Уақыттарды тал-шыбықтай қадап тұрады
Мәңгілік терең қазып,
Оңқайларды солақайлар адастырады
Ақылды өлең жазып.
Шалқар Дәулеткелді
“Аулақта, Балбалдар маңдайында сәулең дірілдеп”. Шалқар Дәулеткелді
Иншалла, сонау жылдары виртуоз шайыр жазған “The river is within us” сөз тіркесінен кейін сан уақыт өтсе де, жыр-өлең дамуы поэзияны қазақ ақыны қалам тартқан “Жібі үзілген батпырауық” деңгейіне дейін алып келді. Ұйқастан бұрын, ұйғарым сөзі мағынаны жұмбақтап жарты биікке сүйреп жеткізеді, шыңға, сосын, бейнеленген образ тартып шығарады. Түйдек-түйдек, кесек-кесек, ірі-ірі. Қаһармандары – соқталы, сойталдай, соқтауылдай. Тіпті, етегі жақын, төбесі қашық, алып таудай, көкті түйреген сүңгідей құздарды бағындырып, шексіз ғарыштай кеңістіктерді игеріп, әлемді бір ауыз одағай сөзге сыйдырып, сыйғызып, сыйындырып, сындырып... өрнек салады.
Ілуде бір кездесетін мыңнан бір мезеттерден кейін де,
Үнсіз терезеден сыртқа қарап отырдық.
Өткен қыс күндеріндегідей қар жауған көшелерге,
Қағаз батпырауықтарға ұқсап жібі үзілген,
Қарап отырдық, одан әрі де автобус аялдамаларына –
Мені тастама атты картина ілінген.
Үтірлерді ғана қалдырып, соңына бір-ақ нүкте қойғанда, жұмбақ күшейе түсетін еді, тырнақшалар мен жұлдызшалардан мүлдем бас тартқанда, шешім қиындап, байлаған түйін мүлдем түйіліп, түсінуден күдер үзетініміз рас еді.
Өткен қыс күндеріндегідей...
Көше сыпырушылар да,
Жол жөндеушілер де,
Жылу жеткізушілер де
Дағдарыссыз...
Дағдарып қалдық біз ғана келесі қадамды жасауға,
Бағыт жоқ бізде...
Жүрегіміз жұмсақ сағаттардай балқыған,
Уақыт та жоғалған, майысқан тіл де...
Балқыған сағат ертеде Сальвадор Дали қолында ғана бар-тұғын. Ұлы суретшінікі – дастарқан шетінен төмен ағып бара жатқан сұйық сағат болатын. Мұнда жүрек қамырдай езіліп, мақпалдай жұмсарып, тасқынсу тәрізді толқып, жағалауларды соғады.
Шексіз бөгеттерге де,
Мінсіз жоқтаушыға да жол ашық...
Десек те, бұл тақырып Бауыржан Майтайдың төмендегідей өлеңінен көрініс табады:
Мен қайда барамын?
Жиегіңде құмға өнген бас сүйек,
Қаңғырған қаңбағы сияқты даланың.
Мені де дəл солай ,
Етімді сүйегіме өсірмей,
Шаш саусақтарымнан,
Қара жерге қадалар тікен өсіріп,
Желкенді желге ертіп жібергім келе ме?
Қаңбақ қып,
Оралмас уақыт теңізіне батырып.
Онсызда мен уақыт толқыны соққан жағалаумын,
Уақыт мені кеміріп тауысады.
Бес ақын да – кеңістікте шалқып жатқан уақыт теңізі толқындары соққан жағалаулар. Уақыт адамды “кеміріп тауысады”, ал уақытты мәңгілік жейді.
Құлан жалында сағымы сусыған,
Құлан жондардан аунады күн.
Күн астында ма,
Түн түбінде ме,
Ізімді желге қалдырдым.
