2018 жылдың 14-15 желтоқсаны күндері Астана қаласында Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған қазақ халқының көне ұлт аспаптарының бірінші Халықаралық «Ubuntu» және «Capolavoro di dombra 2018» атты фестивалі өткізілді.
Фестивальге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия елдерінің өнерпаздары және еліміздің жетекші музыка мен өнер мектептері, консерватория студенттері бақтарын сынады.
Екі күнге созылған халықаралық байқауда подполковник М.Махантаев, Сәуле Агибаева, Элмира Қарсыбаева жетекшілік ететін Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттарынан құрылған «Өрлеу» ансамблімен «Жас қыран» вокалдық топтары өнер көрсетіп, бас бәйгені қанжығаға байлап, институтымыздың мерейін асырды.
Нақтысын айтатын болсақ, «Capolavoro di dombra 2018» фестивалі байқауында «Өрлеу» ансамблі 1 орынды жеңіп алса, «Ubuntu» байқауында «Жас қыран» вокалдық тобы Гран-при иегері атанып, қомақты қаржылай жүлдені ұтып алды.
Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары бұған дейін де, жыл сайын өткізілетін Республикалық «Жас ұлан» әскери әндер фестивалі, осы деңгейдегі халықаралық байқауларда бірнеше дүркін жеңімпаз атанған болатын. Өмірде де әскери өнермен қатар музыка өнерін қатар меңгеріп жүрген курсанттар, болашақта Қазақстан Армиясының офицерлер корпусынан ойып тұрып орын алары сөзсіз.
РЭжБӘИИ баспасөз қызметі
Ербол Алибаев