Шымкентте бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы биіктігі 210 метрлік мұржа-мұнара құлатылды. Алып мұржаны құлату процессі бір аптаға созылды. Арнайы техника күнұзаққа мұржаның етегін айналдыра тескіледі. 22 қараша күні кешкісін мұржа-мұнараның құлатылған видеосы таралды.
Өткен ғасырдың 30-жылдары салынған мұржа-мұнараның арасына қалың сымтемір (арматура) өріліп, іші-сырты бетондалған. Бірақ қараусыз қалған зауыт аумағынан металл жинап сататын темір жинаушылар мұржа-мұнараның етегін бір шетінен кертіп, ішіндегі сымтемірлерін алған.
Міне, осыдан кейін өткен мамырда мұржа-мұнараның құлау қаупі бары анықталып, Шымкент қаласы әкімдігі нысанды құлатуға шешім қабылдады.
Маусым айында қала әкімдігі тарапынан осы мұржа-мұнараны құлатуға арналған мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияланды. Бірақ, конкурсқа қатысуға өтінім берушілердің саны біреуден аспағандықтан себепті конкурс өтпеді.
Содан кейін зауыт қожайындары мұржа-мұнараны құлату үшін арнайы компания қызметіне жүгінді. Алты күн бұрын мұржа-мұнараны механикалық тәсілмен, яғни арнайы техника көмегімен тескіле басталып, құлатылды.
Еске салсақ, Шымкенттегі қорғасын зауыты 1932 жылы ашылып, аймақтың кеніштерінен тасымалданған қорытпалардан қорғасын өндірді. 1941-45 жылдардағы соғыс кезінде майданға жөнелтілген 10 қорғасын оқтың тоғызы осы зауытта өндірілді.Одақ ыдыраған тұста зауыт жұмысы тоқтап, жекенің иелегіне өтті.
BAQ.KZ