Мамандар: 10 жылдан кейін еліміздің экономикасын ауыр соққы күтіп тұр

2.jpg

Мұнайдан келер табыс екі есе азайып, сыртқы қарыз көбейеді. Мұндай қорқынышты болжамды Еуропаның қайта құру және даму банкі жасап отыр. Зерттеу жүргізген мамандар тығырықтан шығар жолды да ұсынған. Алайда отандық мамандар ол туралы Еуропасыз-ақ өзіміз де айтып келе жатырмыз деп налиды. Болжам неге негізделіп жасалғанын және сарапшылар не ұсынып отыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

20-шы ғасырдың басында Голландия экономикасы аса қарқынды дамыған мемлекеттердің қатарында болған. Бірақ, Солтүстік теңізде табылған мұнай көзі барлығын бірдемде өзгертті. Бар назарын қара алтынға бұрған мемлекет өзге салалар бойынша күрт құлдырай түсті. Әлі күнге дейін ес жия алмай келе жатыр екен. Дәл осы экономистер тілімен айтқанда «Голланд синдромы» біздің елде де болуы мүмкін. Бұл туралы болжамды Еуропаның қайта құру және даму банкі жасап отыр.

“Біз де сол Голландияның ізін басып келе жатырмыз. ЕБРР-дің болжамы мүмкін он жылдан кейін болып қалар, мүмкін бес жылдан кейін болып қалар.  Бәрібір болады» - дейді экономика ғылымдарының докторы Мейрам Қажыкен. 

Отандық экономистер бұл мәселені 15 жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтуда. Бірақ, оны пысқырғандар шамалы дейді. Экономиканы әртараптандыру үшін жұмыс басталады, бірақ қара алтыннан келген табыс бар стимулды жояды екен. Сондықтан Норвегия тәжірибесі бойынша экономика моделін түбегейлі өзгерту керек дейді.

“Біз түскен ақшаны біразын алып қаламыз, жартысынан көбісін қолданамыз жыл сайын. Азайтамыз деп айтамыз, бірақ азайтып жатқан жоқ. Триллиондаған теңге банктерді біз қорғаймыз, құрылысқа жұмсап отырмыз. Басқа-басқа шараларға жұмсап отырмыз. Бірақ өндіріске жұмсалмай отыр. Сол бір қателік» - дейді экономика ғылымдарының докторы Мейрам Қажыкен. 

Ашылған өндіріс ошақтары тек мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырумен шектеледі екен. Онысы таусылса, не істерін білмейтін кәсіпкерлер де бар көрінеді. Оның үстіне ішкі нарықты емес, сыртқа шығуды басым бағыт деп қарастыру қате, - дейді сарапшылар. 

“Дербестендіру деген ұран күйінде қалып жатыр экономиканың, бірақ іс жүзінде іске аспай жатыр. Біздің нарық кішкентай, біздің нарық тар дейміз. 18 млн халық деп. Бірақ 18 млн халықты тойдырып алайықшы бірінші. Соны тойдыратындай экономика жасап алсақ, ар жағында сыртты да ойлар едік. Жоқ бізде бірден амбиция деген» - дейді мұнай-газ саласына қызмет көрсету компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.

Тек мұнай айналасында еңбек ететін компаниялар бір жылдың ішінде мемлекетке 1 млрд доллар салық төлеген. Салалық одақ төрағасы келтірген дерек бұл. Оың айтуынша, мұнайдан келер табысты екі-үш есе орап алатын салалар бар. Бірақ, маужырап қалған кәсіпкерлер мен үкімет басындағылар тұрақты табыс бар болған соң, артық қимыл жасағысы келмейтін қалыпқа түскен деп отыр.

«Біздің бизнеске екінші бір серпіліс керек сияқты. Серпіліс қиын-қыстау заманда болады. Мүмкін бизнес кішкене жалқауланып қалған шығар. Тұрақты, пайданың бір ыңғайы келіп тұрған, әлгі ұзақ жолда келе жатқанда көліктиің ішінде отырып бір 110-мен жүре берсеңіз шамалыдан кейін ұйқыңыз келіп, маужырап қалған жағдай бар сияқты осындай тұрақтылықтан» - дейді мұнай-газ саласына қызмет көрсету компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.

 Мұнайдан келер табыс неліктен төмендейді дейсіз ғой. Әлемде қазір жасыл экономикаға бетбұрыс байқалуда. Оған ілесе алмағандар келешекте әлемдік сауда жүргізу хақынан айырылады. Бұл өзгеріс біздің елде де қолға алынып жатқан жайы бар. 

“Бізде жасыл экономикаға өту туралы концепция, жоспар қабылданған. Бірақ , қаржылай қолдау жоқ. Әзірленіп жатқан Экологиялық кодекс жоспары аясында осы олқылықты жою жолдарын қарастыру көзделген. Бізде келешегінен зор үміт күттіретін бағыттар өте көп. Соған қажетті назар аударылса, жақсы болар еді» - дейді ҚР Президенті жанындағы Жасыл экономикаға өту жөніндегі кеңес мүшесі Салтанат Рахымбекова.

Биыл өндірілген энергияның 1,4 пайызы баламалы көздерден алынған екен. 50 пайыздық үлес жоспар бойынша тек 30 жылдан кейін болады. Еуропалық банк болжамы расымен орындалса, 2028 жылы біз мұнай емес, енді кремнийдің шикізат экспортері болып қалмаймыз ба деген сұрақ туындайды.



Ұқсас тақырыптар