Желтоқсан айы қалай туады, солай бізді қолпаштап шақырушылар көбейеді. Әкімдігі бар, қоғамдық ұйымдары бар, мектеп, колледж, университеттен соғылған қоңырауларда тыным жоқ. «Желтоқсан көтерілісі туралы айтып беріңізші...» дейді баяғы. Бұрын шақырған жерге барды-жоқтымызды киіп, қалмай бара беруші едім. Соңғы бір-екі екі жылдың көлемінде тізгінді тартыңқырадым. Себебі, сол бір келкі сүреңсіз кездесулер (сахнадағы жаттанды тақпақтар, қарабайыр көріністер, көсіліп сөйлейтін «батырлар») әбден жалықтырды. Арнайы шақырған соң, кейде сен де барып қосылып, бірдеңе деп сөйлейсің. Өзің білетін ақиқатты жеткізгің келеді. Бірақ, өкініштісі, жан-жүрегіңмен айтқан тебіреністі лебізің мен ұсыныс-пікірлерің сол жерде қалады...
Кіші сержант - Ербол СЫПАТАЕВ
Өйткені, Желтоқсан ақиқатының ешкімге қажеті жоқ. Желтоқсан – Айдың арғы бетіндегі құпиялар секілді, әлі күнге дейін ашылмаған жұмбақ тақырып. Оны ашу қауіпті! Қоғам үшін емес. Ел басқарып отырған лауазымдылар үшін. Сондықтан, әлгі жиын өткізушілер отыз неше жыл бойы қойылып келе жатқан қарабайыр «сценарийден» ауытқымауға тырысады. Сахнада «Әр ұлтқа өз көсемі» деген сияқты плакат ұстап, ұрандатқан оқушылар, жастар жүреді. Оның ар жағында сапер күрегі мен дойыр шоқпарын көтеріп, жалаңдаған «әскерлер» тұрады. Ию-қию айқай. Жүгіріс. Соңында «Атаңа нәлет, Горбачев! Тарт қолыңды, Мәскеу!» деген сияқты жалпылама айыптаумен қойылым бітеді. Бүгін де сол өрескелдік балабақшаға да жетіпті. «Долой, Колбин!» деп, сүрініп-қабынып жүрген сәбилердің қылығына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.
Мұның екінші қыры тағы бар – аумақтардағы ішкі саясат, білім, жастар басқармалары «патриоттық тәрбиеге» бөлінген қаржыны игеру керек болған соң, одан «қоректенетін» қоғамдық бірлестіктер жоспардағы дүниені қалай да өткізуге мүдделі. Олар мұның ең оңай жолын тауып алған – колледж, мектеп, кітапханалармен келісіп, алқа-қотан көпшілікті жинап, бейнекамераға, суретке түсіріп, жоғары жаққа есеп берсе болды. Оның мазмұны ешкімді қызықтырған емес. Соның салдарынан, патриоттық тақырыптағы барлық іс-шаралар сүреңсіз бір ізбен өтіп жатады. «Қасқыр да тоқ, қой да аман». Ал, кештің не туралы өткенін түйсінбеген шәкірттер әлгі көргендерін шыға бере ұмытады.
Осындай белгілі себеппен, мұндай кездесулерге барудан саналы түрде бас тартқанбыз. Бірақ, мына бір шақырудан қалыс қалуға дәтім бармады. Кезінде Желтоқсанның құрбаны болған Ербол Сыпатаев оқыған Энергетика институтының (бүгінде Алматы энергетика және байланыс университеті) ұстаздары хабарласқанда, ұсынысты бірден қабыл алдым. Себебі, 1986 жылғы Желтоқсан ақиқаты туралы жазылған «Желтоқсан жаңғырықтары», «Жаппай жазалау. Сот» атты мақалаларымда аты аталған, сол үшін өзім әуре-сарсаңға түскен кейіпкерімнің бірі – Ербол Сыпатаевты еске алмау мүмкін емес еді.