Баяғыда, байырғы замандарда, rock-n-rall топтары, рок-әншілер “Знает только ветер” деп жазатын еді. “Ізімді желге қалдырдым” сөзінде уақыт баянсыздығы, ғұмырдың тұрлаусыздығы бар. Ең, әуелі, көз жүгіртіп өткенде, екінің бірі аңғара қоймайтын тіркесте, жасырынған мән-мағына айқындалып, уақыттың формасы, бейнесі, образы – тұлғаланады. Жалпы, уақытты көру, аңғару, соңынан қуып жетіп, қолынан қысып ұстай алу, қатты құшақтай қалу, қапсырып жібермеу, қиынның қиыны, уақыт сені жетектеп келе жатқанда, түріне зер сала қарап, бейтаныс келбетінен жүзін анық байқай алмайсың, қашанда бұлыңғыр, әдетте, ол тек өткен шақтан көрінеді, Шалқар оны желге байлайды, жел соққанда ғана – жел, тыныш күйінде – мылқау, үнсіз тымық ауа, яғни, аталған бұл табиғи құбылыс қозғалыста ғана өмір сүреді. Демек, өмір дегеніміз жылжып өтіп жатқан уақыт, тоқтағанда – ажал. Алайда, тоқтаған сағат уақытты көрсетпейді, еркін, дербес уақыт сағатқа қарамай алға, ілгері жүре береді, ол шексіз кеңістікке ғана тәуелді. Сөйтіп, уақыт осы шақтан бой береді.
Көл түбіне шөккен сәйгүліктің үміті секілді,
Көл шайқаған ақ пен қызыл көбігі.
Күн түбінде құлаған құс –
Ой теңізін қанатымен сызған хаттар да,
Бір кезде тоқтаған.
немесе,
Ескі қорғанда ұмытылған,
Ескі қақпадан еніп сен келерсің, Ай.
Аулақта, Балбалдар маңдайында сәулең дірілдеп.
Мергия жапырағындай жұлынған ай түбінде,
Оны да Жел тербеп тұрғандай…
Арман Әділбек
2. “Құм басып кеткен үйімнің ішінде Тасқа айнала бастаған тереземді іздеп жүрмін”. Арман Әділбек
Уақыт тасқа айналады. Тілі әлемді арбап, дүниені тербетіп, кеңістікті әлдилеген құм сағат, қос қанатынан кезек-кезек майда құм сусып төгіліп, сиқырдың күшіндей, мезгілдерді, маусымдарды, жылдарды, дәуірлерді, замандарды, ғасырларды жұтады, яғни сағат қанаттарынан уақыт тамады, бірде тасты жарады, бірде тастың өзіне айналады.
Уақыт – құм, сосын, тас. “Сандық” – қазыналы өлең. Үлкен абстрактілі ұғым-түсініктерді нақтылы, образды бейнелейді. Біз жырдан қолда жоқ, көзге көрінбейтін бейнелерді, демек, болмысты, уақытты, ғарышты көреміз. Болмыс бар екендігімен, өтпелі еместігімен, қатыстылығымен құнды, уақыт шарттылығымен күмәнді, ғарыш шексіздігімен түсініксіз.
Олимп төбесі ме?
Нілдің түбі ме?
Өтүкен бауыры ма…
Әйтеу, бір алыс жақтардан
жүректі суырып алардай сүркейлі шуыл жаңғырды:
- Сандық!
Пандораның сандығы десті біреулер оны түнеріп,
Бұлыттар шырқырай ақты қашыққа,
Келесі бір әлемді іздеп.
Тастар селт етіп оянды
Қандай бір қиямет тумағын сездіріп.
Тағы:
Мұсаның сандығы десті тағы бір білгіштер,
Құпиялық біткеннің кіліті соның ішінде,
–Аш-дағы,
жер бетін жұмаққа айландыр.
Қол-аяғы қиылған жетімек ұлдың жылағаны ма?
Иесін жоқтаған қобыздың аңырағаны ма?
Белгісіз бір дауыс
тау мен даланы өткендей болды күйдіріп.
Мүмкін, бұл “алыптың түмен жылдық шыңырау қақпасын күркірей соққаны” емес, сықырлата, тау-тасты жаңғыртып, шалқасынан ашқаны шығар, қойнауларында талып, талықсып бір уақыттар жатыр, әлде шығар есігін таба алмай сенделіп тарихтар жүр, кім біледі, біз жоғалтып алған талай қиян-кескі ұрыстар, жорық жырын шырқап бара жатқан қалың қол, үлкен шеру, аттаған табалдырығынан жаңылып, босағада адасып қалды ма, бәрі тегіс төрде жүретін қадірлісі еді, қастаңдықтар, сатқындықтар, жалған махаббаттар, сауын айтып сақараны шақырған ас, ұлан-асыр той, қызық, қуаныш, ертегілер, аңыздар, уақиғалар бұл сандықтың немесе үңгірдің ішінде қамалып, кіре берісте топтасып, кептеліп, сығылысып тұр. Кім босатады?
