АҚШ-тың көлік жүргізушілері Hyundai мен Kia автоөндірушілерін сотқа берді. Арызданушылар ақау салдарынан оңтүстіккореялық автокөлік қозғалтқыштарының өздігінен жанып кету қаупі бар дейді.
Бұл оқиға Лос-Анджелес қаласында болып жатыр. Аталған ақау 2011-2018 жылдары шыққан автомобиль модельдерінен анықталған. Көлік иелері мотор бөлігінде өздігінен өрт шығу себебі зауыттағы ақау болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Бұл ақау бұлғақтардың мойынтіректері сияқты қозғалтқыштың қозғалмалы бөліктеріне майдың түсуін шектейді немесе мүмкіндік бермейді. Бұл осылайша детальдарды мерзімінен бұрын тоздырады.
Арызданушылардың пікірінше, мойынтіректердің дұрыс майланбауы бұлғақтарды сындырады. Ал олар бүлініп, қозғалтқышты теседі. Осылайша, сұйықтық ағып, өрт шығады, деп хабарлады motor1.com.
Автокөлік иелері осындай оқиғалар орын алған дейді. Машина қожайындары сотқа талап-арыз бергенге дейін NHTSA (АҚШ-тың көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігіне) 350 шағым түсірген екен. Өз кезегінде аталған ведомство Hyundai мен Kia-дан шағымдарға жауап беруді өтінген. Дегенмен, автоөндірушілер ештеңе түсіндірмеген.
Басылымның мәліметінше, бұл ақаулар Hyundai Sonata, Hyundai Santa Fe мен Santa Fe Sport, Kia Optima, Kia Sorento, Kia Soul және Kia Sportage автокөлік маркаларында анықталған.