Ұлттық намысымыз құнсызданып барады

Қазақстандық телеарналардың бірі Алматыдағы Сейфуллин даңғылының бойында тұратын жалдамалы жұмыскерлермен шағын сұхбат жүргізіпті. Сондағы жігіттердің айтқаны: «Осы отырған төңіректегілердің барлығы құлмыз ғой, қысқаша айтқанда, өзіміздің жерде. Орыстар бізді жұмысқа алады. Сол кезде: «сендердің өздеріңнің жерлерің, сендер істеулерің керек, ал біз қонақпыз» деп қалжыңдап айтады. Сол ғой, міне, қандай жұмыс айтса да істейміз» деген еді. Бұдан асқан ұлттық қорлық бола ма? 

жумыссыздык.jpg

Иә, сананы тұрмыс билеген заманда, жұмыссыздықтың өршіп тұрған кезінде намыс туралы айту асқақ павос, қарапайым пендеге қатысы жоқ болмашы әңгіме сияқты болып көрінуі ықтимал. Оның үстіне, әлемдік дағдарыс биік ұжданға, әсіресе өршіл намысқа кісен, өткелі жоқ тасқауыл болып алғанға ұқсайды. Осы ретте марқұм Райымбек Сейітметовтің соңғы сұхбатында «қазіргі жастарға не жетпейді?» деген сауалымызға: «Қазіргі жастарға намыс жетпейді. Бүгінгі жастар намысқойлыққа емес, ездікке бой алдырып бара жатқандай. Көпшілігі күйбең тіршілікті ойлап ар, намыс дегенді ұмыт қалдырып бара жатқаны жақсылық емес. Намысты әрдайым жанып отыруымыз керек. Әйтпесе қазаққа кім көрінген сес көрсетуі мүмкін. Біле білсек, намысқойлықтың ар жағында Отанға деген патриоттық сезімнің ұшқыны байқалады. Себебі, ата-бабамыз бұрыннан намысқой, адамның ала жібін аттамайтын өршіл халық болған. Сондықтан мен бүгінгі жастардың бойынан намысшылдықты көргім келеді»,- деген болатын. Бүкіл зиялылар шоғырланған Алматыны тастап, өзінің туған жеріне барып, театр ашып, туған топырағын рухани байлыққа бөлеген Р.Сейітмет Түркістанидің бұл уәжіне ешкім қарсы шыға алмас. Себебі, ерліктің табиғи болмысы намыстан туындайды. Яғни ерліктің өлшемі намыс, адамды қуаттандыратын күш — намысқойлық! Биік намыстың іргесі бала жастан қаланатыны рас, бірақ аса қорқынышты әлеуметтік дерт — жұмыссыздық намыссыздықты тудыратынын да еріксіз мойындайды екенсің. 

Қазір жұмыссыздар саны елімізде күрт көбейді. Бейресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1 миллионға жуық жұмыссыздар бар екен. Оның үстіне, бірқатар әлеуметтік зерттеулер бойынша ауыл тұрғындарының 60 пайызы өздерін кедей өмір сүретіндер қатарына жатқызатыны анықталды. Ал жауапты органның мәліметі бойынша, қазіргі кезде елімізде ірі деген 642 кәсіпорынның қызметі тоқтаған. Жұмыссыз қалу мүмкіндігі басым салалардың ендігі кезегі: энергетика, газ, су, құрылыс, транспорт және сауда саласы болмақ. Айта кету керек, бұл салаларда республика бойынша 3 миллиондай адам қызмет етеді. Сонда жұмысыздар саны әлі көбеймек, демек, намысымыз да осыншалықты тапталмақ па?  

Қазір көпшілік тоғышарлыққа бой алдырып, қарын қамын ойлап, ұлттық басты мақсат-мүдделерді ұмыта бастады. Алаш жұртының тағдыры, болашағы таразыға түскенде жігерсіздік танытып, «менің шатағым не?» деп жалтақтық көрсетуі осыдан туындаған қасірет. Оның үстіне, қазір 67,4 пайыз қазақ болдық деп бөркімізді аспанға аттық. Үкіметіміз қазақша сөйледі дейміз, алайда кейбір намыссыз шенеуніктер мұны ескермей, баяндамаларын әлі де ресми айтып жүр. Қазір екі миллионға жуық қазақ өз тілін шала біледі делінсе, яғни ортамызда 2 миллион намыссыз жүр деген сөз.

Заңы да, қоғамы да қатал Америкаға оқуға кеткен таныс апайымыздың қызы мен күйеу баласы сол елде сәбилі болмақ. Әрине, сәбилі болғанға не жетсін, бірақ ол бала енді қалай тәрбие алмақ, болашағы қалай болады? Міне, елдегі ата-ананың бар ойы — осы. Ал оны ұғып отырған жастар жоқ, «біз осында қаламыз» деп отыр. Ертеңгі ата-ана борышын олар қалай өтемек сонда? Міне, намыссыздық деген қайда жатыр. Жылына бюджеттен қомақты қаржы шығарып, дамыған елдерге білімін жетілдіруге аттандырылатын осындай жүздеген жастарымыздың отанымызға оралмай, сол жақта қалып кетуі — сол жастардың намыссыздығы емей немене, бұл үміт артқан ұлтының бетіне түкіру емес пе? Мұны жеке адамның, тіпті ұлттың намысына қатысты жәйт деп қана емес, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін рухани кесел деу керек шығар. 