“Өліарадағы жазиралы шөл”, “мөлдір әйнектей жарқыраған кеш”, аралас-құралас, бейне бір сана арнасындай, ағысындай, асып-тасқанындай, бір-біріне соғылысып, сапырылысып, тоқайласып, қайшыласып, жүйесіз ой билік құрады. Ояу санада ой-шұқыр көп, тегіс жол, төте бағыт, анық соқпақ жоқтың қасы, ескі сүрлеу, көне даңғыл, сілемденіп белгісіз бір жақтарға тартады.
Ермен иісі бұрқырап тұрған анау беткейдегі мазарларда
Келешек жоқ.
Өте дәл берілген баға. Арман Әділбек образдары тыңнан түрен салады, кешегіні қайталамайды, өткенге сүйенбейді, үйренеді, болды.
Мен таңырқауды ұмытқалы
Тіршілік мені тым алыс мекенге жетектеп барады,
Ол тіршіліктен де алыс дүние.
Жолдың бәрі еске алуға бастағанымен,
Өліммен аяқталмайды,
Өлімнің шексіздігі соншалық
Ұжымақ пен тозақты
Фәни мен бақиды
қақпақыл етеді.
Бауыржан Майтай
3. “Дүниенің бəрі ой, Ойдың бəрі сөз”. Бауыржан Майтай
Бауыржан “Жолда” “Мені іздеп таптың ба? Мен сені іздеп адастым”, деген сауал тастайды.
Дұрыс пікір. Егер, тіпті, ол бабасы жүрген жол болса да. Өлеңде, әдетте, ұйқастан – форма, мазмұн, образ қиын. Образ бәрін қамтиды, мәнерін де, өнерін де, сенерін де.
Мен сендемін бе?
Қашан басталдың?
Қайда барасың?
Бағытым қайда өзі?
Күрделі сұрақтар, Ницшенің көше жағалап жүрген мәңгілік сұрақтары тәрізді. Бейбіт, жуас, майда емес, керісінше, тентек, жаужүрек, ірі сұрақтар.
“Әңгімесі” де қызық. Шарап ішкенде, шалқар дүние көрінеді, мүдделер айқындалады, оны ақындардың мадақ жырларынан аңғарасыз, біреудің сөзін сөйлеп, басқаның түтінін түтетіп отыр, бөтен мақсат-мұраттардың отын көсейді, құл, сенімінен айырылған, дінінен адасқан, тоз-тоз, бөгде мәтелді айтқан ақындарда белгі жоқ, жұтады, сіңіріледі, жойылады, тарих өткен соң, ағаш атқа мініп, жаттың поэзиясын оқып, масқара болады, мүмкін, болмайды, оны ешкім, елі де, жұрты да, халқы да есіне алмайды, жоғалады, “ізін желге” байлайды, сосын, кетеді қаңғып, сақараны, бетпақ даланы қыдырып, елсіз жұртта еңіреп жылап, соққан желдің сүйкімсіз әнін шырқап... тарихи бағасы осы, ұмытылады, мәңгілік азапқа түседі. Ерікті желдің ізі де еркін, қайда жосып бара жатқаны беймәлім, топыраққа түспейді, жерде қалмайды. Бірақ, сол бір жыршылар ұйтқып соққан желдің бауырында тулақтай сүйретіліп, маңызынан айырылады.
Қанатын кесіп құс асырайтын көршілер туралы
айтылды,
Бірі қарттық жайлы айта бастағанда,
Шөлдегеніміз еске түсті,
Су ішкіміз келді,
Біз бəріміз өкіндік ,
Бөлмеде таза судың аз қалғанына,
Біз шөлдедік,
Бізде бағыт жоқ,
Бізде су жоқ.
Абзал Сүлеймен
4. “Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді”. Абзал Сүлеймен
Әрине, желдің айтқанымен жүргенше, өзің боран, жел, самал болған жақсы. Соқса – соға берсін, бірақ, еркіндігің, тәуелсіздігің, дербестігің қолында, өз туыңды өзің көтеріп, жорықтарды өзің бастап барасың.