Кездесуді алты мыңға жуық студенті бар үлкен университеттің Әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымының кандидаты, доцент Болат Қабдөшев, осы кафедраның профессоры, техника ғылымының докторы, «Парасат» зияткерлік клубының президенті Бақдәулет Берлібаев екеуі ашып, сөз сөйледі. Бақдәулет ағамыз кезінде ҚазПИ-де қызмет істеп жүргенде, студенттері алаңға шығып кетіп, біраз уақыт КГБ-ның құрығына іліккенін еске алып өтті.
– Ал, Қақа, кезек өзіңізде. 90 минуттық академиялық сағатқа арналған дәрістік, танымдық лекция десеңіз де болады. Асықпай сөйлеуге мүмкіндігіңіз бар, – деді сосын маған қарап.
Шошып кеттім. Көздері жәудіреп отырған мына бірінші курстың сарыауыз балапандарына бір жарым сағат бойы не айтуға болады?
Біріншіден, бұл өте ауыр тақырып, әлі күнге дейін тарихшылардың тісі батпаған, ғылыми жағынан толық зерттелмеген. Екіншіден, мына отырған көгенкөздер жарық дүниеге келмеген кезде болып өткен Желтоқсан туралы түйсіне қояр ма екен? Зер салып қарасам, кейбірі соткасын шұқылап, күлісіп, енді біреулері ойсыз күйде терезге телміріп отыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, «Күлтөбеде» күнде өтетін жиындардан жалыққаны сезіледі.
– Ал, жас достар! – дедім сосын әңгіменің басын ашып алайын деген оймен. – Өздерің оқып-білім алып жүрген осы білім шаңырағына екінші рет келіп отырмын. Алғаш рет 1994 жылы Ербол Сыпатаев атындағы оқу залы ашылғанда бас сұғып едім. Оның кім екенін өздерің білесіңдер. Енді, бүгін міне, Ербол мен оның желтоқсандық замандастары туралы өздеріңмен әңгіме өрбітпекпін. Бұл әңгімені қызықсыз, қажетсіз деп санағандарың қазір шығып кетулеріңе болады. Ал, қане, кім бастайды?
Студенттер мұндайды күтпесе керек, соткаларын кілт тастап, бастарын көтерісіп, аңтарылып қалды. «Шын айтып тұрсыз ба?» дегендей, абдырай қараған үш-төрт жасөспірім апыл-ғұпыл жиналып, шығып кетті. Қалған қыз-жігіттер кездесудің соңына дейін тапжылмай отырды. Ұлы Тәуелсіздікті жақындатқан ызғарлы 86-ның қайсар жастары туралы, Ербол жайында айтылған шежірені қызыға тыңдады.
Иә, 22 жасында Желтоқсан қырғынында қыршын кеткен Ербол Сыпатаевтың тағдыры өте күрделі еді. 1964 жылы 10 наурызда бұрынғы Талдықорған облысы Панфилов ауданының Еңбекші ауылында қарапайым жұмысшы Бейсен Алшынбековтың отбасында туған. Алайда, бесіктегі сәби шағынан ержеткенге дейін әкесінің ағасы Мұқажан Сыпатаев пен Тұрған апасының бауырында тәрбиеленген. 1970 жылы атасы, 1982 жылы апасы қайтыс болады да, Ербол өз үйіне қайтып келеді. Бұл кезде институттан құлап, Жаркент қаласындағы ДОСААФ-ты бітіріп, жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген кезі екен. Сынып жетекшісі Дәулетқазы Рақымғазыұлының айтуынша, інілері Ержан, Тұрсын, Тұрыскелді мен қарындасы Назгүлге қарайласып, әскерге кеткенше әке-шешесіне қолғабыс жасайды.
– Ерболдың қазақ ауылдарындағы өзі сияқты көптеген қарадомалақтардан ешқандай ерекшелігі жоқ. Қатарлас құрбыларымен бірге мал бақты, шөп шапты, отын-су тасыды. Айырмашылығы – тағдыры ғана өзгешелеу болып қалыптасты. Желтоқсанның ызғарлы күндерінде ол ұлт намысын қорғаған жастардың алдыңғы сапында жүрді, – дейді ұстазы.
