1 қаңтардан бастап барлық ұялы телефондар тіркелуі тиіс

8.jpg

«Абонент қызмет көрсету аясынан тыс жерде немесе оның телефоны сөндірулі». 1 қаңтардан бастап тіркелмеген телефон иесіне хабарласқан азамат осындай хабарламаны естиді. Ішкі істер министрлігі ел тұрғындарына жыл соңына дейін бейқам жүріп алмай құрылғыларын тіркеуге шақыруда. Кей азаматтар болса бұл бастаманың астарында басқа дүние жатыр деген пікірде. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.      

Телефоныңызды тіркеу үшін аз-кемі 60 күндей уақыт қалды. Қойылған талапты орындамағандарға қызмет көрсетілмейді. Ал, бұған жұрт не дейді?  

«Халық не нәрсеге болсын басқаша қарайды. Түсініспеушілік көп бұл жерде. Халықтың сенімінен кеткен ғой. Кім сенімнен кеткен? Биліктегілер деп ойлаймын».

«Халықпен санасып, халықпен ақылдасып, сауалнама жүргізіп тереңірек байыбына бару керек сияқты. Бірден шешетін бұл азын аулақ бір ортаның ғана дүниесі емес қой. Сұраған жоқ, сұраған жоқ. Сауалнама болған жоқ. Содан кейін халық бірден болған дүниені қабылдай алмай жатыр ғой».

«Осы уақытқа дейін айтылды ғой енді. Все равно следять за людьми. Мне кажется и без этого понятно что за людьми следят. Это мое мнение. Извините».

IMEI код, SIM карта, ЖСН нөмірі. Заңгер Дос Ілияшев бұл үшеуінің басын қосып қауіпсіздікті күшейтеміз деген бос әңгіме екенін айтады. Қазақстанның ІТ саласы онсыз да әлсіз еді. Енді аталған идея іске асса азаматтардың жеке ақпараттары өзгенің қолына оп-оңай өтіп кетуі мүмкін деген пікірде. 

«Халықтың әлеуметтік желідегі пікірлерін оқыңызшы. Бұл халықты қыңқ еткізбей бақылап отыру. Айтпаса да түсінікті ғой. Телефондарды тіркеу қылмыстардың ашылуын жақсартпайды. Телефоныңды жоғалтсаң қорабындағы IMEI кодты полиция барып айтсаң болды. Былай-ақ тауып береді. Тіркеудің қажеті де жоқ» - дейді заңгер Дос Ілияшев.

Бір ай бұрын үкіметте өткен жиында Премьер-министр республика бойынша жасалатын қылмыстардың 20 пайызы Алматының үлесінде деп ескерткен. Оның ішінде телефон ұрлығы да бар. Ал Нұрлан Масимов болса «бәріне кінәлі халық» деп кесіп айтқан еді.  

  «Мына көбісінде 70 пайыз ұялы телефон ұрлауын құрап отырған телефондарды қалтырып кетеді негізі. Ұрлық болмайды. Қалдырып, 1-2 күннен кейін келіп арыз жазады» - дейді қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Масимов.    

«Бүкіл халық кінәлі ғой. Телефондарын тастап кетеді өздері. Ешкім ұрлап отырған жоқ қой. Өздері ғой тастап кетіп жүрген. Цепқа байлап қалтамызға салып жүруіміз керек қой?!» - дейді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Ұрылармен күрестің ең ұтымды, ең оңтайлы жолы жаппай тіркеу. Бауыржан Байбек те, Қалмұханбет Қасымов та осы идеяны қос қолын көтеріп қолдады.

«Біз ертең компаниялармен жұмыс істеп тіркелмесе біздің телефондар біздің қала тұрғындары оны қолдана алмайды. Бірақ ол шетелге кетіп жатыр» - дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек. 

«Бұдан былай тұрғындар ұрланған телефондарды қолдана алмайды. Оны қосу үшін телефон иесінің  ЖСН нөмірі мен төлқұжатындағы мәліметтер тексеріледі. Сондықтан қолды болған смартфондар шетелше шығарылуы мүмкін. Тиісті шараларды қолға алып жатырмыз» - дейді Қр Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.   

Тіркеу ережесі шетелдік азаматтар үшін міндетті емес. Егер олар сим картасына роумингке қосып, біздің елге келсе онда нөмірлерін тіркемейді. 

«Шетелдіктер үшін сим картаны тіркеу міндетті емес. Тіркеу тек ел аумағындағы ұялы операторға ғана қажет» - дейді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.  

Шешім қабылданды. Ел тұрғындарына 2019 жылдың бірінші қаңтарына дейін уақыт беріліп отыр. Яғни, үлгермей қалғандар түнгі 12-ден кейін  жақындарына хабарласып, жаңа жылмен құттықтай алмайды деген сөз.  



Ұқсас тақырыптар