Бірақ, Абзалдың мына бір өлеңі Альбер Камюдің “Бөгдесін” (“Чужой”) , Жан-Поль Сартрдың “Лоқсу” (“Тошнота”) атты дүниесін еске түсіреді екен. Кезінде екеуін де аталған шығармалары үшін төмпештеп еді, антигуманист те, нигилист те болды. Шын мәнісінде, екі автордың дауға түскен қос туындысы екеуінің философиясының жалғасы, көркем прозалық кейіпкерлік нұсқасы ғана болатын. Яғни, Камю мен Сартрға пәлсапаларын білмей тиісті, ой жарыстыру орнына, сыншылардың аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты. Қазір бұл повесть пен роман экзистенциалистік философиялық ағым тұжырымдамалары аясында қарастырылады.
Қашан өткені де,
Қалай өткені де белгісіз балалық шағымыз
Бізді тапжылмай күткен туған жерде əкені еске алдық,
Лезде ұмытуға тырысып қайта.
Мəйітті жерлеушілердің ауаны тербеген күрсінісі,
Артында жылағандардың ауық-ауық дауысы -
Бір сəт ауада қалқып...
Бір сəтке бəрі меңіреу күй кешіп,
Ештеңенің мəңгі еместігін түсінгендей.
Аяғымызды сүйретіп басамыз,
Құдды тек қозғалыс қана тірілтердей уақытты...
Оның соңғы сапарында желден жусан жапырылып,
Құйын топырақ көтерді.
Жерледік сосын біз оны,
Естеліктерімізбен бірге зіл батпан топырақ астына...
Абзал Сүлейменнің “Желге ұшқан құстары” да – мықты.
Біз тағы, Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз,
Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.
Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы -
жел ізін салған көшеге...
Яки бір қыстың,
Яки бір күздің
салқыны кезеді,
самалы еседі,
Көп қабатты үйлерді əлдилеп.
Түс пен өңнің сірескен жібін үзуге тырысып.
Үнсіз бақылауға ғана жетеді шамамыз,
Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді...
Сосын тағы жүреміз көшеде түнекке ұмтылып,
Күн орнына күн болуға тырысқан шамдарға көңіліміз толмай,
Менің де жел болғым келді...
Еділбек Дүйсен
5. “Мұнарасын тұман қамаған мешіт”. Еділбек Дүйсен
Ғажап!
Қандай ғажап өлең жолы...
Поэтикалық қуаты зор поэзия.
Рас, “1782” деген өлеңі осылай басталады. Мұнда бір гәп бар, бір ұлы оқиғаны меңзеп тұр, қай шаһардың қақпасы алдында мүридтер дін исламның байрағын желбіретіп тұрды екен, қай мүмін ең биік үйдің төбесіне жасыл туды қадады...
Мұнарасын тұман қамаған мешіт,
Пəрəнжі киген қарындасымдай, меңді.
Бір кездердегі нəп-нəзік үміт
бүгін шыдам кейіпіне көшіп,
Үнсіздік шеңберінде өлді...
Үнсіздік шеңбері
өртенген кітаптар даусы.
Ондағы тіршілік түсіне ой болып көштік.
Құмығып тіл қатады суфлер сыбырына қарсы
Өртелген кітап ішінен өткен күн өксіп.
Жалпы, бес ақын да талантты, білімді, өрелі. Қуанарлық жайт. Бір өлеңі екінші бір өлеңіне жалғасып, сабақтасып жатады. Мысалы, Еділбектің “Ұйқысырауын” қараңыз.
Биіктікті батпырауығым жеткен жермен,
Тереңдікті құдық түбіне лақтырылған таспен өлшедім.
Құдірет туралы ашық айтудан қорықтым,
Кейін, ашық айтпаудың құдірет екенін түсіндім.
Жылап аққан қанның өзінен Оған тəн реңді іздедім.
Кейін, Құдайды қарғаған шешем дауысынан селк етіп ояндым...
Жоқ, бұл менің түсім екен деймін.
Терезе түбінде азан даусы ұйып тұр,
Иə, əлбетте!
Естімек үшін терезе ашуға ұмтыламын,
Сайтан алғыр!
Ылғи да құдайсыз кітаптарға сүрініп кетемін.
Жоқ, бұл менің түсім емес деймін...
Қорыта айтқанда, білімдар, ізденімпаз, жүйрік ақындар. Ойлары ұшқыр, сөздері терең, образдары бай. Уақыт, мәңгілік, өмір, шексіздік, тарих секілді іргелі философиялық категорияларды еркін меңгерген ірі ақындар.
Қуанамыз!
02.08.2018
Дидар АМАНТАЙ, жазушы, философ.