізінен, банк секторының («Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ты қоса алғанда) кредиттер және қарыздар бойынша берешегінің 37,4 млрд. АҚШ долларына азаюы есебінен 39,1 млрд. АҚШ долларына қысқарды. Бұл қысқару ең төменгі резервтік талаптар тетігінің, пруденциялық нормативтердің қолданылуының, жеткілікті капиталдандыру қағидаларының арқасында да болды.
Сыртқы борыштың ІЖӨ-ге қатынасы кезең үшін 3,5%-ға жақсарып, 108,9% болды. Оның құрылымында 62% фирмааралық берешекке, 26% - «Басқа секторлардың» байланысты емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышына, 8% - мемлекеттік сыртқы борышқа (Үкімет пен Ұлттық Банк), 4% - «Банктер» секторының (ЕДБ және «Қазақстанның Даму банкі» АҚ) сыртқы міндеттемелеріне тиесілі.