Алматы энергетика институтының 2-ші курс студенті Ербол Сыпатаев алаңға достарымен бірге саналы түрде барғаны дәлелденді. «Елім, жерім, тілім» деп, ұрандаған жастардың тоталитарлық режимге қарсы іс-қимылын басып-жаншу үшін алаңға 7618 солдат, 15 БТР, 20 өртсөндіргіш машина шығарылды. Астана іргесіндегі 70-разъезде арнайы танк полкі №1 әскери әзірілікте тұрды. Қалың әскермен бірге, көшеге 10 мың жұмысшыдан тұратын арнайы жасақтар жіберілді. Жолында кездескен қазақ атаулыны жайпап, жусатып отырған бұл ұр да жық жасақшыларды арматура кесіндісімен қаруландырып, автобустармен алып жүрді. Оған Алматы электр техникасы зауытының бұрынғы директоры Еркiн Қадыржановтың мына бір сөзі куә: «17 желтоқсанда мен зауыттан жасақшылар жинап, оларды алаңға апару туралы Октябрь аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мещеряковтан шұғыл бұйрық алдым. Алаңдағы қарсылықты басу үшiн оларға арматурадан арнайы темір кесіндісін қиып беру ескертiлдi».
Қазақ ССР Ішкi iстер министрлiгiнiң анықтамасы бойынша, 18-25 желтоқсанда 8 мыңдай адам уақытша қамау изоляторына әкелінген. Бұл ресми тіркелгені ғана. Ал, парламенттік комиссия жинақтаған деректерге жүгінсек, сол үш күнде 60 мыңдай адам алаңға шығыпты. Оның 8000 уақытша мерзімге қамауға алынды, 99 желтоқсандық қылмыскер ретінде сотталды, 200-дей студенттер мен жұмысшы жастар 1 айға дейін абақтыға жабылды, 1500 адам алаңда жәй болғаны үшін ғана әкімшілік-тәртіптік жазаға тартылды. Қайрат Рысқұлбеков пен Мырзағұл Әбдіқұлов ату жазасына кесілді, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сынды жас өркендер шейіт болды.
18 желтоқсанның түнінде басынан жарақат алып, ауруханаға түскен Ербол 23 желтоқсанда көз жұмады. Бұл арада Ерболдың жасаған ерлігі өз замандасы Қайрат Рысқұлбековтың азаматтық іс-әрекетімен өте ұқсас екенін байқауға болады.
«Бір жас қазақ қызын шашынан ұстап, тепкілеп жатқан милиция майорын көріп қалып, қарындасқа ара түстім. Құтырынған майорды бір ұрып құлатып, қызды құтқарып қалдым», – дейді сотта сөйлеген сөзінде Қайрат.
Ербол да солай, сыртқы киімдері дал-дұлы шығып жыртылған, шаштары қобырап, естері шыға қорыққан қос бойжеткенді екі қолтығына алып, көпқабатты үйлердің қалқасына қарай жүгіреді. «Ештеңеге қайырылмаңдар, үлкен көшеге шығып кетіңдер!» деп, қыздарды қалың әскердің қоршауынан шығарып үлгереді. Сол сәтте, арт жағынан келіп жеткен жендеттер сапер күрегімен ұрып, жерге құлатады. Етпетінен түскен Ербол ет қызуымен атып тұрып, бір солдаттың қолындағы күректі жұлып алады. Өзі де әскерде болған, спортпен айналысқан епті жігіт қой. Бірақ, ешкімді ұрмай, тек қорғанумен ғана жүреді. Сол кезде шүйдесіне тиген екінші ауыр соққыдан есін жоғалтты...
Студент Ербол жатақханада курстастарымен бірге
Ауруханда КГБ тыңшылары үш күн бойы дәрігерлермен жағаласып, Ерболдан жауап алу үшін палатаның есігін күзетеді. Сонда, емдеуші дәрігерлердің қайран қалғаны – есін бір жинаған сәтте Ербол «Қыздар құтылды ма?» деп сұрапты. Ең соңғы сөзі осы болыпты...
