Павлодар халқы Кутузов көшесінің атауын Тәуелсіздік даңғылы деп өзгертуге бастама көтерді

Облыс орталығындағы ең ірі Кутузов көшесінің атауын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті, деп хабарлайды Baq.kz.

Кутузов көшесінің атауын өзгерту бастамасын Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалының өкілдері көтерген.

8.jpg


Павлодар қаласының құрметті азаматы Александр Рюмкиннің айтуынша, облыс орталығында бірде бір даңғыл жоқ. Сондықтан, ең ұзын көшені даңғылға айналдыруды заңды құбылыс деп біледі.

«Кутузов көшесін жаңарту жұмыстары тәмамдалды. Көше адам танымастай өзгерді. Жолдар жөнделіп, жарықтандыру ісі қолға алынды. Енді бұл көшені даңғыл деп атауға болады. Бұл мәселе соңғы жылдары бірнеше рет көтерілді. Осы жолы көшеге Тәуелсіздік деген атау берсе деген ұсыныс жасадық», - дейді Александр Рюмкин.

Кездесу барысында Кутузов көшесіне ұлы қазақ батырларының есімдерін беруді де қолдағандар болды. Сонымен қатар, Лермонтов көшесіне Дінмұхаммед Қонаевтың есімін беру ұсыныстары да жасалды. Көше атауын өзгертуге қарсылық білдіргендер де табылды.

«Кутузов көшесі – шаһарымыздың тарихы ғой. Тарихты бұрмалауға болмайды. Аға буын өкілдері өзгертуге қарсы. Бұл ерте қабылданған шешім деп ойлаймын», - дейді тыл еңбеккері Елена Ведерникова.

Бұған қарамастан, «Шаңырақ» орталығына жиналған 500-ден астам павлодарлық көше атауын өзгертуге дауыс берді. Алдағы уақытта қоғамдық тыңдау бойынша хаттама толтырылып, БАҚ пен ресми интернет-ресурстарда жеті жұмыс күні ішінде жарияланады.

Айта кетейік, былтырғы жылы Павлодардағы Ленин көшесінің атауы Астана деп өзгерді. Осындай шешім бүгін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қабылданды. Бүгінгі таңда бұл көшенің бойындағы 200-ге жуық нысанға жаңа тақтайшалар ілінді. Сала мамандарының айтуынша, көше атауын өзгертуге 300 мың теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Еске сала кетейік, былтыр 10 шақырымға жететін көшені абаттандыруға баса назар аударылды. Павлодар қаласының бас сәулетшісі Назар Жұмабековтың хабарлауынша, жарықтандыру да назардан тыс емес. Бұл игілікке бюджеттен 180 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар, абаттандыруға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.



Сәйкес тақырыптар