Кәсіпқой бокстағы Қазақстанның ең титулы көп өкілі, даңқты жерлесіміз Геннадий Головкиннің мексикалық Сауль Альварестен жеңіліп қалғаны белгілі. Отандасымыз осыған дейін уысында ұстаған WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша белбеулерінен айырылды. Қазіргі кезде Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегіне қатысты әр түрлі пікірлер айтылып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Екі боксшы тура осыдан 1 жыл бұрын алғаш рет жолыққан еді. Ол кезде кездесу тең аяқталған. Бірақ былтырғы нәтижеге Головкиннің де, Канелоның көңілі толмаған.Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру үшін қос боксшы 16 қыркүйек күні жекпе-жекке екінші рет шықты. Оның үстіне орта салмақтағы төрт бірдей чемпиондық титул сарапқа салынды: WBA, WBC, IBO және The Ring.
Бірінші жекпе-жегі несімен есте қалды?
Головкиннің стилі көпшілікке жақсы таныс. Жерлесіміз үнемі қарсыласын қысымға алып, жойқын соққысымен есеңгіретуге тырысады. Генадийдің жеңіс формуласы өте қарапайым: қарсыласты қабырғасынан қақырата ұрып құлату.
Альварес финт жасау мен қарымта шабуылдың шебері болып алған. Бірақ Мейвезердің стилінен бөлек. Канелоның Головкиннің өзге қарсыластарынан бір ерекшелігі жақсы қорғана алады. Қазақстандық оң жақ бүйірден ауыр соққы жұмсағанда, мексикалық оны күтіп алып, сол қолымен апперкот жасап үлгеріп кетіп жүрді. Мұны Геннадий жақсы түсініп, сосын алдап ұруға көшті. Яғни қарсыласының ашылғанынын күтіп, сол қолмен ұруға тырысты. Жекпе-жекте тізгінді екі боксшы алма-кезек өз қолдарына алып отырды. Бірақ Головкиннің соққыларының дәлдігі көп болғанын айта кетуіміз керек.
Төрешілердің шешімі сарапшылар мен фанаттардың тіпті Альварестің командасын өзін таңқалдырған еді: Бір төреші 118:110 есебімен жеңісті Альварестің пайдасына шешті, екіншісі күмән тудыратын нәтижені тіркеді –114:114; үшіншісі ғана адекватты шешім қабылдап, 115:113 есебімен Головкин жеңді деп хабарлады. Сөйтіп, жекпе-жек тең аяқталды. Қазақстандық боксшының бапкері Абель Санчес Канелоны қашқын деп атады.
Екінші жекпе-жек қалай өтті?
Рематчқа Аделаида Берд (118:110 есебімен Альварес жеңді деген) жіберілген жоқ. Есесіне Дейв Маротти (115:113 есебімен Головкин ұтты деген) осы жолы да қызмет етті.
Бір қызығы, алғашқы раундтан шаршы алаңның ортасын Альварес билеп төстей бастады. Головкин мұндайды күткен жоқ. Бұған дейін үнемі рингтің ортасын ешкімге бермейтін. Ақыры, мексикалық боксшыны артқа шегіндіре алмай қойды. Кәсіпқой бокстағы 12 жылдық карьерасында Головкин дәл осылай рингте артқа шегінбеген шығар.
Артқа шегінген боксшы бұрынғыдай аса қауіпті емес. Оны Канело жақсы түсінді.Сондықтан ол негізінен орта және жақын қашықтықта ұрыс салуға тырысты. Отандасымыз кездесу барысында корпустен көп соққы жіберіп алды – 46 (өзі бар жоғы 6 соққымен жауап қатты). Бұл жылдамдыққа әсер еткені сөзсіз. Дегенмен, 12 раунда созылған жекпе-жектің екінші бөлігінде кинодағы Рокки секілді қарқынын үдетіп, мексикалықты тықсырта бастады. Алайда, ең маңызды финалдық раундтарда қайтадан Сауль күш алды. 28 жастағы Альварес нағыз пысық боксшы десе болатын шығар. Канелоның төзімділігі таң қалдырады.
Головкин джеб соққыларын жұмсаудан әлі де көшбасшы екенін байқатты. Есеп – 118:59. Бірақ жойқын соққыдан қарсыласы алда болды – 116: 143.