Әрине, мұның бәрін біз кейін, тым кейінірек, Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана естіп, білдік. Ал, ол кезде, Ербол Сыпатаев туралы деректер тым тапшы еді. Ресми құжаттарда әке-шешесі жоқ, жетім ретінде көрсетілді. «Қазақ КСР Жоғарғы Советі президиумының Алматы және Қазақстанның өзге облыстарындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына тиісті баға беру жөніндегі комиссиясының корытындысында» солай деп жазылды. Неге?
Енді, сол туралы қысқаша тоқталып өтейін. 1989 жылы шілде айында мен осы комиссияның сарапшылар тобына шақырылдым. Жан-жақтан жиналған заңгерлер, ғалымдар, журналистер, қоғамдық ұйым өкілдері жұмысқа құлшына кіріскенімізбен, ісіміз мандымады. Жапа шеккендердің ешқайсысы комиссияға сенбей ме, қорқа ма, Үкімет үйіне келмейді. Қайта, Жазушылар Одағы жанындағы Тұрсын Жұртбаев басқаратын Қоғамдық комиссияға көп баратынын байқадым (Мен сол праволық комиссияның да жауапты хатшысы едім). Сотталған желтоқсандықтардың көпшілігі әлі де абақтыда жатқан кез. Алматыда жүргендердің ешқайсысы ақталмаған. Содан сақтана ма, олар да жоламайды. Бір күні депутаттық комиссияның қосалқы төрағасы Қадыр Мырзалиев «Айғақ кәне, куә кім?» деген мақала жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялап та көрді. Жоқ, бірен-саран жауапты қызметтен қуылған адамдар болмаса, тікелей желтоқсандықтардан төбе көрсеткендер аз болды.
Ақыры болмаған соң, тамыз айының соңында Мұхтар Шаханов «Жалын» журналына қарасты өзінің қызметтік «Волга» машинасын беріп, «Талдықорған облысына барыңдар, міне, КГБ-дағы бір танысым берген мына тізім бойынша желтоқсан құрбандарын анықтаңдар, тірі куәларды тауып келіңдер» деп, бірнеше жігітке тапсырма берді. Сөйтіп, қоғам белсендісі Мұратқан Түйебаев, журналист Армиял Тасымбеков, мен және жүргізуші Серік төртеуміз жолға шықтық.
Кеш бата Жаркенттің шетіндегі бір ауылға кеп тоқтадық. Мал қораланып, сиыр сауылып, ел-жұрт жайланып, кешкі астың қамына кіріскен елең-алаң сәт. Түскен үйіміз Армиял Тасымбековтың немере ағасының шаңырағы екен.
– Қақпаның есігін дұрыстап жап! – деді үй иесі біз кірген соң, бір бозбалаға нығарлай сөйлеп. Сірә, біздің кім екенімізді, қандай нұсқаумен жүргенімізді ағасы білетін сияқты. Әкесінің айтқанын тап-тұйнақтай орындап, үйге қайта кірген балаға тағы бір тапсырма берді.
– Терезенің перделерін түсір. Сосын өз бөлмеңе барып, кітабыңды оқы. Көшеге шықпа.
Күнге әбден тотығып, жүзі қайыңның қабығындай секпілденіп қалған жасөспірім «Неге?» деп сұраған жоқ. Үлкендердің не үшін үрейленіп, неге үркінді болып жүргенін іші сезетін сияқты. Басын изеді де, кекілін бір сипап, шығып кетті.
Ауылға тән біркелкі стандартпен салынған үлкен төрт бөлмелі үйдің қонақ залында отырмыз. Шәй ішілді, ет желінді. Жөн сұрасқаннан басқа, артық-ауыз әңгіме айтылған жоқ.
– Сонымен ертең Еңбекшіге қайта баратын болдық па? – дедім мен астан кейін үлкеніміз Мұратқанға қарап. Ол «сөйтетін шығармыз» дегендей, шаршаңқы үнмен қысқа қайырды.
