Алматыда туған баласын аяусыз ұрып, кілемге орап, ағаш түбіне тастап кетті деп айыпталған ер адамның ісі сотқа жетті. Онда алты бірдей куәгер көрген-білгенін айтады екен. Алты томнан тұратын қылмыстық іс екі бап бойынша қаралып жатыр. Ал, Мұрат Асқароғлының туған-туыстары оның мұндай сұмдықты жасағанына мүлдем сенгілері келмейді. Басына тас тиген алты жастағы бүлдіршін сол күннен бері әлі әкесін іздеуде дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Тал түбінен кілемге ораулы күйі табылған алты жасар Мұхаммедтің оқиғасы шілде айынан бері бүкіл елді дүрліктіріп келеді. Әуелі қара көлік соғып, баланы тастап қашып кетті деген болжам айтылып еді. Артынша полицейлер бар айғақты таптық, әкесі баласын басынан таспен ұрып, өзі жұмысқа кетіп қалған дейді. Сөйтіп, желі шулап, жұрт назарына іліккен соң қылмысын жасырған көрінеді. Тіпті, Мұрат Асқароғлынан алынған жауапты желіге жүктеген болатын.
«Я говорю, успакойся, хватит говорю. Сейчас пойдём туда на тенёк. Так получилось, ударил. Шайтан чтоли? Как вот нанёс вот. Блин. В висок попал. Ещё так точно. Я готов понести наказание. Моему поступку нет пощады» - деген болатын күдікті Мұрат Асқароғлы.
Бірақ, сол күні мас болдым, аяғыма оратыла берген соң туған баламды таспен ұрдым деген Мұрат Асқароғлының бірде бір сөзіне туғандары сенбей отыр. Тіпті, бес айдан бері түрмеде жатқан әкесін Мұхаммедтің өзі іздейді дейді.
«Балам әр күні әкесін сұраған сайын менің жүрегім езіледі. Мұраттың еш кінәсі жоқ. Оны босатсын. Егер әкесі жәбір көрсетсе, Мұхаммед осылай іздеуші ма еді?» - дейді Мұхамедтің анасы Азиза Асқароғлы.
«Мен түрмеге кездесуге барғанымда «бұны сен істедің бе?» деп сұрадым. Ол дірілдеп тұрып, мама мен емес деп қайталады. Ол сол күні сұрақ-жауаптан шыққан кезде-ақ көздері ісіп, бірдеңеден қорқып тұрды. Ол видеоны қалай бірден желіге жүктегенін де мен білмеймін» - дейді Мұхамедтің әжесі Бағдагүл Асқароғлы.
Туғандары түгілі кішкентай баланың құқығын қорғаушы адвокаты да әкесінің жәбір көрсеткенін жоққа шығарып бағуда. Өйткені, психолог мамандары Мұхамедпен тілдескенінде оның отбасында ешқандай қысым көрмегенін мәлімдепті. Тіпті, заңгер тергеудің өзі тербеліп тұрғанын айтады.
«Айыптаудың бәрі Мұрат Асқароғлының ең алғашқы сөзімен түзілген. Бірақ, одан кейін ол оны мойындамады. Оның жанында не туыстары, не әйелі болмаған. Тек мемлекеттік қорғаушы болды. Психологиялық қысым көрсетілгені көрініп тұр» - дейді адвокат Марсель Бабашев.
Қазір бес айдан бері абақтыда жатқан Мұрат Асқароғлының қылмыстық ісі сотқа жіберілді. Ол алты томнан тұрады. Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлімі, 99-бабының 2-бөлімі бойынша айыпталып жатыр.
«Іс бойынша бір жәбірленуші, тағы алты куәгер бар. Алты томнан тұрады. Алдын ала тыңдалым болатын күні әлі белгісіз» - дейді қалалық соттың баспасөз хатшысы Дияс Махамбетов.
Егер Мұрат Асқароғлының қылмысы дәлелденсе, онда ол кемі 15 немесе 20 жылға сотталуы мүмкін. Ал, алты жасар Мұхаммед сол күнгі соққыдан соң енді-енді оңалып келед екен. Оны, қаңтар айында тағы бір ота күтіп тұр.