Кездесуде бір төреші тең нәтиже тіркеп, екі төреші мексикалықты жеңіске жетті деп таныды. Есеп: 115-113, 115-113 және 114-114. Головкин 12 жылдық карьерасында алғаш рет жеңіліп, барлық титулынан айырылды. 36 жастағы қазақстандық осымен кәсіпқой бокста 40-рет шаршы алаңға көтерілді Ол бұған дейін 38-мәрте жеңіске жетіп (34 кездесуде нокаутпен жеңген), бір рет тең түскен.
Бұл кездесудің былтырғыға қарағанда тең аяқталғанын көп сарапшылар растап отыр. Бірақ мұндай тең дәреже өткен жекпе-жектерде қосымша факторлардың рөл ойнайтынын ұмытпаған жөн: жоғары дәрежедегі қысым, шаршы алаңды бақылауда ұстау,финалдық раундтарда белсенді болу. Бұл жағынан Альварес үздік болды. Екі боксшы да аянып қалған жоқ. Алайда, Канело фанаттарды ғана емес, төрешіні өз-өзіне сендіре білді.Ол жағынан Головкинде проблема бар.
Альварестің ақылдылығына, прагматикасына қол шапалақтауға болады. Мексикалық өз күшін қалай пайдалану керектігін жақсы біледі. Яғни соңында шаршап қалмау үшін күшін бөліп-бөліп жұмсады. Әрбір ұсақ-түйекке дейін мән бергені көрініп тұр.
Головкин бапкері Абель Санчестің жұлдызды сәттері арта қалғанын айтты. Бұл жекпе-жекте қазақстандық боксшы қарсыласына тактикалық тұрғыдан есе жібергені де жасырын емес.
Боксшылардың өздері не дейді?
Головкин жекпе-жектен кейін жеңілмегенін, барлық шарттары қанағаттандырып жатса, үшінші рет жолығуға әзір екенін айтты.
– Кім жеңіске жеткеніне қатысты пікір білдіруге тырыспаймын. Өйткені, төрешілер Канелоның қолын көтерді. Жекпе-жек жанкүйерлердің көңілінен шықты деп ойлаймын. Дегенмен, мен өзімді чемпионмын деп санаймын. Ол да жақсы айқасты. Бүгін екі чемпионның жекпе-жегі болды десем артық емес. Кездесу тізгінін өз қолыма ұстауға тырыстым. Боксшы болғандықтан жұмысымды әріқарай жалғастыра беремін. Егер, мүмкіндік болса үшінші рет кездессек дұрыс болар еді. Біз бұл жөнінде әлі де сөйлесеміз. Бірақ келесі жекпе-жекті Лас-Вегас емес басқа қалада өткізген дұрыс болар, – дейді Головкин.
Ал Сауль Альварес әзірге осы жеңісінен ләззат алып, аз уақыт демалатынын айтты.
– Мен іс жүзінде барлығын көрсеттім. Головкин артқа шегінді. Менің нәтижеге көңілім толды. Өйткені, өте керемет кездесу болды. Бұл енді таза жеңіс. Егер көрермендер қаласа, Головкинмен үшінші рет кездесуге дайынмын. Әзірге осы жеңісімнен ләззат алғым келеді, – дейді Канело.
Головкинге карьерасын аяқтаған дұрыс па?
Геннадий ұзақ уақыт бойы жеңіліссіз келді. Тіпті, тең нәтижесі де болмаған. Канеломен кездескен екі жекпе-жектен соң, статистикасы бұзылды. Әрине, Мохаммед Әли де, Майк Тайсон да ұтылған. Дегенмен, Головкиннің жыл өткен сайын бұрынғы қауқары таусыла бастағанын ең жақын жандарының өзі сезетін секілді. Сондықтан оған карьерасын аяқтауға кеңес беріп жатқандар жетерлік.
Мысалы, Жамбыл облысында дүниеге келген ресейлік промутер Владимир Хрюнов «Спорт-Экспресс» газетіне жазған сараптамасында осындай пікір айтқан.
– Головкин әуесқой бокста 300-ден астам кездесу өткізді. Кәсіпқойда қырыққа жеткізді. Мен оның орнында болсам, карьерасын аяқтауға кеңес берер едім. Бұл енді Головкиннің өзінің жеке мәселесі. Өйткені, алдағы уақытта бұдан да жағдайы қиындауы мүмкін. Рингте көп нәрсені көрдік. Спорттан әдемі кету де өнер. Қазіргі кезде барлығы соңғы жекпе-жегі туралы талқылап жатыр. Көбісі, төрешілердің шешімі әділетті болмағанына келіседі. Головкинге деген жанкүйерлерінің махаббаты одан сайын еселей түсті. Сондықтан дәл осындай сәтте карьерасын аяқтау ең ұтымды шешім болар еді, – дейді Владимир Хрюнов.