Бүгінгі күніміз расында да, адамды шаршататындай бос сенделіспен өтті десе болады. Алматыдан таңертең шыққанымызбен, жолда ескі «Волга» қайта-қайта бұзылып, біресе суы қызып, біресе ремені кетіп, ит әуремізді шығарды. Елден көмек сұрайық десек, Кербұлақ ауданының ауыл басшыларының бірін де кездестіре алмадық. Ғажап, біз келгенде, конторда кекілі секиген хатшы қыздар ғана отырады. Жібі түзу ешкімді кездестіре алмаймыз. Сөйтсек, мұның сырын түс ауа Алтынемел асуынан асқаннан кейін, Панфилов ауданына қарасты шөпшілер қосынында шәй ішіп отырғанда білдік.
Орта бойлыдан сәл жоғары, бұйрабас, отыздардың ішіндегі сіліңгір жігіт шөпшілердің бригадирі екен. Аты Жеңіс. «Темекі шекпейсіз бе?» деді, бір қаға берісте маған көзін қысып. «Шегейік» дедім мен, ондай әдетім жоқ болса да, бірдеңе айтқысы келгенін түсініп. Қостан едәуір ұзап шықтық. «Сіздер туралы біз жақсы білеміз, аға. Сіздер Шахановтың комиссиясынан келе жатырсыздар ғой. «Олармен кездеспеңдер, кездесе қалса, әңгіме айтушы болмаңдар» деп, бүкіл ауылдардың басшыларына ескертіліп қойылған. Машиналарыңыздың нөміріне дейін берілген» деп, Жеңіс қарап тұр. «Бұл кім болды, сонда? Үш әріптің адамы емес пе екен?» – деп ойлап үлгергенімше, ол сөзін қайта жалғастырды.
– Қорықпаңыз, аға. Мен тыңшы емеспін, – деді күліп. – Менің аты-жөнім Жеңіс Бекеев. Қазақ ауылшаруашылық институтының 1-ші курсында оқып жүргенде, осы Желтоқсан оқиғасының салдарынан оқудан шығып қалғам.
– Солай ма? – дедім мен әлі де сеніңкіремей.
– Сенбей тұрсыз, ә! Мейлі, өз еркіңіз. Мен тіпті, алаңға да шықпадым ғой, қылаудай кінәм жоқ. Институттың 6-шы жатақханасында тұратынбыз. 18 желтоқсан күні түскі сағат 12-лерде жатақханамыздың бірінші қабаты у-шу болып кетті. Төменге түссем, солдаттардан қашқан он шақты бөтен қыз-жігіт бізге басып кіріпті. Сыртқы есік кілттеулі болатын. Жаны қысылғанда, соны бұзып кірген ғой. Олардың соңдарынан жеткен қуғыншы әскерлер де баса-көктеп, құтырып жүр. Қолдарында сапер күректері. Жолында кезіккен ұл балаларды шетінен сұлатып келеді. Ондай сұмдықты көрмеген мен шошып кетіп, жоғары қаштым. Қасыма бір сары бара ілесті. Оны танымаймын. Екеуміз жан ұшырып үшінші қабатқа көтерілдік. Есігіме келіп, бөлмемнің кілті түсіп қалғанын бірақ білдім. Қайтадан іздестіруге енді кеш. Ұзын дәліздің ең шетіндегі дәретханаға барып тығылдық. Бірақ, солдаттар бізді көріп қалыпты. Келген бетте, бізді күрекпен ұрып жығып, тепкінің астына алды. Басымды ғана бүркеп алғанмын. Сары бала үнсіз қалды. Тірі ме, білмеймін. Енді бір қарасам, терезенің жақтауына шығарып, мені төмен қарай лақтырып жіберді. Абырой болғанда, ағаш бұтақтарына соғылып, аман сау қалдым. Бір аяғымның сіңірі созылыпты. Соған қарамай, тұра сала қаштым. Қиралаңдап келе жатқанымда, көшеде бір қазақ таксист кездесті. Жағдайымды айтып едім, апайымның үйіне дейін жеткізіп салды. Ертеңінде апайым мені ауылға алып кетті. Содан осындамын.
– Әй, Жеңіс, бауырым, осы айтқаның шын болса, онда мен сені фотоға түсіріп алайын. Айтқандарыңды жазып бер. Комиссияға кел. Оқуыңды қайта жалғастыруға көмектесеміз.
