Қазақстан Ұлттық Банкі банктік қоғамдастықпен бірлесе отырып, қаржылық қызметтерді цифрландыру бойынша бірқатар жаңа бастамаларды іске асыруда. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Жанат Құрманов «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технологиялық паркі алаңында сөйлеген сөзінде айтып берді.
Мәселен, оның айтуы бойынша, келесі жылдың басында өнеркәсіптік пайдалануға түрлі банктердің клиенттері арасында мобильді телефон нөмірі бойынша мезеттік режимде онлайн-төлемдерді жүргізуге арналған Мезеттік төлемдер жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.
Осы жергілікті төлем жүйесі 2018 жылғы қыркүйекте әзірленгенін еске саламыз.
«Бұл – банкаралық технологиялық платформа, ол банкішілік төлемдер сияқты қарапайым, мезеттік режимде төлемдерді өзара жүргізуге мүмкіндік береді. Пайдаланушылар үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету және банкаралық кедергілерді жою аталған жүйенің мақсаты болып табылады», - деді Ж.Құрманов.
Сондай-ақ 2019 жылы реттеуші онлайн-сақтандыру жүргізуді жоспарлап отыр, - деді Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының орынбасары. Оның айтуынша, аталған жобаны енгізу сақтандыру қызметтерінің құнын төмендетуге, сондай-ақ сақтандыру компаниясының кеңсесі немесе агенті жоқ шалғай аймақтардың тұрғындары үшін сақтандыру қызметтерінің географиялық қолжетімділігін арттыруға алып келеді.
«Онлайн-сақтандыру қағазбен ресімделетін сақтандыру полисінің толық күшін жоюды болжайды. Халық міндетті сақтандыру шарттарын делдалдардың қатысуынсыз сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы электрондық нысанда жасай алады», - деп атап өтті Ж. Құрманов.
Сонымен қатар ол қаржылық қызметтердің клиенттерін қашықтан сәйкестендіру бойынша пилоттық жобаны олардың биометрикалық өлшемдері арқылы іске қосу 2019 жылғы 1-тоқсанға жоспарланғанын айтып берді.
«Клиентті қашықтан сәйкестендірудің осы тетігін енгізу азаматтарға, оның ішінде алыс өңірлерде тұратын азаматтарға географиялық орналасуына байланысты емес кез келген жабдықты - смартфондарды, планшеттерді, компьютерлерді пайдалана отырып, қашықтан алу тәсілімен қаржылық қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Бұл шешім банктік шот, төлем карточкасын ашу, кредитті Интернет арқылы алу сияқты қажетті қаржылық қызметтерді қашықтан алу үшін қажет», - деп түсіндірді Ж. Құрманов.