Ресейдің екі дүркін Олимпиада чемпионы Алексей Тищенко «championat.com» сайтына берген сұхбатында Головкинге жыл сайын оқу-жаттығу жиынын өткізіп, әрбір жекпе-жек дайындалу оңай емес екенін меңзепті. Сондықтан карьерасын аяқтауға Тищенко да кеңес берген.
– Маған бірінші жекпе-жектен кейін негізгі қорытындыны Альварес жасаған секілді көрінді. Ол қарсыласына қарағанда белсенді болды әрі көп соққы жұмсады. Арасында Головкин де шабуыл жасады. Бірақ аздау. Геннадий өте түсініксіз жағдай көп демалыс алды. Альварес функционалдық тұрғыдан жақсы дайындалған. Сондықтан жеңіске лайық болды деп ойлаймын. Бәлкім, Геннадийге үшінші рет жолығуға болатын шығар. Канелоның келісу үшін аздаған үзіліс алуы керек. Оған дейін өзге боксшылармен бір-екі жекпе өткізуіне де болады. Бәлкім, Головкинге карьерасын аяқтаған да дұрыс па деп ойлаймын. Өзінің жұлдызды шағы өткенін сезгенде тоқтай қалу қажет. Жыл бойы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, әрбір жекпе-жекке дайындалудан да шаршаған шығар. Оның бәрі физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан оңай емес. Егер, Головкин дайын болса, тағы байқап көруіне болады, – дейді Алексей Тищенко.
Головкиннің ізін кім басуы мүмкін?
Шыны керек, Қазақстан бокстан держава болса да, көбісі әуесқойдағы жетістіктерімен тоқталып қалады. Осы уақытқа дейін Олимпиада чемпионы атанған Ермахан Ибрайымов, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаевтардың ешқайсысы ол жаққа аттап басқан жоқ.
Кәсіпқой боксқа жолды Василий Жиров ашты. IBF тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақта әлем чемпионы атанды. Геннадий Головкин одан асып түсті. Нокауттары да көп. Ең бастысы, халықтың назарын аударта алды. Әрбір жекпе-жек сайын ұлттық шапанмен шығады, қазақтың туы мен әнұраны насихатталады. Головкин – көпшіліктен қолынан келмеген Қазақстанның брендін қалыптастыруда орасан зор еңбек сіңірді. Бірақ спорттың аты спорт. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Бұл заңдылық. Енді, Головкиннің жетістігін кім қайталай алуы мүмкін?
Жақында кәсіпқой боксқа түпкілікті ауысқан, әуесқой бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында мексикалық боксшыны өзім құлатамын деп жазыпты.
– Канело, сенің қуанышың ұзаққа созылмайды. Мен сені оңай жеңетін бірінші боксшы боламын. Мен саған қазақ боксының стилін көрсетемін. Мен дайынмын!, – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Әзірге Жәнібек Әлімханұлының қарқынын бағамдай алмаймыз. Өйткені, АҚШ-тағы алғашқы кездесуін 28 қыркүйек күні өткізеді. Оның қарсыласы кәсіпқой бокста 24 жекпе-жек өткізіп, 16-ын жеңген колумбиялық Карлос Галван.
Жәнібек жақында Top Rank промоутерлік компаниясымен келісім-шартқа отырған болатын. Қазақ боксшысы танымал жаттықтырушы Бадди МакГирттің қол астында дайындық үстінде. Бадди МакГирт кезінде Майк Тайсонды жаттықтырған.
Ал кезінде өзі де бокспен айналысқан, жанкүйер Серғали Балажан әлеуметтік желідегі парақшасында Головкиннің орнын Данияр Елеусінов басатына сенімді.
– Головкиннің орнын Данияр Елеусінов алмастырады! Генаға өкпе жоқ, қаншама жыл бойы орта салмақта көшбасшы болды. Енді жас келді, қартайды. Данияр діннен бас тартып, спортты таңдаса Генаның жеткен жетістіктеріне сөзсіз жетеді, – дейді ол.
Өзге қазақ боксшыларынан Мейірім Нұрсұлтанов, Батыр Жүкембаев, Әли Ахмедовтерді ерекше айта кетуге болады. Бірақ олар Головкиннің жетістігін қайталай ала ма, жоқ па оған уақыт төреші.