– Қойыңыз, ағасы. Осы көрген күнімізге зар боп қалармыз. Сотталып кетпей, аман қалғаныма шүкір. Тыныштық керек. КГБ онсыз да жиі мазалайды. Тек, сіздер байқастап жүрсін деп, ескертіп жатқаным ғой.
Бұл естігенімді жолда әріптестеріме жеткіздім. «Бәсе, кеңселерде бір маманның жоқтығында сыр бар екен ғой» деп, олар да таңырқаумен болды. Сол беті Еңбекшіге түс әлетінде барғанбыз. Ерболдың үйі ауылдың кіреберіс шетінде екен. Үйінде ересек жан жоқ. Аулада жүрген жасөспірім бала мандытып ештеңе айтпады. Есімі Ержан деді ме, ұмытыппын. «Ерболдың әкесі Мұқажан ата мен апамыз ертеректе қайтыс болған. Біз алыс туыстары боламыз. Үйін қарап отырмыз» дегені ғана есте. Баладан басқадай не сұрайсың? Күн ысып барады. Су сұрап іштік. Жан шақырған соң, маңайдағы екі-үш көршісінің үйіне кіріп, жөн-жосық білейік дестік. Құдай-ау, «Көрші хақысы – Тәңір хақысы» деп, әншейінде шешенсіп жүретін жандар әп-сәтте пендеге айналып шыға келеді екен ғой. «Біз ештеңе білмейміз. Олармен араласпаймыз» деген суық сөзді естігенде, тас қабырғаға тірелгендей күй кештік. Одан әрі тұра берудің реті жоқ еді.
– Былай істейік, – деді Армиял осы Жаркенттің тумасы болған соң, тізгінді қолға алып. – Ләззаттың анасы тұратын Ақжазық ауылы осы арадан қашық емес. Ақыры келген соң, сол жаққа да барып қайтайық.
Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінің бірінші курс студенті, 1970 жылы 27 шілдеде дүниеге келген Ләззат Асанова да желтоқсанның бір құрбаны еді. Анықталатын тізімде ол да бар. Бірақ, Ақжазықтағы тірлігіміз де Көкталдағы жүрісімізбен шамалас болды. Үш әріптің тегеурінінен қатты қорқып қалған ел-жұрт бізді көре сала, айнала қашады. Кеңсеге, мектепке бас сұға алмадық. «Бөтен адамдарға рұқсат жоқ».
Бойындағы әлдебір үрейден арыла қоймаған Алтынай әпкеміздің өзі де Армиялдың «Біз Сізге сеніп келдік қой, тәте!» деп, қатты күйіне сөйлеген сөзінен кейін ғана, кездесуге әрең көнді. Оның өзінде де үйінде емес, мектеп кітапханасының бір бұрышында жолығыстық. Жастайынан жесір қалып, одан кейін де тағдырдың тауқыметін аз тартпаған, тұңғыш қызынан қапияда айырылып қалған бейкүнә ана әбден ширығып жүр екен. Біздің жұбату лебізімізден кейін екі көзге ерік берді.
«Ләззатты КГБ жендеттері 25 желтоқсанда қолыма әкеліп тапсырды ғой. Бір күн бұрын көрші ауылда Ербол Сыпатаевтың сүйегін әкеліпті деп естідік. Ерболды «нашақор бұзақы», менің қызымды «суық қол ұрлықшы» деп, өсек-аяң таратып жіберіпті. Соған жұрт сенді. Үкіметтің адамдары айтып тұрған соң, қалай сенбейді? Ал, мен Алланы аузыма алып айтайыншы, өз қызымның ақ екеніне сенемін! Жүрегім сенеді! Жаныма қатты батқаны – 16 жастағы бейкүнә Ләззаттың жетісі мен қырқына жайылған дастарханға ауылдастарымның бір де бірі келмеді ғой», – деп, қыстыға егілді. Көз жасы көл болды...
Әй, адамдар-ай, адамдар-ай, қандайсың! Ештеңені бөліп бермесең де, қиналған кезде, бір-бірін сүйейтін, жылы сөзбен жебейтін ата салтынан қалайша аттап кеттіңіздер екен?.. Жә, оны айтсақ, ұзап кетерміз.