Ұлттық намыстың құнсызданғаны соншалық, «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз де біржола назардан тыс қалып бара жатыр. Жұмыссыздық сынды әлеуметтік дерттің, ұлттық намыссыздығымыздың артқандығынан қазір жүздеген қара көз қыздарымызды көшелерде, мейманханала, ойынханаларда жезөкшелікпен шұғылданып, мұны күн көрістің, табыстың қасиетсіз көрінісіне айналдырғаны жақсылық емес. Он екіден бір гүлі ашылмай жатып, ыңқыл-сыңқылға бой алдырған қыздардың бұл әрекеті — еш ақтауға жатпайтын тым өрескел іс... 

Оның есесіне бізге қатыссыз әлемдік проблемаларды талқылаған жиындар, жүздеген адамдар шақырылған халықаралық конференцияларды көптеп өткізу сәнге айналды. Ешкімге түсініксіз «Евразиялық форумдардың» бүге-шүгесін ақтару, жаһандық дағдарысты сапыру кімге қажет? Әйтеуір, биік мінберлерден қызыл сөздер бұрқақша атқылауда. Апырай, осынша сөзге бола қаншама қаржы желге ұшырылды. Бәлкім тым құрығанда, сол қаржыға жеңіл жүріске түскен қыздардың ауыр тағдырына араша түсуге болар еді-ау...

Мұндай тізімді ұзақ жасай беруге болады. Алайда, шынында да намысшыл адам ғана ұлтжанды бола алатыны сөзсіз. Осы тұста Мұхтар Әуезовтың «Ұлттық намысқа негізделмеген тәрбие — нәтижесіз харекет» деуінде үлкен мән жатыр. Бір сөзбен айтқанда, азаматтық өршілдікті қалыптастыратын бірегей намысшылдық қазіргі уақытта аса қажет-ақ.

Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:

– Қазіргі кезде тек жастар емес, халықтың да рухы солғын тартып бара ма деп қауіптенемін. Марқұм Райымбек Сейітметовтың соңғы жазған күнделіктерін қарап отырсам, рух, намыс, тек, халықтың бойындағы оттылық туралы әңгімелері көп жазған екен. Ол кісі үлкен аудиторияларда дәріс оқыған, жастармен көп араласқан тұлға. Оның бүкіл әңгімелеріндегі негізгі ой қазіргі жастардың дүние-мүлікке құмартып, ақшаның соңынан қуып, сол қаржысы көп болатын мамандықтарды төңіректейтінін көтерген. Негізі мың құбылатындардан гөрі, өзінің жеке позициясында мығым отыратын жігіттерді мен өз басым қатты сыйлаймын. Бірақ базарда арба сүйреп, вокзалда жүк таситын, Сейфуллин көшесінде жұмыс сұрап отырған, Жетім бұрыштан пәтер іздеп тентіреп жүрген қазақ жастарында қандай рух болуы мүмкін? Олардың рухын қара жұмыс езіп тастаған. Ертеңгі армандар, аңсаулар, қазақ елін ерлікке, елдікке, бастайтын сара жолдар туралы романтикалық, пафостық қиялдар олардың ойына кіріп-шығу екіталай секілді. Өйткені, барлығының ойы қалай күн көремін, табыс қалай табамын деп жүреді. Ертеңгі өмірінің жақсы болатынына олар сенбейді. Оның үстіне адамдар да күннен-күнге қатқылданып, мейірімсізденіп бара жатыр. Әрі беріден соң, қазақ халқының болашағын ойлауға жағдай жасап отырмыз ба? Қоғамдық қысым, пәтер іздетіп, ұйғырдың, не болмаса орыстың босағасында телмірту, қалада тұрақты тіркеуде болмау — осының барлығы рухты езіп, намысты сөндіреді. Сондықтан әрбір отбасы өздерінің ұл-қыздарына бала кезден осы мәселені құлағына құйып отыруы қажет. Мектепте үйренеді, университетте жөнделеді дегендердің барлығы бос әурешілік. Бала кішкентай кезінде барлық нәрсені тез қабылдайды. Кейін түзеймін деп жүріп оның бойынан еніп кеткен жағымсыз қылықтарды шығара алмай қаласың. Сондықтан баланы бесіктен деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Бала кішкентай кезінде «губка» секілді. Тез қабылдап алады барлығын. Кейін түзеймін деп, оның бойынан жағымсыз қылықтарды шығара алмайсың.

Серік АНАРБАЙҰЛЫ



Ұқсас тақырыптар