Ресей жалғыз ұшақтасушы «Адмирал Кузнецов» (авианосец) кемесінен айырылуы мүмкін. Бұл туралы ресейлік және батыстық сарапшылар жазуда. Соңғы 30 жылда жөндеуден көз ашпаған кеме енді утилизацияға жіберілуі ықтимал. Бұл туралы Der Spiegel басылымы жазды.
Қазіргі сәтте «Адмирал Кузнецов» Мурманск маңындағы әскери порттың бірінде тұр. Ұзақ жылдық жөндеу жұмыстарынан кейін, Ресей билігі кеменің тағдырын түбегейлі шешпек. Ресей флотының өкілдері мен «Бірлескен кеме жасау қауымдастығы» кеменің тағдырына қатысты түрлі сценарийді қарастыруда. Ықтимал сценарийлердің бірі кемені утилизациялау болып отыр. Ресейдің ресми билігі кеменің тағдырына қатысты әзірге қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.
Тынық мұхит флотының бұрынғы қолбасшысы Сергей Авакьянцтың сөзінше «ұшақтасушы кемелердің дәурені өтіп барады және Ресейге мұндай кемелер қажет емес» дейді. Ол ұшақтасушы кемені жасау тым көп уақыт пен қаржыны талап ететінін айтуда. Оның сөзінше заманауи соғыста аталмыш кемелер бірден нысанаға айналып, зымыран соққысынан тез жойылуы мүмкін.
Әскери сарапшы Сара Кирхбергердің сөзінше Ресей ұшақтасушы кемесін қолданыстан шығарып тастауы әбден мүмкін. Ол Ресей билігі Украина соғысында Қара теңіз флотының төрттен бір бөлігін жоғалтқаннан кейін, «Адмирал Кузнецовты» жөндеуді жалғастыруы екіталай деген ойда.
Ресей үшін аталған кеме флоттың символі саналып келді. Кеме өз тарихында атауын бірнеше мәрте өзгертті. «Рига» атауымен жоба басталып, кейін ол атауы «Леонид Брежнев» атауына өзгертілді. Артынша аз уақыт «Тбилиси» деп аталып, КСРО құлайтын сәтте «Адмирал Кузнецов» атауы берілді. КСРО құлаған сәтте кеме Украинада болды. Ресей кемені келісім арқылы жылдам Украинадан әкетті және Ресей флотының басты символіне айналдырды.
Ұшақтасушы «Адмирал Кузнецов» алғаш рет әскери миссиясына 1996 жылы аттанды. Жерорта теңізін бақылау миссиясына қатысты. 2000 жылы Ресейдің «Курск» сүңгуір қайығы су түбіне кеткен сәтте құтқару операциясына жұмылдырылды. 2009 жылы кемеде өрт шығып, бір теңізші көз жұмды. Ал 2016 жылы «Адмирал Кузнецов» алғаш рет соғыс операциясына аттанды. Сириядағы әскери операцияда Башар Асад режимін қолдауы тиіс еді. Алайда ұшақтасушының бортында заманауи катапульттер болмағандықтан, ұшақтар қарапайым трамплин жүйесімен әуеге көтерілді. Салдарынан кеме бортындағы МиГ-29К және Су-33 ұшақтарының саны шектеулі болды.
Операция барысында екі ұшақ апатқа ұшырады. Ал қалған ұшақтар құрлықтағы базаға орналастырылды. Кеме Жерорта теңізінде бұзылып, кемеден шыққан қою қара түтін ғарыштан көрінді. Әлемдік пресса мен ресейлік сарапшылар кеменің соғыс жорығын келеке етті.
Сирия жорығынан кейін ұшақтасушы «Адмирал Кузнецов» жөндеу жұмыстарына қойылды. Жоспар бойынша кеме 2021 жылы модернизацияланып, қайта қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда 2018 жылы жөндеу барысында кемеге 70 тонналық кран құлап, кеменің бір бөлігін жапырып кетті. 2019 жылы кемені жөндеу барысында өрт шығып, екі адам көз жұмды. Кеменің бір бөлігіне айтарлықтай зақым келді. 2022 жылы кемеде тағы бір өрт болды.
Ендігі таңда сарапшылар Ресей билігі кемені толық утилизациялайтынын айтуда. Кемені жөндеу жұмысына млрдтаған доллар қаржы жұмсалған, алайда нәтиже жоқ. Кемені жөндеуге қатысты бірнеше жемқорлық фактілері анықталып, сот жүруде.
Mezgil.kz