Іштегі шерін бір тарқатып алған Алтынай әпкеміз әлгі айтқандарын қағазға түсіруден бас тартты. «Ой, апатай, сонша жерден келгенімізде, мұныңыз қалай?».
– Қинамаңдар мені, бауырлар. Желтоқсандық жастарды аяусыз жазалағандар әлі де билікте отыр, олардың Мұхтар Шаханов құрған комиссияға ақиқатты қазбалауға мүмкіндік беретініне сенбеймін.
Шынында да, Алтынай әпкеміздікі дұрыс болып шықты. Жоғарғы Кеңестің депутаттары желтоқсандық комиссияның қорытындысын халыққа жеткізбей, 1989 жылдың 14 қарашасында жылы жауып тастады. Ал, мен соның алдында ғана, 10 қараша күні «Қазақ әдебиеті» газетіне «Желтоқсан жаңғырықтары» атты белгілі мақаламды жариялап үлгерген едім. Сол жазбамда Ләззат пен Ербол туралы баспасөзде тұңғыш рет айтылды. Компартияның Орталық комитеті «Ұлт араздығын қоздырушы мақала авторын жауапқа тарту қажет» деген қатаң нұсқау түсіріп, оған прокуратура қосылып, қым-қуыт қылмыстық іс қозғалғаны, көп уақыт әуре-сарсаңға түскенім жайлы газеттерге жаздым да.
Енді, сол Жаркентімізге қайта оралайық. Біздің екінші күнгі жүрісіміз де бос сенделіс болып шықты. Ауыл басшылары ұстатпайды. Ерболдың әке-шешесінің қайда екенін қанша жалынып сұрастырсақ та, кездескендердің ешқайсысы айтпайды. Көздеріне қарасаң, білетіні байқалып тұр, бірақ сұрағыңды естімеген адам сияқты мелшиіп өте шығатынын қайтерсің. Сөйтіп, іздегеніміздің ұшығын таба алмадық, үмітіміз үзілді, ақиқаттың ауылы алыстай берді.
Өз халқын үрейде ұстаған кеңестік жүйенің қандай қатал тәртіпке бағындырылғанын, адамдардың бүкіл рухани болмысын қалай аяусыз басып, жаншығанын бүгінгі жастар біле бермейді ғой. Бейсен ағамыз бен Алтынай әпкеміздің өз балалары туралы ақиқатты дер кезінде айта алмағаны да сол үрейдің салдары. Олардың бір сәттік жасқаншақтығы ұзақ жылдар бойы өздерінің жолын бөгеді. Шындыққа жетудің шырғалаң соқпағында екеуіне көзге көрінбейтін кедергілермен жеке-дара алысуларына тура келді.
Ал, біздің сол жолы іс-сапардан қоржынымыз бос оралғанына Мұхтар Шаханов қатты күйінді: «Қап, комиссияға екеуін де алып келулерің керек еді! Сөздеріңді өткізе алмайтын қандай адамсыңдар?» – деп, біраз сөгіп тастады. Оның үстіне, біз тап бір құдалыққа барып келгендей, комсомолдың Орталық комитеті қызметтік «Волганы» жеке бас мүддесіне пайдаланғаны үшін Мұқаңның жүйкесіне тиіп, байбалам көтеріп жатыр екен. Оған да түсінік жаздық. Іс-сапардағы көрген-білгенімізді толық хаттап, қағазға түсірдік.
Содан комиссия тарады, қолдағы бар материалдармен жұмыс қорытындыланды, әрқайсымыз өз қызмет орындарымызға оралдық. Бір күні, шамамен 1990 жылдың желтоқсан айының орта тұсында ғой деймін, «Қазақ әдебиетінің» редакциясына алпыстың үстіндегі, мығым денелі ақсақал бас сұқты. Күнге тотыққан жүзі ауылдан келгенін аңғартып тұр.
– Ассалаумағалейкүм, жоғарылатыңыз, – деп орындық ұсындым.
– Қарағым, мен өзіңді арнайы іздеп келдім. Бейсен Алшынбеков деген ағаң боламын. Ерболдың әкесімін, – деді ол өте пәс үнмен. Өзінің кезінде ағаттау іс-әрекет жасағанын сезінген ақсақалға басқадай қатты сөз айтуға бата алмай, жөн-жосық қана сұрадым.
Ерболдың әкесі Бейсен АЛШЫНБЕКОВ
– Сонда неге қашқалақтадыңыз, аға? Шыныңызды айтыңызшы?
– Е-е, қалқам, менен не сұрайсың? Мен көрген құқайды сендер білмейсіңдер ғой. Екі империяның езгісінен өттім. Қытайда туып, жат жерде өстім. «Мәдени төңкеріс», «Ашылып сайрау» сияқты небір құйтұрқы алапаттарды бастан кешірдік. 62-ші жылы үркінді елмен бірге сәбетке қашып келгенімде, мынандай күйге ұшырадық. КГБ дейтін зәр-зауһан адымымызды аштырмады ғой біздің. Өздерің келетіннің алдында әйелім мен бала-шағамды жан-жаққа таратып, басқа үйде ұстап отырды. Жағдайымызды түсінерсің, айналайын.
– Енді маған не үшін келіп отырсыз?
– Мұхтар Шахановқа жолықтыр. Ерболдың ақталуына көмектесіңдер...
– Ай, ақсақал-ай, «қолдарыңызды әрқашан мерзімінен кеш сермеп жүресіздер» ғой. Сіз сол кезде комиссияға келгеніңізде, бұлай сергелдеңге түспейтін едіңіз. Мен де «Ерболдың әкесі түйеші Мұқажан ақсақал...» деп нақақ жазбайтын едім. Комиссияның материалында да «жетім бала» деп айтылып кетті. Оны қалай түзетеміз?
– Қайтейін, бауырым. Түлен түртті ме, өз қағынан жеріген құландай адасқанымды Құдай өзі кешірсін. Өмірден ештеңе қызық көрмей кетті ғой, бейкүнә бала...
Ербол 1986 жылдың 9 желтоқсанында ауылына барып, сырқаттанып жүрген әке-шешесінің көңілін аулағысы келді ме екен: «Алла бұйырса, сіздерге, Жаңа жылға сыйлық ретінде келін әкелемін. Ал, келесі жылы оқуымды сырттай бөлімге ауыстырамын да, қастарыңызға келіп, өздеріңізге қарайласамын», – деп кетіпті.
Бірақ, бұл күткен қуанышқа ата-анасының қолдары жетпеді.
– Жарайды аға, шамамыз келгенше, көмектесейік.
Абырой болғанда, Мұқаң бірер жыл бұрынғы жайсыз жағдайды еске алмай, Бейсен ақсақалды жылы қарсы алды. Алдағы уақытта тағы бір комиссия құруға әрекет жасап отырғанын, сонда ақталмаған желтоқсандықтардың мәселесін қайта қозғайтынын айтып, қамкөңіл жанның көңілін көтеріп қойды.
Сөйткен Ербол Сыпатаев 1991 жылы, Ләззат Асанова 1997 жылы ғана ақталды. Еңбекші орта мектебіне Е.Сыпатаевтың есімі берілді. Ал, 2008 жылдың 16 желтоқсанында бірін бірі тірісінде көрмеген, білмеген, бірақ о дүниеде рухы біріккен желтоқсандық қос өренге Панфилов аудандық Мәдениет үйінің алдында ескерткіш орнатылды. Бүгінде Ербол мен Ләззат бір ғана ауданның емес, тұтас еліміздің мақтанышына айналды.
...Осы әңгімені айтып бітіргенімде, кездесуге берілген өлшеулі уақыттың қалай өте шыққанын байқамай қалыппыз. Ұйып тыңдаған студент өрендерге жағалай көз салғанда аңғардым, кейбір қыздардың кірпігінде мөлдіреген жас іркіліп тұр екен...
Қайым-Мұнар ТӘБЕЕВ,
журналист-жазушы.
zhasalash.kz